Руханият 0 пікір 2427 лайк

«Ардаханнан өз еліме ұқсастықтарды іздедім»

Қараша 06 / 2018

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Біз сөз еткелі отырған Нұрбек Нұржанұлы Түркияның Ардахан университетінде Түркі халықтары әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жүр. Талапты жас Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған соң магистратураны шетелде оқуды армандайды. Дегенмен, сәті түсе қояр деген ойы болмапты. Қазір шекара асып, шетте жүрген ол түбі бір түркі халықтарының әдебиетін зерттеп, тереңіне үңіле бастаған.

 

– Түркияға тәуекелмен келдім, – дейді әңгіменің иірімін бауырлас елге бұрған Нұрбек. Түрік тілін осында келген соң жарты жыл жүріп үйрендім. Ардахан – шағын әрі сұлу қала. Ал, 2008 жылы ашылған Ардахан университеті таудың етегінде орналасқан. 2008 жылы салынғандықтан оқу орнының ғимараты жаңа. Мұндағы таулы, орманды аймақ қазақтың жазира даласын, орман-тоғайы мен тау-тасын жиі-жиі еске түсіреді. Қазақстанмен салыстырсақ, Түркияда киімнің бағасы арзан. Бірақ, тамақ пен қоғамдық көліктердің жолақысы жоғары екен.

Нұрбек Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақмерен ауылында өмірге келген. Жырақта жүрген жерлесімізден өзге елдегі оқу үдерісі мен өзі білім алып жатқан қала жайында сұрағанда түрік елінің солтүстігінде орналасқан аядай қаланың артықшылықтарын жіпке тізер деп күткен едік. Алайда, ол түріктер мен қазақтардың ұқсас тұстарын айта бастады. Оның «біздің елде», «біздің қазақта», «біз жақта» деп басталатын сөздерінен туған елге деген сүйіспеншілігі аңғарылып-ақ тұр. «Бұл елдің маған салт-дәстүрлері мен сөйлеу мәдениеті, адамдармен қарым-қатынас жасауы қатты ұнады. Біздің қазақ сияқты қонақжай ел екен. Сосын біздің қазекем сынды шайды да көп ішеді. Ауылда түстің, бестің, кештің шайы деп кете беруші еді ғой… Оған қоса Түркияда тарихи орындар өте көп. Қазақстан да киелі орындардан, төбелер мен кесенелерден кенде емес» дейді ол.

Оның айтуынша, қай елде болсын жастарға артылатын жауапкершілік жоғары болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда жастардың Еуропаға еліктеуі белең алып барады. Осы көзге оғаш дүниелерді ол Ардахан қаласынан да байқапты. Жігіттердің шаштарын өсіріп, өруге құмбылдығы, ер азаматтардың қолтықтасып жүруі оған ерсі көрінген.

– Түркияда студенттер негізінен кредиттік жүйемен оқиды. Қазақстанда оқығанымда бізге ұстаз бен өтілетін дәрістерді таңдауға ерік берілетін. Осы жағынан келгенде екі елдегі оқу орнының білім берудегі әдістері ұқсас. Біздің елдегі оқу үдерісін басқа елдерден кемшін деп айта алмаймын. Алайда, бұл жүйенің Қазақстанға жеткеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Айырмашылығы Түркияда дәріс сағаттары аз болғанымен, тапсырмаларды үйіп-төгіп береді. Ең ұнағаны, мұнда студенттерге деген сенім қалыптасқан. Олардан тапсырманы орындау талап етілсін, етілмесін, студенттердің барлығы оған жауапкершілікпен қарайды, – дейді ол. Сонымен қатар мамандығы бойынша әр ұлттың әдеби шығармаларынан сусындап жүрген Нұрбек қалада кітап оқу жақсы қалыптасқанын, тіпті көшеде кітап құшақтап жүрген жастарды жиі көретінін айтады.

Ұлт зиялыларының жазбаларын ақтарсақ әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ азаматтарының ізі қалған. Олар оқу іздеп, алған білімдерін туған елін көркейтуге жұмсады. Бүгінгі таңда да кейіпкеріміз сияқты ұлттың болашағы жарқын болуы үшін білім іздеп, жат елде жүрген жастар жетерлік. Нұрбек те оқуын бітіріп, Қазақстанда қызмет еткісі келетінін айтты. Ал, туған елі білімді, білікті өз перзенттерін асыға күтетіні даусыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ