Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Елбасыға ұнаған кооператив

Қараша 10 / 2018

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

2008 жылдың мәуелі күзі еді. Мақтаарал ауданына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы іссапармен келді. Бұл қыркүйек айының 10-ы күні болатын. Аудан басшылығы мақта шаруашылығымен таныстыру үшін «Кетебай» өндірістік кооперативін қолайлы көріпті. Расында, сол жылы аталған шаруашылықта мақта шығымы айтарлықтай жоғары еді. Бұрынғы табыстары да қомақты болатын. Мақталықты аралап көрген ел Президенті мұндағылардың еңбекқорлығына, ауызбіршіліктеріне, іскерліктеріне риза болды. Мақталық басында еңбекшілермен ескерткіш суретке түсті.

 

Осы сапарда Елбасы облыс мақташыларымен кездесу өткізді. Мақта кластерін құру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы ауданға мақта зауытын салдырып бергізетіндігін жеткізді. Айтқандай-ақ келесі жылы Мақтааралда қуаттылығы жоғары мақта зауыты пайдалануға берілді. Шаруалар өнімдерін жоғары бағада өткізіп, мақта егістіктері жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етіле бастады.

Еңбектеріне Елбасының өзі риза болған «Кетебай» өндірістік кооперативі, оның төрағасы жайлы айтпай кету ендігі жерде қисынсыз да сияқты. Сәду Бекенов (суретте) еңбек жолын «Красная Звезда» кеңшарында аға агроном болып бастады. Мұнан соң бас агроном, бөлімше меңгерушісі сияқты жолдардан өтті. 1996 жылы кеңшарлар тарап, жекешелендіру басталды. Міне, осы уақытта «Қарақай» кеңшарының № 5 бөлімшесі негізінде 1125 гектар суармалы жер және мүліктік үлестерімен 500 шаруа қожалығы «Кетебай» өндірістік кооперативіне топтасты.

Кооперативтің алғашқы жылдары тасы өрге домалап жүре берді дей алмаймыз. Шаруаларға айлық жалақы тауып берудің өзі қиын кезеңдер бастан өтті. Дегенмен, олар қиындықтардың барлығын еңсере білді. Кооператив төрағасы қайтсем тығырықтан шығамын деп күні-түні ұйықтамады. Кооператив мүшелеріне қосымша жұмыс көзін ашу үшін Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып тұқым шаруашылығын құрды. Мақтаның асыл тұқымды сортын шығаратын бұл цех бүгінде кішігірім зауыт сияқты. Мұнда жылына 300 тоннаға дейін шит дайындалады. Оны ауданнан тыс жердегі мақташылар да сатып алады.

Бүгінде шаруашылықтың машина-трактор шеберханасы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бірнеше «Джон Дир» комбайны, жүк көліктері, тіркемелі тракторлар, басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жыл мезгіліне байланысты науқанды жұмыстардың бел ортасында жүреді.

Мақташылар 2011 жылдан мақтаны тамшылатып суарып келеді. Бұдан басқа да жаңа технололияларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде жыл сайын мақталықтың әр гектарынан 29-30 центнерден өнім алып келеді.

Өндірістік кооперативте бүгінде 300-ден астам еңбекші жұмыс істейді. Оларға кооператив басшысы айлық жалақыларын уақтылы берумен қатар көптеген қолайлы жағдайлар жасап қойған. Облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты Сәду Бекенов №24 сайлау округінің тұрғындары мен ауданға қарасты елді мекендерде шешімін таппай келген көптеген мәселелердің түйінін тарқатып, жерлестерінің алғысына бөленіп келеді.

Сәкең қайырымдылық іс-шаралардың да белсенді қолдаушысы. Мәселен, жомарт жүректі жан былтырғы наурыз айында «Кедергісіз болашақ» жобасы аясында аудандағы мүмкіндігі шектеулі бірқатар азаматқа қаржылай көмек қолын созды. «Әлеуетті қолдау – әлеуметті қолдау» жобасы бойынша әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған отбасыларға азық-түлік таратты. Оның мұндай қайырымдылық шаралары көп. Бірақ, Сәду Бекенов оның ешбірін айтпайды. Еңбек адамының жан сарайы, көңіл дарқандығы, парасат-пайымы, түйсік-сезімі оны үнемі жақсылықтарға, ізгіліктерге жетелейді. Бұл сара жол ешкімді де адастырмақ емес.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Сәду Бекенов республикалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз–2008» номинациясының алтын медаль иегері. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері. Бұдан бөлек медальдары мен құрмет грамоталары бір төбе.

Ел болашағын өз мүддесінен биік қоятын Сәду Бекеновтей абзал азаматтар арамызда аз емес. Ендігі мәселе біздің замандастарымыздың осындай жандардан үлгі алуында!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ