Қайырымдылық ұлтқа бөлінбейді

Қараша 03 / 2018

 

Спортшы десе көз алдымызға қара күш иесі мен жолындағының бәрін жайпап өтетін дүлей адамдардың елестейтіні жасырын емес. Иә, расында да, қара күш пен жігер болмаса спортта белгілі бір жетістікке жету қиын. Алайда, сол күш иелерінің екінші бір жағына үңіліп көрген жан бар ма екен?! Олар робот емес қой. Оларда да алақандай жүрек бар, мейірім бар. Адамға тән сезімді олар да бастан кешіреді.

Теннис және футболмен айналысатын спортшылар әлемдегі ең бай адамдардың қатарында. Оған бір жекпе-жекке шыққаны үшін миллиондап ақша алатын кәсіпқой боксшыларды қосыңыз. Мұхиттың арғы жағындағы баскетболшылар мен хоккейшілердің де «иттері дөңге шығып үреді». Атақты спортшылардың аты-жөндерінің өзі әлемдік брендтен түспейді. Есімінің өзі ақша табатын осындай тұлғалардың арасында байлығының бір бөлшегін қайырымдылық үшін жұмсаған жандар аз кездеспейді. Керек десеңіз, сол

қайырымды спортшылардың адамзатты бөліп-жарып, ұлтына, дініне, нәсіліне қарап мейірім танытқанын естімеппіз. Бүгін біз осындай қайырымды спортшылар туралы айтамыз.

 

Криштиану Роналду

Соңғы 10 жылда әлем футболының жарық жұлдызына айналған португалдық футболшының қайырымдылық істері өте көп.

2014 жылы испаниялық жас отбасы өздерінің 10 айлық науқас баласына көмектесуін сұрап, Крироға хат жазады. Футболшы ойланбастан келісіп, 60 мың еуроның чегін науқас баланың әкесінің қолына ұстатады. Одан соң ол баланың дұрыс ем қабылдауы үшін тағы

8 мың еуро қаржы жұмсапты. Бұл – Роналдудың қайырымдылық ісінің алғашқысы емес еді. Ол 2012 жылы өзінің 9 жасар жанкүйері Нуазета есімді баланың операциясы үшін қыруар қаржы бөлген. Бұл екі науқас бала Криштианудың ет-бауыр жақыны емес. Керек десеңіз, ұлттары да бөлек.

2015 жылғы УЕФА чемпиондар лигасын жеңіп алған футболшы осы турнир үшін алған сыйақысының барлығын науқас балалардың еміне аударған. 2016 жылы Португалия футболдан Еуропа чемпионы атанғаны белгілі. Ал, команда капитаны Роналду сол чемпионаттан алған 245 мың. еуроны онкологиялық кеселге шалдыққан балалардың еміне жұмсаған. Осы уақытқа дейін Криштиану Роналду 10 млн. еуроны қайырымдылық мақсатында арнайы қорларға аударыпты. Бұл – әлем спортшыларының арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Осыншама ақшаның бәрін Криштиану бір Португалияның емес, бүкіл әлемдегі ауру, жағдайы төмен отбасылардың керегіне жұмсады.

 

Лионель Месси

Криштиану мен Лионель «Алтын доп» алудан ғана жарыспайды. Олар қайырымдылық жасап та жарысады. 2012 жылы Саод әл-Афани есімді марокколық азамат Мессимен телефон арқылы сөйлеседі. Сонда ол өзінің 12 жасар ұлы Валидтің айықпас дертке шалдыққанын айтып, көмек сұрайды. Айта кетерлік бір жайт, Валидке дәрігерлер «бой өсіру гармонының жетіспеуі» деген диагноз қойған. Бұрын дәл осы аурумен 12 жасар Месси де ауырған еді. Марокколық балаға көмектесуге бел байлаған Лео 6 жыл қатарынан оның еміне ақша аударып отырған. Жүректің ішіне жүрек салған бүгінгі медицинада емі жоқ ауру да қалмады. Бәрі де қаржыға кеп тіреледі. Мессидің мейірімділігі марокколық баланың өмірін сақтап қалды. Көмектесемін десе Аргентинада мұқтаж, науқас балалар табылмай қалған жоқ қой. Бұл да адамға тән қасиеттің – ұлтқа бөлінбейтіндігінің айқын көрінісі. Бұдан кейін де аргентиналық футболшы талай балалардың емі үшін ақша аударды, талай қайырымдылық ойындарын өткізіп, түскен ақшаның мұқтаж жандарға жетуі үшін ықпал жасады.

 

Мария Шарапова

Ресейлік теннисші қыздың да ауыз толтырып айтарлық қайырымдылық істері бар. Басы даудан арылмайтын теннисші 19 жасында-ақ БҰҰ-ның елшісі болған. Чернобыль апатынан зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру мақсатында Шарапова өз қалтасынан 100 мың. доллар бөлген екен. Ресейдің Нягань қаласында дүниеге келген теннисші қыздың алақандай жүрегі Чернобыль апатынан зардап шеккендер үшін қан жылады. Нәтижесінде табысының үлкен бөлігін өзіне жат мекенде тұрып, жапа шеккендер үшін бөлді. Сондай-ақ, теннисші қыз өзінің атымен шығатын тәттілерді сатудан түскен 2 млн. рубльді Ресейдегі балалар үйлеріне жұмсаған екен.

 

Мбаппе мен Ребич

2018 жылғы Ресейдегі әлем чемпионаты аяқтала салысымен әлемдік БАҚ франциялық Килиан Мбаппе мен хорватиялық Анте Ребичтің ерлігін жарыса жазып жатты. Жарыса жазатындай не істеді дейсіздер ғой?! 19 жасар шабуылшы Килиан осы чемпионаттың ең үздік жас футболшысы атанды. Сондай-ақ, оның құрамасы құрлықтық додада топ жарды. Командасын алға сүйреген Мбаппе осы чемпионатта 470 мың. доллар сыйақы алған екен. Ол осы жарты миллион долларға жуық ақшаны ұлтына да, дініне де қарамай мүгедек балаларды оқытуға арналған халықаралық ұйымның қорына аударған да жіберген. Жарыса жазатын іс пе? Иә. Мансап, атақ, дүние қуып, алып- ұшып тұрған 19 жасында үлкен жүректі азаматтардың ісін істеген Мбаппеге жүрек алақаныңызбен еріксіз қол соғасыз.

Ал, хорват футболшысы Ребич болса өзінің туған жері Имоицк ауылындағы 500 тұрғынның несиесін жабуына көмектескен. Осылайша футболшы саяси, қаржылық қиындықтармен арпалысып жатқан еліне көмектескен. Шаңырағы ортасына түскелі тұрған Отанының бір бұрышын көтеріпті. Бұл да әлемдік БАҚ-тың жарыса жазатын-ақ тақырыбы.

 

P.S. Қайырымдылық жасаудан қазақ футболшылары да кенде емес. «Астана» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының ойыншысы Абзал Бейсебеков қасиетті Рамазан айында қайырымды іс жасауды ұйғарыпты. Ол Маңғыстау облысы Жетібай кентінде тұратын көпбалалы отбасыға пәтер сыйлаған. 7 баланың ата-анасы Қуатбай мен Айгүл футболшының бұл ісі үшін дән риза.

Былай қарап тұрсаңыз бұл ақшалар олардың жылдық табысының бір бөлшегі ғана. Бірақ, қаншама өмірді аман сақтап, нешеме тағдырды қуантты. 7 миллиардқа жуық тұрғыны бар Жер дейтін планетаңыздың адамзаттың ортақ мекені екендігін, ұлтқа, нәсілге бөлініп, соғысудың бекер екендігін ұқтырды. Миллиондаған жүректі жылытып, көңілдеріне мейірім ұялатты. Әлемде әлі де руханияттың тірі екенін ұқтырды. Адамзаттың руханияттан алыстамағанын дәлелдеп берді. Демек, әлем руханият өлкесінде ізгіліктің ұрығын себуге құштар деуге болады.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ