Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Ұландарды туған жердің тарихы қызықтырды

Қараша 07 / 2018

Шымкент қаласындағы химия –биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне «Туған елге тағзым» танымдық-өлкетану экспедициясымен Орал және Астана қаласының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арнайы келді.

 

Қонақтарды мектеп ұжымы ыстық ықыласпен қарсы алып, алғашқы күні Шымкенттің көрікті орындарын аралатып таныстырды. Экспедиция мүшелері зияткерлік мектеп-жатақханасында гобелен бұйымдарын өру және сабын жасау технологиясы бойынша шеберлерік сабағына қатысты. Олармен жақынырақ танысқан шымкенттік жеткіншектер "Татулық табылмас бақыт" атты кеш ұйымдастырды.

Экспедиция бағдарламасына сәйкес қонақтар танымдық қана емес, оңтүстік өлкесінің шежіресінен бастап жергілікті флора мен фаунаға дейінгі мәдени-тарихиын жан-жақты қамтитын зерттеу жұмыстарын да жүргізді. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тарихымен танысқан "Мәртөбе" ескерткіші, «Руханият-Әбу Нәсір Әл-Фараби» мұражайы, Қазақстанның жеті кереметінің бірі, орта ғасырлардан жеткен жәдігер «Арыстан баб» кесенесі, көне «Отырар» кітапханасы, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» және «Отырар төбе» тарихи-археологиялық ескерткіші және жергілікті өлке тарихының жүрегі саналатын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрамындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне де арнайы барып қайтты. Өлкенің бай тарихына қызыққан қонақтарды Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана, Сайрамда орналасқан Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерімен арнайы таныстырдық.

 

Сондай-ақ қонақтарға Шымкент қаласында және облыста өндірілетін танымал отандық тауарлар таныстырылып, зауыт, фабрикалар туралы мол мағлұмат берілді. Экспедиторлар медициналық құрал-жабдықтар өндірісі саналатын "ЭкоФарм Интернейшнл" ЖШС-інде болып, медициналық пробиркалардың жасалу жолымен танысты. Ал, Шымкент аграрлық колледжінде болған кезде қонақтар көкөніс жылыжайын аралап көрді. Еліміздің оңтүстігінде қазақтың салт-дәстүрлері жақсы сақталғаны белгілі. Содан болар қонақтар Шымкенттегі ипподромға барып, "Көкпар", "Қыз қуу" және "Тиын тігу" ұлттық ат ойындарын тамашалаудан алған әсерлерін айтып риза болысты. Облыстың сұлу табиғатына тамсанбайтын қонақ жоқ. Оралдық, астаналық мектептен келген оқушылар Ақсу-Жабағылы қорығында, Ақ-мешіт үңгірінде, Шымкент зообағында, дендросаябақта болып, тамсанумен болды.

 

 

"Туған елге тағзым" жобасы балалардың Қазақстан туралы танымын байытып қана қоймай, сонымен қатар патриоттық сезімге тәрбиелейді, оқушылар арасында өз білімдерімен бөлісуге және кооперация дағдыларын жақсартуға мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі барлық қатысушыларға осы экспедицияға үлкен қызығушылық танытқаны үшін алғысын айтып, өздерінің алған білімдерін құрдастарымен болашақта бөлісетініне сенім білдіреді.

Айна ЕСЖАНОВА,

Шымкент қаласындағы химия –биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ