Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Созақ жастарының тірлігі тындырымды

Қараша 06 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен еліміздегі жастар саясатының Созақ ауданында жүзеге асырылуымен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдерінен құралған жұмыс тобы Шолаққорған, Созақ ауылдарында болып, жастардың тіршілігімен танысып қайтты.

 

БАҚ өкілдері алдымен аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан салынған «Street Workaut» спорт алаңшасының жұмысымен танысты. Мұнда жастардың емін-еркін спортпен айналысуы үшін үстел теннисі мен турниктер орнатылған.

Одан соң журналистер Созақ ауданы әкімінің жүлдесіне арналған кіші футболдан турнирді тамашалады. Әр аудандағы жастар орталықтарында жұмыс істейтін мамандар алаңға шығып, доп тепті. 10 команда қатысқан турнир қызықты әрі тартысты өтті. Турнир қорытындысы бойынша облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының командасы І орын иеленді. Ал, оларға финалда ұтылған Созақ футболшылары мәрттік танытып, ІІ орынды Сарыағаш жастарына берді. Ал, үшінші орынға Отырар жастары ие болды.

Турнирден соң БАҚ өкілдері Созақ ауылында өткен аспаздар сайысын тамашалады. «Ынтымағы жарасқан» тақырыбында ұйымдастырылған байқау Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай өткізіліп отыр. Байқаудың ашылу салтанатында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Береке Дүйсебеков пен ауыл әкімі Байзақ Әменов, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. 8 үміткер қатысқан байқау 3 кезең бойынша өтті. Аспаздар «Сәлемдесу — игі дәстүр киелі», «Дастарқан көркі — нанмен», «Өнерлінің өрісі кең» тақырыптары бойынша бақ сынасты.

Одан соң облыстық жастар ресурстық орталығының жұмыс тобы «Қазатомөнеркәсіп – Sauran» ЖШС-нің жастарымен кездесті. Кездесудің басты мақсаты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттау болатын. Кездесу барысында Жолдауда айтылған нақты міндеттер сөз болды. Жұмысшы жастар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ