Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2459 лайк

Жаңа жылдан бастап көтеріңкі жалақы...

Қараша 08 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жуырда халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Үкіметке қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есеге көтеруді тапсырды.

 

Осы бағытта өңіріміздегі бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер өз қызметкерлерінің қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында бұл тапсырманы орындауға құмбыл кірісіп кетті. Бүгінде облысымыздағы 90-ға жуық мекеме Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, жұмысшыларының жалақысын 30 пайыздан 60 пайызға дейін көбейткелі отыр. Осылайша өңіріміздегі 3176 адамның айлық жалақысы көтерілмек. Мәселен, «Нұр Строй» ЖШС 25 жұмысшысының жалақысын 40 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін көтерсе, 35 мың теңгені қанағат тұтып жүрген «Жасыл Кентау» ЖШС-нің 40 жұмысшысы енді ай сайын 50 мың теңгеден жалақы алатын болады. Ал, 68500 теңге көлемінде жалақы алып жүрген «Қазқұрылыссервистіктерге» жаңа жылдан бастап 80 мың теңгеден айлық төленеді.

Мұндай игілікті «Темір-тауқұрылыс» ЖШС-нің жұмысшылары да сезінбек. Осында 30 мың теңге еңбекақы алатын 18 азамат енді 43 мың теңге айлыққа қол жеткізеді. Бәрінен бұрын, «Волковгеология» ГРЭ–7 және ГРЭ–5 акционерлік қоғамдарының басшылығы бірі 17, енді бірі 90 қызметкерінің жалақысын бірден 60 пайызға көтеріп қуантып тастады. Бұдан былай еңбекақысы төмен жұмысшылар 30 мың теңгенің орнына 50 мың теңгеден жалақы алады.

«Сапа–2002» ЖШС-нің директоры Нұржан Әшіров Мемлекет басшысының саясатын қолдайтынын айта келіп, өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруге дайын екенін жеткізді. «Бұл шын мәнінде қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға түрткі болады. Жолдауда берілген тапсырмаларды бірлесе орындап, Елбасымыздың сенімін толық ақтаймыз. Серіктестікте жұмыс істейтін 100-ге жуық қызметкердің 33-і төмен жалақы алатын. Міне, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай осы жұмысшыларымыздың жалақысын 40 пайызға көтеруге бұйрық шығардым» деді Нұржан Сапабекұлы.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп өсімдік майын шығарумен айналысатын компания жұмысшылары енді қомақты айлық алып, жағдайын жақсартпақ.

Міне, өңірімізде компаниялар осылайша кезең-кезеңімен қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын көтеруге үлес қосуда.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ