«АСТАНА ХАБ» таланттардың жаңа буынын тәрбиелейді

Қараша 08 / 2018

 

Елбасы «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ресми ашылу рәсіміне қатысты.Мемлекет басшысы іс-шара басталар алдында қазақстандық стартап-компаниялардың жобаларымен танысып, ғылыми-зерттеу зертханаларын аралап көрді, сондай-ақ ІT-университеттің алдағы жұмысы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жөніндегі баяндамаларды тыңдады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты ашылу рәсіміндегі құттықтау сөзінде «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркін ресми түрде іске қосу шарасына қатысушыларға ризашылық білдірді.

– Сіздермен қонақжай әрі жас елордамыз – Астанада жүздескеніме қуаныштымын. Ашылу рәсіміне қатысып отырған Эстония Премьер-министрі Юри Ратас мырзаға және шетелдік қонақтардың бәріне алғыс білдіремін. Бұл шара төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстан үшін өзекті болып саналады, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін айта келе, осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге арнайы тоқталды.

– Қазақстан – ТМД-да мемлекеттік қызмет көрсету ісін электронды форматқа көшіруді бірінші болып бастаған елдердің бірі. Былтыр Қазақстанның үшінші жаңғыруына қадам бастық. Нақты жетістіктеріміз де бар, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі қазіргі инновациялық экожүйенің өзегіне айналуға тиіс екенін айтты.

– Технопарктің жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза және еңбек режимдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ІТ-технологияларды дамытуға тартылған дарынды жастарды қолдау қажеттігіне назар аударып, барша жұртты инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ