Рухани жаңғыру 0 пікір 2451 лайк

Тарихи ескерткіштерге құрмет – баршаға ортақ міндет

Қараша 08 / 2018

Биыл – еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма жеті жыл. Тарихқа көз жүгіртсек, талай тағдырды бастан кешірген халқымыздың көрген нәубетті күндері аз болмады. Десек те, тәуелсіздікке қол жеткізгелі ел еңсесі көтеріліп, айбыны асқақтап келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мемлекетіміз біршама жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдегі дамыған елдердің назарын өзіне аударды. Осы жетістіктердің бәрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көрегенділігінің үлесі жатқанын білеміз. Қазақстанның дамуы үшін қаншама реформалар қабылданды. Өз кезегінде «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» даму стратегиялары еліміздің өркендеуіне тың серпін әкелді.

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен аулыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Осы орайда туған жерге деген сүйіспеншіліктің, жалпы, бағдарламаның сыры мен мәні неде деген сауал туындайды. Оған жауап ретінде айтарымыз, бұл бағдарлама білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Бұл ретте ұлтымыздың мақтанышы, ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Барлық халық пен ұлт ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті, әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс» деген сөзі еске оралады.

Халқымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Яғни Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді.

Отырар – қазақ халқы мәдениетінің қалыптасуы мен өркендеуінде басты рөл атқарған киелі де қасиетті жер. Қазіргі таңда Отырар маңында ата-бабаларымыздың қолымен тұрғызылған 200-ден астам тарихи-мәдени мұра сақталған. Осы орайда Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы аясында Отырарда орналасқан сәулет, археология ескерткіштерінің тарихи мән-мағынасын, рухани өміріміздегі орнын кеңінен насихаттап, ерекше қорғау жолдарын жетілдіре түсуіміз қажет. Сол үшін де Отырар жастарына, ғылым жолын жаңадан бастап келе жатқан студенттерге, өлке тарихына қызығушылық білдіріп жүрген оқушыларға және де ел тарихына қызығушылықпен қарайтын барша отырарлықтарға мұның алдымызда тұрған зор міндет екенін баса түсіндіруіміз керек. Елбасы мақаласы жарияланғаннан кейін мемлекеттік қызмет салаларының барлығына тиісті тапсырмалар беріліп, түрлі бағыттағы іс-шаралар түзіліп, өз ретімен орындалып келе жатыр. Сондай-ақ, ауыл, аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылған іс-шараларды айтар болсақ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің тарихи ескерткіштерді қорғау ғылыми-зерттеу бөлімі «Отырар мұражайы қарамағындағы тарихи ескерткіштерді сақтау және құжаттау», «Тарихи мұралар – асыл қазынамыз», «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама оқиғасына –

295 жыл», «Елдіктің белгісі – тарихты тану» тақырыптарында тарихи-танымдық семинарлар өткізді. Осынау шаралардың мақсаты – Отырар аймағында орналасқан ескерткіштерге деген құрмет пен тарихи мұраларды қорғау және насихаттау жолында жастардың бойында туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілік сезімін ояту.

Азат ТАУБЕК, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК тарихи ескерткіштерді қорғау ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, мәдениет саласының үздігі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ