«Анам да ұзақ өмір сүрген...»

Қараша 08 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Қазыналы қарияларының көптігімен ерекшеленетін өңірлердің бірі ретінде жаңадан құрылған Жетісай ауданын айтуға болады. Жүз жетпіс мыңға жуық тұрғыны бар ауданда бүгінде жасы 100-ден асқан алты қария тұрады.

 

Таяуда біз ғасыр жасаған қазыналы қарияларымыздың бірі Жезігүл Ахметованың үйінде болып қайттық. Қазыбек би ауылында тұратын әже үш ұл-қыздан 36 немере, 40 шақты шөбере сүйіп отыр. Жастық шағын Мырзашөл өңірін игеруге арнаған ана әлі де ширақ.

– Жолдасым Сапар ерте қайтыс болып, екі ұл, бір қызбен 25 жасымда жесір қалдым. Күні бойы ұжымшардың жұмысын істеп, кешке қарай үйдің шаруасымен айналысып, ұршық иіріп, киім тоқып, балаларды жетілдірдік. Мырзашөл даласын абаттандыру үшін бүгінгі Достық деп аталатын каналды қолмен қаздық, – дейді 101 жастағы кейуана.

Ауыр жұмыс адамды шыңдай түсетінін айтқан әже ұзақ жасаудың сырымен де бөлісті. «Бәрі де Алланың қалауымен болады. Анам да ұзақ жасады. Осыдан отыз жыл бұрын 90 жасында өмірден өтті» дейді әже.

Ғасыр жасаған әженің тағы бір ерекшелігі – аздап көріпкелдігі бар. Келіні Ұлжалғастың айтуынша, үйге келетін қонақты алдын-ала сезіп отырады екен. Ал, күтіміне келетін болсақ, аз жеп, көбірек қимылдағанды тәуір көреді. Көбіне сүт өнімдерін тұтынып, майлы тағамдардан барынша бас тартады. Ауыл дәрігері Баян Қалдарбекованың кеңесін тыңдап, үнемі күтініп жүреді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ