Руханият 0 пікір 2442 лайк

Жас термешілер сынға түсті

Қараша 08 / 2018

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Жастар ресурстық орталығында «Отанды сүю – иманнан» атты жас термешілер байқауы өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Шымкент медресе» колледжі алғаш рет ұйымдастырған додада он екі өнерпаз бақ сынады.

 

– Биыл бірінші рет өткізгендіктен шараның кем-кетіктері болуы мүмкін. Алайда, осы бастаманың өзі көңілге қуаныш ұялатады. «Дін мен дәстүр» жылы аясында қолға алынған жобаның жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, қазақылыққа тәрбиелеуде маңызы зор. Бас мүфти Серікбай Қажы Ораз уағыз айтқанда Құран, хадистермен шектеліп қалмай, оған қоса салт-дәстүрді, би-шешендердің сөздерін келтіре отырып жас ұрпаққа тәлім беруді тапсырған болатын. Ал, терме – сол ата-бабамыздың маржан сөздері мен тағлымға толы ойлары көмкерілген дүние. Бұл өнерді бойына сіңірген бала шәлкес мінезінен арылып, шалыс басудан аулақ болары сөзсіз, – деді облыс имамының орынбасары Мұхаммеджан Естеміров. Сондай-ақ, «Шымкент медресе» колледжінің директоры Талғат Әсембай жастарды алған білімдерін ел игілігіне жұмсауға шақырды.

Ал, сынға түскен он екі өнерпаздың ішінен Бекболат Анарбековтің «Байламы бекем бес ғасыр термесін» нақышына келтіре орындаған Қылышбек Сынабай І орынға лайық деп танылды. ІІ орынды Майлықожаның «Әдемі сөз жайылсын» термесімен Арыстан Рүстем алды. Ал, Майлықожаның «Адамның бір қызығы бала деген» термесі мен Мақтұмқұлдың термесі «Боларсыңды» сахнаға алып шыққан Жұлдызай Тұрғанбек пен Нұрдәулет Жуасбек ІІІ орынды еншіледі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ