Нұрғисадан бата, Асанәліден алғыс алған

Қараша 08 / 2018

 

1998 жылы Созақта өткен «Теріскей таланттары» халықтық өнер фестивалінде Генерал көке Асқаров күй жанры бойынша бас жүлдені иеленді. Сондағы қолындағы қара ағаштан шабылған үкілі домбырасын құшақтап қызыл барқыт шапанымен шайқала басып сахнаға беттеген көкемнің бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда.

 

Қазақта «тұлпар тұяғын тай басар» деген жақсы сөз бар. Қазір тектінің жалғасы Сұлтан бауырымыз Гекеңнің қара шаңырағының иесі. Ол әкесінің жазған-сызғандарын көзінің қарашығындай сақтап, суреттері мен таспаларына иелік етіп отыр. Жуырда қара шаңыраққа бас сұғып, Сұлтанның өзімен әңгімелесудің сәті түскен-ді.

– Әріден бастасам, әкем 1940 жылы дүниеге келген. Алматы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріп, 1962 жылдан бастап Ф.Энгельс және «Сызған» кеңшарларында бас агроном болып қызмет атқарған. Мен де сол Сызғанда өмірге келдім. Ең қызығы, наурыз айында өмірге келетін маған алдын-ала ақпанда Сұлтан деген ат қойылыпты. Оқиға былай өрбиді. Шымкент қаласына жолы түскен әкем мен анам «Восход» қонақүйіне жайғасады. Бөлменің есігін ашып жатқандарында жандарына жөткірініп бір кісі жақындайды. Ол екеуіне қарап: «Інім, келіншегің ұл босанады. Есімін Сұлтан деп қойыңдар. Жігіттің, қазақ жігітінің сұлтаны болсын! Тойға шақыруды ұмытпа!» дейді. «Айтқаныңыз келсін! Не қалайсыз, аға?» дейді әкем ақжарқын қалыппен. «Бар болса, коньяк алдыр» депті үлкен кісі. Таныса келе оның қазақтың біртуар перзенті, дала батыры, боксшы Әбдісалан Нұрмаханов екенін біледі. Әбдісалан аға «Сұлтан балама естелік болсын!» деп қолтаңбасымен кітап пен қаламсап сыйлапты. Қасиет дарыған Әбдісалан көкеміздің айтқаны келіп, араға бір ай салып мен туылыппын, – дейді Сұлтан.

Ал, 1981 жылы Сұлтан алтыншы сыныпта оқып жүргенде ауданға атақты Құрманғазы оркестрі гастрольге келіп, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Жанғали Қажығалиев бастаған қазақ өнерінің кіл марқасқалары Теріскей өңірін әнге бөлейді.

– Мен онда Нұрғиса көкемнің «Куә бол» әнін домбырамен айтатынмын. Орындаушылардың көптігі сонша, мен концерттік бағдарламаның тізімінен сызылып тасталдым. Бірақ, концерттен өшіргенмен, Қызылкөлдің басында өнер көрсететіндердің қатарына қосыпты. Әлі есімде, әнді бастай бергенімде Нұрғиса көкем мені баласынбай мұқият тыңдады. Ол кісінің маған үңілгенін байқағандар да әнге көңіл бөле бастады. Сол сәтте көл жағасында бала дауысы мен шағаланың шаңқылы ғана естіліп тұрды. Ән аяқталғанда Нұрекең мені қасына шақырып, маңдайымнан сүйді де табақтағы жылқының тоқпан жілігін қолыма ұстатып: «Үлкен азамат бол! Өнерің өрге жүзсін!» деп батасын берді. Сол кісінің ақ батасы бойыма қуат берді ме содан бастап өнерге деген құштарлығым одан сайын арта түсті, – дейді Сұлтан Генералов.

1984 жылы Сұлтанның үйінде белгілі актер әрі туысы Асанәлі Әшімов екі күн қонақ болады. Қасында «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің рөлін сомдаған Әнуарбек Молдабеков бар. «Кешкілік дастарқан басында әкеме қосылып мен де күй тартып, ән шырқап бердім. Асанәлі аға: «Беу, Геңке, мына баланы маған бер. Мен Сұлтанжанды әртіс етіп шығарайын» дегенін де ұмыта қойғаным жоқ. Ол кісі Созаққа келген сайын біздің шаңыраққа бас сұқпай кетпейтін, – дейді Сұлтан.

Сұлтанның айтуынша, мектепті бітірген соң әкесі «Балам, өнер жолы ауыр. Сен одан да мен оқыған Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының электрлендіру факультетіне бар. Коммунизм дегеніміз бұл КСРО-ны жаппай электрлендіру дегенін білесің. Болашақта энергия көзі басты тақырып болады» деп ақылын айтқан. Әкесінің сөзін жерге тастамаған ол «Қазақстан-Канада», «Инкай» біріккен кәсіпорнында техникалық инспектор, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде елуді еңсеріп, жары Әминамен үш қыз өсіріп отыр. Әмина Сұлтан оқыған Ә.Молдағұлова атындағы мектепте 30 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Тұңғыштары Назерке облыстық филармонияның қобызшысы. Балжаны студент, кенжесі Бағым мектепте оқиды.

Сұлтанның нағашысы – әйгілі қобызшы Жаппас Қаламбаев. Сұлтанның анасы Жаңыл – Жаппастың екінші қызы. Сондықтан оның қай салада жүрсе де өнерден қол үзуі мүмкін емес секілді. Оған қайда барса да қолынан қара домбырасын тастамайтыны, әкесінің «Сен ғана», «Түсіндірші, сүйіктім», Ізтай Мәмбетовтің сөзіне жазған «Жас тілек», «Соға кет», «Неге сүйдім, бұлбұл құс» әндерін әліге дейін әуелете шырқап жүргені дәлел. Сондай-ақ, шертпе күйдің шеберлері Сүгір мен Жаппастың оншақты күйін де нақышына келтіре орындайды.

Мақсат Қарғабай.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ