Ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор

Қараша 06 / 2018

 

Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше елдердің Үкімет басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Сағынтаев, Әзірбайжан Республикасының Премьер-министрі Н.Мамедов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі С.Румас, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі М.Абылғазиев, Тәжікстан Республикасының Премьер-министрі К.Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі А.Арипов, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Д.Медведев, Армения Республикасының бірінші вице-премьері А.Мирзоян, Түркіменстанның Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Г.Мурадов, ТМД-ның Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшы С.Лебедев қатысты.

 

Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше елдер делегацияларының басшыларына ілтипат білдіріп, Достастық мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту үшін бүгін өтіп жатқан Кеңестің айрықша мәні бар екенін атап өтті.

– Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ТМД іргелі ұйымға айналды. Бұл бірлестік халықтарымыз арасындағы тарихи байланыстарды сақтап қалуға мүмкіндік беріп, әр елдің егемендігін нығайтуға септігін тигізді. Қазіргі кезде Достастық аясындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы арта түсті. ТМД-дағы сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтыр тауар айналымының көлемі 25 пайызға артып, 164 миллиард долларға жетті. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын табуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің биылғы отырысының нәтижелеріне де тоқталды.

– Біз ұйымымызды нығайту мәселелерін қарастырдық. Соның ішінде жұмыстың тиімділігін арттыруға және оны заман талабына сай бейімдеуге бағытталған жаңғырту үдерісін ілгерілетуге мән бердік. Достастық аясындағы экономикалық кооперацияны кеңейту үшін Экономикалық даму стратегиясын жандандыру және ТМД елдері көрсететін қызметтердің еркін саудасы туралы келісімнің қабылданған жобаларын жүзеге асыруды жеделдету қажеттігі айтылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Душанбедегі Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында жария етілген жаңа ұсыныстар, соның ішінде ТМД аясында сауда кедергілерін жою, көлік-логистика және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, ғарыш саласындағы жобаларды жүзеге асыру, цифрлық экономиканы дамыту және инновациялық шешімдерді пайдалану мәселелерін талқылау нәтижесі жөнінде әңгімеледі.

– Технопарктер интеграциясы және бірлескен инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы ТМД кеңістігінде жоғары технологиялық өндіріс қалыптастыру үшін үлкен синергетикалық пайда табуға мүмкіндік береді. Батыс елдері жасанды интеллектке жол ашатын 5G форматындағы интернетті белсенді түрде қолдануда. Бізге оны дамыту ісімен айналысу керек. Мұны әрқайсысымыз жеке-жеке іске асыра алмаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында Мемлекеттер басшыларының кеңесінде айтылған бастамаларды іске асыру үшін нақты шаралар кешенін әзірлеу қажеттігін айтты.

– Барлық бағыт бойынша тиімді шаралар кешенін әзірлеу – маңызды міндет. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы экономиканың дамуына септігін тигізіп қана қоймайды, сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы достық әрі тұрақты қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды факторына айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Сағынтаев пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Д.Медведев баяндама жасады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ