Заң-заман 0 пікір 2467 лайк

Балалар үйі немесе патронаттық тәрбие: қайсысы қолайлы?

Қараша 10 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ жетімін жылатпаған ел. Жылатқанды айтасыз, жаралы жүректің қасіретін жеңілдетемін деп асыраушысынан айрылғандарды қанатының астына алып, жетімді жетілдіруді қасиетті парыз санаған. Өз жетімі түгілі кешегі соғыс жылдарында Қазақстанға депортацияланып келген кейбір жұрттың жетімдерін де бауырына басқан ата-апаларды көргендер әлі де аз емес. Алайда, соңғы жарты ғасырда бұл тақырып біздің қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айнала бастады. Жер-жерде балалар үйі деген «баспаналардың» бой көтеруі жақсылықтың нышаны емес екендігі айтпаса да түсінікті.

 

Әдетте, біздің түсінігімізде, балалар үйін тек тұл жетімдер мен тастанды балалар мекендейтіндей. Жоқ, онда күн кешіп жатқандардың жас мөлшерлері бір-біріне қарайлас болса да, тағдырлары сан қилы.

Төрт жасар Ақырыс та анасының барында алаңсыз тұғын. Туабітті сал ауруына шалдыққан бұған анасы ерекше еміренуші еді. «Балам аяғынан тұрып кетсе екен» деген тілектің үстінде жүріп шарламаған жері, қақпаған есігі қалмады. Сөйтіп жүріп өзінің де талқаны таусылып бара жатқанын анғармай қалған сияқты. Осылайша кішкентай Ақырыс бір күнде аялы алақаннан, мейірімді жүректен көз жазып қалды. Бұдан үлкен төрт перзенті бар жалғызбасты әке науқас перзентін бауырына қысып бізге, редакцияға келіпті. «Ұлымды балалар үйіне өткізуге көмектессеңіздер» дейді қамкөңіл әке. Өксік кептелген көмейден шыққан сөзді естудің өзі ауыр. Енді қайтсін? Қырықтың о жақ, бұ жағындағы ер-азамат анасыз қалған шиеттей сәбилерді қалай ептесін?! Біреумен бас құрар-ау, бірақ, ол науқас баланың жағдайын жасай қояды ма?.. Шарасыз әкеге қолдан келгенше көмектескіміз келді.

Баланы балалар үйіне өткізудің тәртібін Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық бөлімінің басшысы Нұржан Асанов түсіндіріп берді. Маманның айтуынша, асыраушысынан айрылған баланы алдымен жергілікті білім бөлімі тіркеуге алады. Одан кейін ол балалардың тағдыры жергілікті әкімшілік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісінде қаралады. Егер баланы асырап алу туралы ешкімнен өтініш түспесе немесе асырап алушының жағдайы заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, комиссия баланы балалар үйіне жіберу туралы шешім қабылдайды.

Әрине, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында қайғы-мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер Үкімет қамқорлығында болғаны жақсы. «Балалар үйінен» қанат қаққандар қоғам назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Бірақ, Үкімет қанша жерден қайырымды болғанымен, баланың үйде, бауырмалдықты сезініп, отбасылық өмірді көріп өскені жақсы емес пе?! Осынау проблеманы реттеудің бір жолы – патронаттық тәрбие. Патронаттық тәрбиенің жетімдіктің алдын алуға, баланың үлкендермен, айналасындағы адамдармен тұрақты түрде қарым-қатынас жасап отыруына және психикасының дұрыс дамуына әсері мол. Жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббатын сыйлаған жандар айналамызда аз емес.

Бірақ, баланы қамқорлығына алған жандардың бәрі бірдей оларға қорған болып жүр ме? Бұлай сұрақ қоюымыздың себебі бар. Жуырда редакцияға Шардара ауданының тұрғыны хабарласты. Өз есімін жарияламауды өтінген ол көрші тұратын 11 жасар Е.Қ.-ның жағдайына алаңдайтынын жеткізді. Бала соңғы үш жылдан бері нағашы ата-апасының қолында тәрбиеленіп жатыр. Балаға араша сұраған оқырманның айтуынша, жеткіншекке сол үйдегі жасы үлкен балалар әлімжеттік көрсететін көрінеді. Тіпті Е.Қ. бір түн жоғалып та кетіпті. Бұл оқиға Шардара аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелген. Түнгі уақытта көше кезген бала кезіккендерге жөнін айтпай, бағып жүрген жылқысынан көз жазып қалғанын сылтауратыпты. Осы жағдайлардан хабардар болған аудандық «Нұр Отан» партиясы Шардара аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға Е.Қ.-ны балалар үйіне өткізу туралы ұсыныс беріпті. Комиссия бұл ұсынысты қолдағанымен, аудандық соттың шешіміне сәйкес шешім қайта өзгерген. Сонымен, бала қайтадан нағашы атасының қамқорлығында қалдырылған. Шардара аудандық білім бөліміндегі патронаттық тәрбиеге жауапты мамандар Е.Қ.-ның сабақ үлгерімі орташа, тәртіпті оқушы екенін айтады. Жетімді жаутаңдатпау заңнан гөрі әуелі адам руханиятының кемелдігімен өлшенсе керек. Ал, адамның рухани кемелдікке жетуі деген мәселе таңды таңға ұрып айтатын әңгіме...

Дегенмен, жоғарыда келтірілген екі мысалға қарап-ақ ой түйгеніміз абзал. Сонымен, жеткіншек балалар үйінде жетілгені жөн бе, әлде туысының қолында тәрбиеленгені дұрыс па? Ой қосыңыз, оқырман!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ