Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2455 лайк

«Ел бесігіне» – елеулі үлес

Қараша 08 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек» деген болатын.

 

– Әдетте еңбекке құштарлық салауатты өмір салтын ұстанудан басталатыны анық. Ол үшін әрбір азамат бойындағы бей-берекетсіздіктен арылып, биіктерді бағындыруға талпынғаны жөн, – дейді біздің кейіпкеріміз Бегалы Мамыров. Жеке кәсіпкер еңбектің нағыз көзін тапқан азамат. Алақандай жерден халыққа қажетті қызмет түрлерін ашып, ел игілігіне ұсынып отыр.

– Біз ата-анамыздан 5 ұл, 5 қыз тарағанбыз. Қарапайым отбасында тәрбиелендік. Әкемізден ерте жетім қалғандықтан, анамыз бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Үнемшілдікке үйретті. Кейін заман ағымына сай біртіндеп жеке кәсіпкерлікті меңгере бастадық. Бірімізде жоқты біріміз толықтырып, бауырларымызбен бірге «өз арбамызды дөңгелетіп» келеміз, – дейді ол.

Бегалы әуелі Сарыағаш қаласында Шымкент–Ташкент бағытындағы күре жолдың бойынан қоғамдық тамақтандыру орнын ашыпты. Уақыт өте келе, сервистік қызметті күшейтіп, келушілерге ыңғайлы жаздық асхана соғады. Үлкен трасса бойында орналасқандықтан жолаушылар кейде көлігі бұзылып, тұрақтайтын жер таппай көмек сұрай келсе, кейде ұзақ жолдан шаршаған соң тынығатын жер іздейді. Осыны ескерген кәсіпкер сол маңайдан қонақүйдің құрылысын бастап жібереді. Оған қоса көлікті техникалық байқаудан өткізетін орталық, автокөлік жуу орындарын ашады.

– Әрине, күнкөріс үшін қалтаның қамын ойлаған да дұрыс шығар, дегенмен, мені ең алдымен адамдардың денсаулығы ойландырады. Осы ойдың жетегінде жүріп спорт кешенін салуға бел будым. Осыдан 5 жыл бұрын спорт кешенінің құрылысын бастадық. Бүгінде тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген спорт кешенінде алдағы уақытта ел намысын қорғайтын чемпиондар шығады деп үміттенемін, – дейді ағынан жарылып.

Өткен жұмада Сарыағаш ауданында Бегалы Мамыровтың меншігіндегі «Мамыр ата» спорт кешені ашылды. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі

Қ.Әбдуәлиев, облыстық мәслихаттың депутаты А.Салимов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Бердашов қатысты.

Үш қабатты ғимаратта фитнес залынан бөлек суда жүзу, волейбол, үстел теннисі бойынша спорт секциялары жұмыс істейді. Ғимарат сыртында футбол алаңы салынған. Бағасы да қолжетімді. Енді сарыағаштықтар бос уақыттарын заманауи құралдармен жабдықталған спорт кешенінде өткізе алады.

Спорт кешенінде бір күнде 500-ге тарта адам жаттығуға мүмкіндігі бар. Мұнда 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Жаттықтырушылар келушілерді үш ауысымда қабылдайды. Айта кетейік, спорт кешенін салуға жеке кәсіпкер жарты млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Осылайша халықты жұмыспен қамтып отырған азамат алдағы уақытта ауыл тұрғындары үшін медициналық орталық ашуды жоспарлапты. «Әлемдегі дамыған елдер секілді заманауи медициналық орталық ашсам, дерті дендеген ауыл тұрғындары әрі-бері сабылмас еді» дейді жанашыр азамат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ