«Нұр Отан» – нақты істер партиясы

Қараша 06 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан қаласында «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті ХХХV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, жергілікті атқарушы органдар басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, жалпы партия мүшелері ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жан-жақты талқылап, айқын басымдықтарды тағы бір пысықтады.

 

– «Нұр Отан» – нақты істер партиясы. Сондықтан нақты істерді нәтижелі жүзеге асыруымыз қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойып отырған басты талап та осы. Ол үшін әрбір партия мүшесі көпшілікке үлгі боларлық игі істерді өзінен бастауы керек, – деді «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Күн тәртібіне сәйкес «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттері мен облыстық саяси кеңесінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарының есебі бойынша баяндама жасады. Жолдаудағы халықты тұрғын үймен қамту, әлеуметтік қолдау, жастар жылы секілді басым бағыттарға арнайы тоқталып өткен Нұрмахан Миятұлы облыстық саяси кеңесінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарын кең көлемде баяндады.

Жарыссөзге шыққан ОҚМПУ ректоры, облыстық мәслихат депутаты Оңалбай Аяшев атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалай отырып, Жолдауды қолдайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, бастауыш сыныпқа үш тілдің енгізілуі сатылап жүзеге асырылса, оған ұстаздардың да дайындығы ескерілсе, жоғары оқу орындарында сапалы маман даярлау жүйеленсе деген ұсынысын айтты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолға алынған жұмыстар қоғамға үлкен оң өзгерістер алып келіп жатқандығын жеткізді.

Отырар аудандық ауруханасының дәрігері Абзал Сәрсенбаев пен Түлкібас ауданынан келген ұстаз Сұлтан Қаныбек Елбасы Жолдауындағы денсаулық сақтау, білім салаларында жүзеге асатын оң өзгерістерді айтып өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары бойынша облыстық бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Әбдірахман Тасыбаев есеп берді.

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев «Нұр Отан» партиясы Жолдауды жүзеге асырудағы негізгі бақылаушы екендігін айтып өтті.

– Өңірдің экономикалық, әлеуметтік-саяси дамуында үлкен істер атқарылып жатыр. Оған партияластарымыздың қосқан еңбегі зор, – деді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды және партия қолға алған игі істердің жергілікті жерде нәтижелі жүзеге асуына ұйытқы болған облыс басшысына алғыс айтты.

Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында үлкен жұмыстар жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Әсіресе, білім саласында бұл бағытта үлкен жұмыстар қолға алынған. Яғни ұстаздарды жұмысқа қабылдау цифрландырылып жатыр. Сондай-ақ, облыс әкімі «Әр ауылға – бір шебер» жобасы жасалып, мамандар оқытылып жатқандығына тоқталды. Бұл ауылдағы маман тапшылығын жойып, әлеуметтік жағдайын жақсартады. Туризмді дамыту үшін көшелерді, үйлердің қоршауларын реттеп, тамақтанатын сервистік қызметтерді жақсарту қажеттігі де назардан тыс қалмады.

Конференция соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша арнайы қаулы қабылданды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ