Руханият 0 пікір 2428 лайк

Мандолшы Роза

Қараша 06 / 2018

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл 1966 жылдың қоңыр күзі еді. Көксарай елді мекеніндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімдері табан астында көл бетінен ұшқыр ұшқан үйректердей дүрлігісіп қалды. Мына абыр-сабырдың артында үлкен бір жауапкершілік жатқанын ұстаздар қауымы жақсы түсінген. Ал, 5-сынып оқушысы Роза мәселенің байыбына бара алмаған. Үйіне оралған оны бір оқушы қызды жіберіп, мектепке шақыртыпты. Неге керек бола қалды екен? Шақыртушының бар айтқаны: «Қожа ауылындағы Әселхан Қалыбекованы да ерте кел» болды.

 

Ентігіп мектепке келсе көптен бір көруді армандап жүрген белгілі композитор, вальс королі Шәмші Қалдаяқов ағасы ауыл тұрғындарымен кездесуге келе жатыр екен. Ұстаздары Әселханға Шәмшіге арнау шығаруды, ал, Розаға өлең жазып келуді тапсырды.

Ертесіне кездесуді «Көксарай» қаракөл қой кеңшары партия комитетінің хатшысы Амантұр Мұсаев ашты. Музыка пәнінен сабақ беретін Шайқыислам Шыңғысбаев ағайы Шәмшінің әндерін құйқылжыта орындады. Қазақ жастарының аңсар-арманына айналған Шәмші аға көпшіліктің қолқалауымен ортаға шығып, өзі туралы, шығармашылығы жайында әңгіме шертті.

Әселхан арнау өлеңін айтып болған соң кезек Розаға келген. Оған Шайқыислам ағайы мандолина тартуды үйретіп жүрген кезі еді. Роза қысылса да кідірмеді. Ағасының «Әнім сен едің» атты әнін орындап шықты. Жиналғандар ду қол шапалақтады. Жас қыздың беті алабұртып сала берген. Осы кезде Шәмші ағасы «мандолды маған бере тұршы» деп сұрап алды да құлағын келтіріп, өзінің бірер әнін айтып шықты. Сосын Розаға қарап «Талантыңа гүл бітсін! Мандолды жақсы ойнайды екенсің» деп көтермелеп қойды.

Сол жылдары ауыл жастары түгелдей дерлік мандолина тартушы еді. Бұл музыкалық аспаптың түп төркіні Италия екенін екінің бірі біле де бермейтін. Сол жылдары Мәскеуде «Ария» ансамблі дүркіреп тұрды. Жетекшісі Владимир Холстинин болатын. Алайда, ауыл жастары бұл музыкалық аспапты Шәмші қолынан көріп барып қызықты. Шіркін, ішектерінен әуезді де сиқыр үн шығаратын мандолина саумал самаладай соғып, талай жастың ішкі мұңдарын, сарқылмайтын сағыныштарын шоқтай үрлеп маздатушы еді-ау. Солардың бірі Розаның әкесі Уасхан домбыра, мандолина, гармон тартады. Байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет ететін оған жерлестерінің «Әридаш» деп ат қоюының өзі тегін емес. Әкесінің інісі Әлімхан мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Ол да бірқатар музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Міне, осындай ортадан шыққан қуыршақтай Роза өнерге жақын болып өсті.

1971 жыл болатын. Онда Роза Шымкент кооперативтік техникумның студенті. Техникумға Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов, Сүгірәлі Сапарәлиев, Шәмші Қалдаяқов студент-жастармен кездесуге келген. Розаны көрген Шәмші ағасы оны бірден таныды.

– Сен Көксарайдағы мандолшы қыз емессің бе? – деп сұрады.

– Иә, сол қызбын, аға!

– Мандолды тастап кеткен жоқсың ба? Мен сені музыкалық білім беретін оқу орындарының біріне баратын шығар деп ойлап едім.

– Осылай болды, аға!

Бұдан әрі композитор ағасы ежіктеп ештеңе сұраған жоқ. Тек кездесуде осында талантты бір қыз отырғанын айтып, Розаны сахнаға шақырған. Сол жолы студент Роза ағасының екі-үш әнін малдолинамен шырқап берді.

Тыңдармандар ұйып тыңдады. Ұзақ қол шапалақталды. Бұл Розаның техникумда алғаш танылуы еді.

– Бұл менің қарындасым! – деп шаттанды сонда Шәмші ағасы.

Өмір жолы неше түрлі бұралаң-бұлтарысқа толы. Оның көктемнің алтынкүрек желіндей жайлысы да, қыс қарындай ызғарлы тұсы да алма-кезек аударылып-төңкеріліп қоса-қабат жүреді. «Шіркін, өнер адамы болсам ғой» деген Розаның асқақ арманы адастырып кетті. Тұрмысқа шыққаннан соң ол өзінің сүйікті мандолын қолына сирек ұстады. Байланыс бөлімшесінде қызмет етіп жүрген жылдары ол қат-қабат жұмыстардан, үй тіршілігінен босай алмаған.

Тұңғыш қызы Гүлжан тұрмысқа шыққанда барып ішкі толқыныс-тебіреністің әсерінен бе, қолына мандолинасын қайта алды. Бұл оның қаршығадай қайта түлеген кезі еді.

– Роза өмірге қайта келді! – деп қуанды оның өнерін бағалайтын көпшілік.

Балалық, бал дәуренді бірге өткізген Роза,

Қиял қуып, гүл теріп, тізбек тізген Роза.

Жасып қалған өнерді үрлеткізген Роза,

Ғашық болған күндерді іздеттірген Роза.

Мандолинін құшақтап, желбіреген Роза,

Естіген жұрт әніне елжіреген Роза.

Пәк пейілмен күнәсіз, армандарын әлдилеп,

Таңғы шықтай тұп-тұнық мөлдіреген Роза.

Содан кейін білмеймін, қайда кеттің, Роза?

Тағдырыңмен қырық жыл, майдан еттің, Роза.

Бала-шаға, үй-орман, мандолинді жоғалтпай,

Арқасына алпыстың тойға жеттің, Роза.

Өнер шіркін өлмепті, талпыныпты жарыққа,

Түкпірінен жүректің тура тартты халыққа.

Бір Жаратқан жарылқап, қайта туып жасарған,

Жамбыл атаң сияқты жүзге дейін шарықта! –

деп халық ақыны Әселхан Қалыбекова оның өнерге қайта оралуына бек қуанып, жыр жолдарымен жауап қатты.

Содан бері Роза мандолын қолынан тастаған емес. Түрлі жиын-тойларда әуелете ән шырқайды. Қазір Арыс қаласындағы «Әжелер» ансамблінің белді мүшесі. Облыстық «Мақтанышым – мерейім» байқауынан жүлделі үшінші орын алып оралды. «Біз естімеген бір ән» байқауында екінші орынды еншіледі. Мұнан соң ол қолға түспейтін өнерпазға айналды. Әсіресе, кәделі той-жиындарда, мерейлі мерекелерде, қалаулы құдалықтарда арыстықтар Роза апайын арнайы шақыратын болған.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын шамасы, Шымкент қаласында құдалықта отыр еді. «Әзіл әлемі» телехабарын жүргізуші Тұрсынбек Қабатовпен осында танысты. Ол да осы құдалыққа арнайы шақырылған екен. Тұрсынбек апайының мандолинамен сызылта салған сазды әуендерін тыңдап, тамсанды, қайран қалды. «Ел іші – өнер кеніші» деген осы екен-ау. «Апа, өнеріңізге тәнтімін. Сізді арнайы бағдарламама шақырсам, келермісіз?» деп қиылды Тұрсынбек.

Содан Роза Сейітқасымова ару Астанаға артынып-тартынып жол жүрді. Тыңдармандар ол салған «Еркежан» әнін сүйсініп тыңдады. Қайта-қайта қол соғып, сахнаға шақырған. Сөйтсе, уақыт шіркін мұнда өте қат болады екен ғой.

– Баяғы Шәмші ағаңыз құлақ күйін келтіріп берген мандолина әлі өзіңізде ме? – деп сұрадым Роза ападан.

– Оны Арыс қаласындағы музейге өткізгенмін. Мынаны Санкт-Петербургтен арнайы алдырдым, – деп ол маған қолындағы мандолинасын көрсетті.

Роза апа Құдай қосқан қосағы Бектіораз Сейітқасымовпен бірге 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларының барлығы өз алдарына жеке отау.

Арыс қаласындағы «Әжелер» ансамблінің әсем дауысты бір мүшесі Роза Сейітқасымова, міне, осындай жан. Ол әуезді әндерімен, мандолинаны өте шебер орындайтынымен талайларды сүйсіндіріп жүр.

«Арыстың ақжолтай анасы» атанған оған өнер көгінде қанатың талмасын деген тілек айтамыз.

Арыс қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ