Нағыз ұстаз

Қараша 08 / 2018

 

Мұғалім болу бар да, нағыз ұстаз болу бар. Екінің бірі мұғалім бола алар, бірақ, нағыз ұстаз болу көбінің қолынан келе бермейді. Ал, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Күлзада Нұртайқызы Малаханды шәкірттері нағыз ұстаз санайды.

 

Күлзада Нұртайқызы – Арыс елінің тумасы. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болды. Олар балаларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Әсіресе, қыздарының үлкені Күлзаданың болашағына үлкен үмітпен қарады. Жастайынан білімге құштар Күлзада ата-анасының сеніміне еш шүбә келтірген емес.

Мұғалім болу арманы тұлымы желкілдеген жас қызды мектеп бітірісімен Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтына әкеледі. 1983 жылы институттың физика және жалпытехникалық пәндер факультетін бітіріп, жоғары білімді жас маман ұстаздық еңбек жолын Шымкент қаласындағы М.Ю.Лермонтов атындағы №17 мектептен бастады. Жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Ол зейнетке шыққанша Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектепте еңбек етті.

Күлзада Нұртайқызы бертінде мамандығын ауыстырды. Жоғары оқу орнына қайта құжат тапсырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шыға келді. Сөйтіп, өзі еңбек етіп жүрген мектептің орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ берді. 1999 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Айта кетерлігі, №19 мектеп кезінде КСРО ұшқыш-ғарышкері, әскери ұшқыш П.Р.Поповичтің атымен аталатын. Бұл мектептің халқымыздың ардақты ұлы, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен аталуына Күлзада Нұртайқызының еңбегі көп сіңді деуге болады.

Ол – шәкірттердің ғана емес, осында еңбек ететін ұстаздардың да ұстазы. Педагогикалық шеберлікті, ғылымды ұйымдастырушылық қабілетпен ұштастыра білді. Мұғалімдердің өткізетін әрбір сабағы мен балалармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының мазмұнына терең барып, жаңаша бағыттарда жұмыс істеді. Жемісті еңбегіне орай 2005 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, «Астанаға – 10 жыл» мерейтойлық медалімен, облыстық білім департаментінің мадақтамалары және құрмет қағаздарымен, 2012 жылы Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.

Күлзада Нұртайқызы ғибратты ғұмырының ең қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнады. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.

Уақыт – жүйрік. Күлзада Нұртайқызының зейнеткерлік демалысқа шыққаны кеше сияқты еді. Міне, енді мерейлі 60 жасқа да аяқ басыпты. Ол отбасында аяулы жар, жұбайы Әбдіәшіммен бірге үш ұл-қызды тәрбиелеп, ұлағатты ана, аяулы әже атанып отыр.

Мерейтой иесін құттықтай отырып, отбасынан ынтымақ, басынан бақ таймасын деп тілейміз.

Алаштың алдаспан ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген. Ендеше, төрдегі орныңыз жоғалмасын, ұстаз!

Айнаш ЖҰМАТАЕВА, Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектептің мұғалімі. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ