Баға тұрақтылығы бақылауда тұр

Қараша 08 / 2018

 

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев нарықтағы баға тұрақтылығын бақылау мақсатында Түркістан қаласындағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Алдымен «Яссы нан» ЖШС-не ат басын бұрған өңір басшысын серіктестіктің директоры Насиба Атаева кәсіпорын жұмысымен таныстырды.

 

Қазіргі таңда серіктестік нан өнімінің 40 және шұжықтың 15 түрін шығарады. Бүгінде «Яссы нан» наубайханасы тәулігіне 13,7 тонна нан шығарып, сұраныстың 35 пайызын өтеп отыр. Жалпы, нан өніміне сұраныс көп. Соны ескерген кәсіпорын басшылығы 2018 жылдың қараша айынан бастап өндірістік қуаты тәулігіне 28 тоннаны құрайтын жаңа цехты іске қосыпты. Бұл баға тұрақтылығын сақтауға игі әсерін тигізген.

 – Нан шығару цехы толық автоматтандырылған. Тәулігіне 50 мың дана өнім шығаратын наубайханамыз Кентау қаласы мен Шардара аудандарына, сонымен бірге көршілес Қызылорда облысының Жаңақорған аудандарына нан жеткізуге қауқарлы. Мұнда жалпы саны жүзден аса адам еңбек етеді. Олардың айлық жалақысы жүз мың теңгеден асып жығылады, – дейді «Яссы нан» ЖШС директоры Н.Атаева.

Одан соң облыс басшысы «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС-де болды. Мұнда ол кәсіпорын шығарып жатқан темір-бетон бұйымдары мен әртараптандырылған құрылыстар құрылымымен танысты. Компания бірнеше жылдан бері монолитті және құрама бетон өнімдерін өндіруде тәжірибесі мол аймақтық көшбасшыға айналған. Өнімдері еліміздің электр энергия нарығында тұрақты сұранысқа ие.

«Зауыт жылына 120 мыңнан астам тірек шығарады. Компания өнімдері облысымыздың ғана емес, еліміздің өзге қалаларына да тарайды. Тапсырыс берушілердің сұранысын барынша қанағаттандыру үшін өңірлерде филиалдар желісі құрылған. Сондай-ақ, тұтынушылармен ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізілді» дейді «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС Түркістан филиалының коммерциялық директоры Бақытжан Жаңбырбаев.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ