Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2456 лайк

Ұтымды ұсыныстар айтылды

Қараша 08 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VІІІ Азаматтық форумы өтті. «Азаматтық қоғам және мемлекет: диалог, әріптестік және жауапкершілік» тақырыбында ұйымдастырылған форумға өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, қоғамдық бірлестік жетекшілері мен азаматтық белсенділер, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

 

Форумды ашқан «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек жиынның мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп өтті.

Ал, «Рухани қала Түркістан әр қазақтың жүрегіне үлкен сенім ұялатады» деген «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов форумның жұмысына сәттілік тіледі.

ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов атқарылған істерді атап өтіп, алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстарды баяндады.

Форум жұмысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы орны ерекше екендігін айта келе, қоғамдық ұйымдар елді өркендету бағытында жұмыс істеуі қажеттігіне арнайы тоқталды.

– Биыл өңірімізде тарихи оқиғаларға куә болып отырмыз. Елбасы Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тағдырлы шешім қоғамның барлық саласына тың серпін береді деген ойдамын. Себебі, жаңа облыс жаңа мүмкіндіктерге, биік шыңдарға жетелейді. Үкіметтік емес ұйымдар да осы сәтті пайдаланып, жаңа облысты өркендетуге атсалысулары тиіс. Бүгінде жаңадан құрылған Түркістан облысында 738 қоғамдық бірлестік тіркелген. Барлығы қоғамның, мемлекеттің дамуы үшін жұмыс істеп жатыр. Мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдаудың аясы да кеңейіп келеді. Бұл жерде тек мемлекет қана емес, ұлтжанды кәсіпкерлер тарапынан да жұмыстар жандану керек. Бүгінгі форумда елімізді, қасиетті Түркістанымызды түлететін, қоғамға тың күш беретін ұлы бастамалар мен игі істердің негізі қаланады деп сенемін, – деген Жансейіт Қансейітұлы үкіметтік емес ұйым төрағаларын арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Келелі басқосуда үкіметтік емес ұйымдардың беделі мен әлеуетін қалай көтереміз? Елді өркендетіп, Түркістанды гүлдендіру үшін қоғамдық бірлестіктер не ұсына алады? Билік тарапынан азаматтық қоғамды дамыту үшін қандай қолдау қажет деген мәселелер төңірегінде орамды ойлар мен ұсыныстар айтылды.

«Чернобыль одағы» ҚБ төрағасы Бақытжан Әшірбаев, «Жалынды жастар» ҚБ төрағасы Сардор Исманов, «Береке» ҚБ төрайымы Роза Абдуллаева ұсыныстарын айтып, ойларымен бөлісті. Белгілі саясаттанушы Дос Көшім «Үкіметтік емес ұйым» деген атауды өзгерту қажет деген ұсынысын айтты.

Форум аясында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Сондай-ақ, өңірдегі ең белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдеріне де құрмет көрсетіліп, республикалық VІІІ Азаматтық форумға баратын делегаттардың тізімі бекітілді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ