Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Үш күнде – үш жарым мың құқықбұзушылық

Қараша 03 / 2018

 

Түркістандық полицейлер үш күндік «Қауіпсіз жол» шарасында жол жүру ережесіне қатысты 3,5 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтады. Олардың ішінде ішімдікке сылқия тойып, көлік басқарған 39 жүргізуші ұсталса, жылдамдықты арттырған – 179, маневр жасау тәртібін бұзған – 123, бағдаршамның тыйым салынатын белгісінен өтіп кеткен – 24 және қарама-қарсы жолаққа шыққан 6 дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, жолда ұялы телефон пайдаланған – 441, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 658, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 33 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

 

Сондай-ақ, профилактикалық шара кезінде көлігін техникалық байқаудан өткізбеген 154 жүргізуші белгілі болса, жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 3 жүргізушінің әрекеті әшкере болды. 216 жүргіншіге жол-көлік қозғалысын бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – аса қиын әрі күрделі іс. Бұл орайда жол полициясының еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Олар қауіпсіздік үшін қолдан келер мүмкіндіктің бәрін жасап, тиісті шаралар қабылдауда. Алайда, жол үстіндегі жауапкершілікті жаяу жүргіншіден бастап темір тұлпар тізгінін ұстаған әр жүргізуші сезінбесе, айтылған сөздің айдалаға кеткені, еңбектің зая кеткені. Қара жолда күн-түн демей кезекшілікке шығып, қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің де айтары осы.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз маманы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ