Заң-заман 0 пікір 2408 лайк

Медиацияның мүмкіндігі мол

Қараша 03 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

«Соттағы татуласу рәсімдері» – Жоғарғы Сот тарапынан ұсынылған жаңа жобалардың бірі. Осы жылдың мамыр айында іске қосылған пилоттық жоба дауласқан екі тарапты бітімге келтіріп, уақыт пен қаржыны үнемдеуді көздейді. Жақында Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында осы жобаны іске асыруға арналған «дөңгелек үстел» мәжілісі өтіп, мамандар медиация институтын кеңінен қолданысқа енгізу жайын ортаға салды.

Аудандық соттың төрағасы Ермахан Рахымбердінің айтуынша, жыл басынан бері 208 іс татуласу рәсімімен аяқталған.

– Медиация қызметінің тиімді жағына көз салсақ, бұл қызмет ең алдымен қоғамды ізгілендіруге жол ашады. Мәселен, медиаторлар кінәлі немесе кінәсізді іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды. Ал, мұндай жолмен түзілген келісім тараптар арасындағы байланысты одан әрі сақтауға, олардың өзара сыйластығын нығайтуға септігін тигізеді. Қазір аудандық сотта арнайы медиация кабинеті бар. Онда іс жүргізуге қажетті барлық жағдай қарастырылған. Тағы бір атап өтетін жайт, кейбір қылмыстық істер медиацияның көмегімен шешіліп жатыр, – деді Ермахан Еркінұлы.

Басқосуда Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісі басшысының міндетін атқарушы Н.Байтілесов, Қаратау аудандық сотының судьялары Ж.Мүсірәлі, Л.Әуелбекова, кәсіби медиатор В.Жүсіпова медиацияның мүмкіндіктері жайында келелі әңгіме қозғап, татуластыру рәсімдерін кеңінен насихаттауға назар аударды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ