Ленгір атауының сыры қандай?

Қараша 08 / 2018

 

Ленгір (Ленгер) этимологиясының сыры әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Бұл атау ғылыми ортада талқыланған да емес. Біреулер атаудың түп-төркінін ел аузында айтылып жүрген аңыздарға сүйеніп түсіндіргісі келеді. Ендеше, аңыз бен тарихи деректердің аражігін ашып, атау сырына тереңірек үңіліп көрелік.

 

Алдымен аңыз нұсқасына тоқталайық. Ілгеріде Ленгір (Момынайсу) өзенінің жағасы қалың қамыс пен жыңғыл, тікенікті ағаш басқан ну болыпты. Нудан ары-бері өткен ірілі-ұсақты малдың жүні әлгі ағаштарға ілініп қала бергендіктен бұл сай «Іліңгір сай» аталып, кейіннен «сайы» түсіп қалып, «Іліңгірге» айналса керек. Уақыт өте келе «Іліңгір» қазақтың жалпақ тіліне орайластырылып «Ленгір», орысша нұсқада «Ленгер» аталыпты.

Енді бір зерттеушілер «Ленгер» атауын парсының «лянгар» сөзінен іздемек болады. Жалпы, біздің Ленгірді қоса есептегенде Орта Азияда жеті елді мекен «Лянгар» аталады екен. Тағы бір дерек бұл санды он төртке жеткізеді. Зерттеушілер парсының «лянгар» сөзін – «якорь» (зәкір), «құтқарушы зәкір», «айлақ», «дәліз», «соңғы үміт», «дәруіштер тұрағы», «құтылудың соңғы мүмкіндігі» деген бірнеше мағынада аударады.

Орта Азиядағы «Лянгар» аталған қоныстар таудың биік тұсында орналасқан. Қашқардария тауларында «Лянгар» аталатын әулиелер моласы бар. Тәжікстандағы Памирдің ортасында орналасқан Вахан жазығындағы Лянгар тас шоқылардың арасында орын тепкен. ХІХ ғасырдың соңына дейін Самарқандағы бірнеше махалла «Лянгар» аталған. Тәжікстан мен Өзбекстандағы «Лянгар» атауларының шығу тегі мен түп-төркіні исламның сопылық дәстүрінің бір тармағын қалыптастырған Ишки ата мен Мұхаммед Садық әулиеге телінеді. Бір аңызда Ишки ата мен Мекке әмірі екеуі Оспан құранына таласып қалады. Құранға қол жеткізе алмаған Мекке әмірі Ишки атаның үйіне дуа оқу арқылы тырысқақ ауруын жібереді. Кесел жұқтырған Ишки ата дерттен құтылмасын білген соң кенже ұлын Оспан құранымен бірге дорбаға салып, ақ түйеге артады да: «Осы түйе тоқтап, шөккенше жерге түспе!» деп пәрмендейді. Түйе тоқтамай жүріп таудың ұшар басына келгенде шөгеді, аздан соң тұрып, тағы жүреді де, бір тұсқа жетіп және шөгеді. Түйе шөккен жерлерді парсылар «зәкір (якорь) түскен жер» деп, «лянгар» (зәкір) аталыпты. Тәжікстандағы бұл молалар бүгінде туристер ең көп баратын орынға айналған.

Ал, енді Тәжікстан мен оған жақын Қашқардария облысының әр тұсына қойылған «Лянгар» атауы парсыға мүлдем қатысы жоқ, тіпті олардың табаны тимеген біздің Ленгірге қайдан жабысып жүр? Ленгірдің түп-төркіні – парсының «лянгар» сөзінен шыққан деп өзеурейтін зерттеушілер бұған қандай уәж айтар екен? Рас, Шыңғыс ханның шабуылы алдында біздің өлкені біраз уақыт парсының ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтеген, соның тілін сарай тілі еткен Хорезмшах билеушілері билеген. Қайталап айтайық, парсы тілі Хорезм патшалығының жалпыхалықтық емес, тек сарай тілі ғана болған. Енді сол парсы тілінде сөйлейтін сарай қызметкерлері осында келіп, елсіз, тек қалың ну басқан елеусіз, суы арқыраған аядай сайды ерекше көріп, оған «Лянгар» деп атау беріп кеткені де күмәнді емес пе?

Тағы бір айта кететін жайт, жоғарыда айтқан Тәжікстан мен Өзбекстандағы «Лянгар» атаулары XV-XVІІ ғасырлар аралығында қалыптасыпты. Осы кезеңдерде ол өңірлер Ақсақ Темір мен Шағатайдың, кейіннен Мұхамед Шайбанидың, қала берді, солардың ұрпақтарының иелігінде болған. Орта Азияның осынау билеушілері дәл сол кезеңде жаңағы айтылған жерлерге бірде-бір парсының аяғын тигізбеген. Орта Азиядағы жер атаулары араласпалы тілдік қолданыс арқылы әр жерге қойыла беруі де мүмкін. Бірақ, XV-XVІІ ғасырларда Тәжікстан мен Өзбекстанда қалыптасып қалған парсыша атаулар кенеттен қазақ рулары отырған нулы сайға берілді деу қисынға келмейді.

Жарайды, «Лянгар» этимологиясының түп-төркіні мен шығу тегі есте жоқ ескі замандағы Нұһтың кезінде қалыптасқан немесе орта ғасырда парсы тілінің ықпалымен пайда болған дегенге сене қояйықшы. Ондай жағдайда өлкемізге қатысты ескі жазбаларда бұл атау не үшін кездеспейді? Ескі жазбаларда Алатау мен Қазығұрт, тіпті, Қасқасу мен Сайрамсу, Момынайсу мен Бадам, Аққұм мен Жіңішке атауларын кездестірдік, тек Лянгар (Ленгір) жоқ. Егер «Лянгар» атауы ескі заманнан келе жатса, ол көне жазбаға, не болмаса ХVІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың өлең-жырларының біріне ілігетін еді.

Біз түгел ақтарып, маңызды беттерін көшіріп алған, Намангандағы Қоқан хандығының тарихын баяндайтын «Қоқан хандығына қатысты жазбалар тізімі» атты бес папканың біріндегі 1820 жылдарға қатысты жазбада былай делінген: «Қазығұрттың машрық (шығыс) бетіндегі Шойбек датқаға қарасты Момынайсудың жағасындағы қазақтар отқа көмір жағады. Момынайдың көмірі қоңырлау, жер бетіне шығып, шашылып жатады...» Момынайдың көмірін жазған қоқандықтар Лянгар (Ленгір) атауын бір рет те атамапты. Олар 1826 жылдан бастап Момынай, Аққұм, Бадам жағасындағы қазақтарға көмірден салық салады. Содан 1854 жылға дейін осы төңіректегі қазақтардың әр үйі қоқандықтарға жыл сайын төрт қап көмір өткізуге міндеттелген. Сонда қалай, қазақтардан салық ретінде көмір алып тұрған қоқандықтар Лянгар атын білмеген бе, әлде, әдейі жазбаған ба? Жоқ, екеуі де емес, өйткені ол кезде бұл маңда Лянгар (Ленгір) деген атау болмаған. Оның үстіне біздің өлкеде қоқандықтар мен орыс басқыншылығынан бұрын да Ленгірде көмір өндірілген.

Қоқандықтарға сенбесек, онда 1865 жылдан осы өлкенің жер атаулары мен өзен-суларының аттарын түгелдеп қағазға түсірген, топонимикалық картасын жасаған отаршыл орыс жазбагерлерінің еңбектерін қарап көрейік. ХХ ғасырдың соңына дейін бұл атау олардың да еңбектерінде кездеспейді. Ленгер (Ленгір) туралы дерек тек 1897 жылдан бері ғана жазыла бастаған. Одан соң оқу-ағартуға қатысты бір жазбада 1902 жылы Ленгірде екі жылдық мектеп ашылғаны баяндалады. Міне, орыстардың жазбаларына сүйенсек, Ленгір атауының қалыптасу мерзімін ХХ ғасыр басының ар жақ-бер жағынан іздеген ләзім.

Ленгір ауданының тарихын біршама баяндайтын «Ата жұрт» атты танымдық кітаптың 102-бетінде журналист Ж.Ырсымбетовтің мақаласына сілтеме жасалынып, Ленгір көмірін 1869 жылы осы өңірге келген Татаринов деген орыс геологының тапқаны жазылған. Татариновтың кен барлау экспедициясының Ленгір жеріне келгені рас. Бірақ, ол экспедицияның іздегені көмір емес, алтын кені болатын. Татаринов төбелердің дәл түбінде ашық жатқан көмір шахталарын көреді. Өйткені, мұндағы қазақтар сол кезде-ақ көмірді отын ретінде пайдаланған. Экспедиция шахтаны тізімге алады да, қайтып кетеді.

1880 жылдардан кейін тау алабына қарай орыстың бірнеше кен барлау экспедициясы шығады.

1887 жылы осындай экспедицияның бірі Ташкенттегі генерал-губернатор кеңсесіне қазақтардың Момынай жағасындағы төбе шұңқырынан көмірді тезек тергендей жинап алып жүргенін, тез арада «қара алтын» өндірісін ашып, оны үкімет қарауына алу керектігін хабарлайды. Бірақ, орыс үкіметі бұл мәселеге он жыл бойы мән бермейді. Тек 1897 жылы орыстың атақты тау-кен инженері Р.Д.Романовскийдің шәкірті, ұлты неміс геолог Густав Шварцтың барлау экспедициясы Момынайға келіп, көмір қорын зерттейді. Экспедиция құрамында ұлты швед Стив Ленгерс атты көмір өндіру ісінің мықты маманы болады. Шварц Ленгерсті Момынай көмір шахтасын игеретін жұмыс тобының басшысы етіп тағайындайды. Айта кететін нәрсе, біреулер айтып жүргендей, Ленгерс неміс те, ағылшын да емес. Шамасы, Ленгерсті Шварц әкелген соң жұрт оны да неміс санаған сияқты.

Ленгерс осында көмірді игеруді қолға алғанда бірнеше орыс отбасы көшіп келеді. Олардың жұмысқа жарамдылары шахтаға тартылады. Ленгерс басшылық жасаған шахта «Ленгерская шахта» деп аталады. Ал, жұмысшы орыстар осында алғаш бой көтерген селоны шахта басшысы Ленгерстің құрметіне «Село Ленгерское» деп атайды. Ленгерс атауы көп уақыт өтпей-ақ өзгеріп, айтылуы жеңіл Ленгер (қазақша Ленгір) деген атаумен қалыптасып кетеді. 1900 жылдан

1975 жылға дейін Ленгір қаласының өсіп-өркендеуіне осы шахта айтарлықтай үлес қосты.

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ, жазушы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ