Заң-заман 0 пікір 2438 лайк

Сана түзелмей, сала түзелмейді

Қараша 06 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жақында Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында балаларымен кездесе алмай жүрген азаматтың талап-арызы қаралды. Талапкердің айтуынша, әйелімен заң жүзінде ажырасқан соң қос қызы анасының жанында қалған. Бір жақсысы, оның ат ізін салмай кететін «қашқын әкелердей» емес, әкелік міндетіне бүгінге дейін кір келтірмегені көрініп тұр. Бірақ, балаларымен кездесуге әйелі үнемі кедергі келтіріп келіпті. Ал, немерелеріне қолы жете алмай, көз жасын сығып отырған ауылдағы ата-әженің халі айтпаса да түсінікті. Талапкер осы жағдайдың бәрін ескере келіп, олардың айына екі рет жұмадан жексенбіге дейін үйде болуына және мереке күндері кездесуге мүмкіндік беруін сұрады. Біз де оның қос қызғалдағына деген әкелік махаббатынан бөлек, қамқорлығына сүйініп, іс оң шешілер деп ойлағанбыз. Бірақ, соңғы түйін біз ойлағандай болмай шықты.

Іске төрелік еткен судья балаларымен кездесуге үш күн артық етеді деп ойласа керек, жауапкердің ыңғайына жығылып, талапкерге тек бір күнге ғана кездесуге мұрсат етті. Онда да таңғы 10-да әкетіп, кешкі 6-да әйелінің қолына табыстауы тиіс. Қос қызын бір көруге зар әке байғұстың судья шешіміне келіспеске амалы жоқ. Екі-үш күн мауқын басып, немерелерін ата-әжесінің құшағына аунатып қайтсам деген арызына соттың қайтарған жауабы осылай болды. Әрине, бұл жерде судьяның шығарған шешіміне баға беруден аулақпыз. Бірақ, ажырасқандардың бәрін осылай балаларынан алыстата берсек, онсыз да мейірімге шөліркеп тұрған қоғамның жарасы асқына түспей ме? Ал, басқа-басқа баланы биологиялық әкесінен алыс ұстау, лажы болса көрсетпеу ақылға сия ма? Былайша айтқанда, жеке бастың ренішінен балалар жазықты болмауы тиіс. Міне, осы жағдайларды судья жан-жақты сараптап, ақылға қонымды шешім шығаруы қажет еді. Жасыратыны жоқ, дәл осындай дүдәмал, сапасыз шешімдердің көбеюінен қоғамда сот саласына деген сенімнің сетінеп бара жатқандығы шындық. Бұл мәселе осы жылдың 5 қазан күнгі Елбасы Жолдауында да ашық айтылып, Жоғарғы сот басшылығына қадау-қадау тапсырма берілді. Жолдауда Елбасы сот жүйесін одан әрі жаңғыртудың қажеттілігін атап, озық сот өндірісін жетілдірудің негізгі көзі инновациялық технологияны кеңінен пайдалану екендігіне тоқталды. Әрі судьялар корпусын қалыптастыру тәртібін түбегейлі қайта қарап, сот актілерінің әділ және заңды болуын талап етті.

Қазір Жоғарғы сот тарапынан жүргізіліп жатқан сот жүйесін цифрландыру жұмысының қарқыны көңілге қуаныш ұялатады. Осының негізінде соттар қағазбастылықтан арылып, заман талабына сай оңтайлы, қолжетімді, ашық сот процестері жасалды. Бірақ, бүгінгі сот жүйесі қоғам дамуына сай ізгіленіп, кемшіліксіз жұмыс істеуде деп нық сеніммен айту қиын. Соның ең өзектісі, сот төрелігінің әділдігі мен заңдылығын пайыздық көрсеткішпен бағалау үрдісі. Жылдар бойы соттың жұмысы осы көрсеткішпен бағаланып келеді. Соттар сот шешімдері мен үкімдерінің 99 пайызының бұзылмауын үлкен жетістікке балап, сол межеден түспеуге ұмтылады. Кейде осы көрсеткішке жету үшін аудандық сот актілерін барынша күшінде қалдыруға, бұзбауға мәжбүр болады. Мұның салқыны судьялардың өз тәуелсіздігін және аудандық, қалалық, облыстық сот сатыларының дербестігін барынша әлсіретуге әкеліп соқтыратыны белгілі. Судьялар сот актілерінің бұзылмауы үшін әр іс бойынша облыстық сотқа жүгіретін, сот төрағасының арнайы нұсқауынсыз шешім қабылдай алмайтын тәуелді сотқа айналды.

Осыдан 7 жыл бұрын соттағы істерді азайту мақсатында «Медиация туралы» заң қабылданды. Ал, мұның әлі күнге дейін соттағы істердің азаюына еш әсері тиген жоқ. Оған жүгінген ел қалтасынан қаржы шығарып, медиатордың еңбегіне төлейді. Ал, оған көңілі толмаса, мемлекеттік баж төлеп, сотқа жүгінеді. Ендеше, бұл мәселені түпкілікті шешпеу – медиатордың қалтасын томпайтып, елді босқа әуре қылу деген сөз.

Міне, осы жағдайлардың бәрі отандық сот жүйесінің одан әрі ілгері басуына кедергі келтіріп отыр. Бұл орайда Жоғарғы сот тарапынан ашық сот жүйесін қалыптастыру мақсатында келелі шаралар қабылданып келеді. Қазір жер-жерлерде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобалар – соның айғағы. Сот билігін ізгілендіруге бағытталған мұндай жобалар науқандық сипат алмауы тиіс. Бұл – жүйелі жұмыс, сындарлы ой, жаңа көзқарасты қажет ететін іс. Сондықтан сот әділдігін іске асыруда оның халыққа барынша ашық әрі қолжетімді болуы – Елбасы алға қойған ең жауапты міндет. Бұл жауапкершілікті сот саласының мамандары барынша сезініп, берілген тапсырмаларды одан әрі тыңғылықты атқаруы тиіс. Ол үшін ұлттық заңнамаларымыздың қасиетін терең ұғынып, оны халық игілігіне жарата білгеніміз жөн. Заңды сыйлау, оны орындау біздің қоғамның да басты шарттарының бірі болуы тиіс. Осы орайда Елбасының «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам» деген қанатты сөзін әр азамат жадында ұстап, бойтұмардай бағалай білгені абзал дер едім.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ