Экономика 0 пікір 2402 лайк

Базар жағалап жан бағып жүргендер кімдер?

Қараша 03 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Биылғы жаз мал шаруашылығы үшін қолайсыз болды. Ерте көктемде жауын-шашын аз болып, қырдағы шөп ерте қурады. Ала жаздай өз аяғымен жүріп жайылатын төрт түлік қысқа қарай қолға қарап қалған соң біраз шығынға батырады. Жем-шөбі жоқ шаруа «кәрі құда» қыс қыспаққа алмай тұрып мал басын азайтудың қамын жасайды. Ал, қырдағы малдың қаладағы базарға қарай ағылуы адам баласының үшінші байлығы саналатын он саулыққа деген сұранысты азайтады. Сұраныс жоқ жерде баға да жоғары болмайтыны белгілі.

Жалпы, биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығы саласындағы біраз мәселенің құлағын қылтитып берді. Базардағы малдың бағасы оның азық-түлігінің көлеміне қарай өлшенетіні белгілі. Десек те, жылдың бәрі бірдей жайлы бола бермейтінін ескеріп, мал азығын ерте бастан қамдап қоюға болмас па еді деген ой келеді. Қуаңшылықтың кесірінен құнсызданып, арзымаған тиын-тебенге сатылған мал-мүліктің орнын толтыру оңай емес. Ал, алыпсатарлардың аңдығаны да осы – арзан алып, қымбатқа сату.

Арзан алып, үстеме баға қойып сататындар мен арық малды алып, семіртіп сататындардың қоғамға берері екі бөлек. Алғашқы-ларының әрекеті алаяқтыққа келетін болса, кейінгісі керісінше адал еңбектің бар екенін аңғартады. Өйткені, арық малды аяққа тұрғызып, қоңды ету де екінің бірінің қолынан келмейді. Рас, бір кездері ауылдан келген малды көтерме бағамен алып, жеке-дара сататындар көп еді. Ал, қазір бірер ай бағып, семіртіп сататындар көбейген. Біз мұны Шымкент қаласының іргесіндегі мал базардан да, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ базарынан да аңғардық.

Базар жағалап, жан бағып жүргендердің айтуынша, былтырғы осы кезбен салыстырғанда бағада анау айтқандай өзгеріс жоқ. Мысалы, уақ малдың орташа бағасы былтыр 10-20 мың теңге болса, биыл 15-25 мыңды құрайды. Қара малға қарағанда уақ малға сұраныс көп. Ал, жылқы малына қай кезде де сұраныс жоғары. Әсіресе, бағуға қолайлы тай, құлындар қолдан-қолға тимейді. Себебі, жас мал тез оңалады. Семіз қойлар да алыпсатарлардан артылмайды. Осы-лайша нарық заңын жетік меңгерген делдалдар мен алыпсатарлар заман талабына сай өз кәсіптеріне әбден маманданып алған.

Облыс бойынша жиырмадан астам мал базары бар болса, соның ішінде Сайрамдағы «Қарабұлақ» сауда орталығы жайлы айтылар әңгіме көп. Тек өз елімізді ғана емес, сонымен бірге көршілес елдерді де етпен қамтамасыз ететін Қарабұлақ ауылына арнайы келіп, сауда жасайтын шетелдіктер де бар. Аты әйгілі ауыл жол-жөнекей кіре кететін трассаның бойында да емес. Сонысына қарамай қай кезде де саудасы қыз-қыз қайнап жатады. Бұл – көзін тапқан адам қалай болсын өз кәсібін шыр көбелек айналдырып әкетеді деген сөз. Яғни сауда қыздыру үшін тоғыз жолдың торабында отыру міндет емес. Тек көзін тапсаң болғаны. Осылайша ауылдың қаншама адамы жұмыспен қамтылып отыр.

Өзін Ерғали деп таныстырған жігіт ағасы көп жылдан бері мал алып, сатумен айналысады. Әр аптаның сәрсенбісі күні таңертең Қарабұлақтың базарынан табылатын ол өзінің табысы жаман емес екенін айтады. «Бұл базарға келген малдың кері қайтқаны сирек кездеседі. Өзім бұл кәсіппен біраз жылдан бері шұғылданамын. Алғашқыда ақша керек болып үйдегі екі өгізшені алып келдім. Есіктен кірмей жатып сауда басталды. Екі өгізді 250 мың теңгеге сұрады. Көңілге қонымды баға болған соң көп саудаласпай бере салдым. Сөйтсем, олар алыпсатарлар екен. Менің көзімше үстіне он мың теңге қойып, басқа біреуге сатты. Қолдан-қолға өтіп кеткен өгізше сол күні кешке дейін өзінің кезекті клиентін күтіп тұрды. Араға бірер ай салып базарға қайта бардым. Көзтаныс болып қалған кісі баяғы өзім сатқан өгіздердің байлауда, бағылып жатқанын айтты. Осылайша ауылдан келген жас малдарды қалайда алып қалатындар саудасы келсе сатып, болмаса бағып, әйтеуір кәдеге жаратады екен. Бір жақсысы, олардың барлығының дерлік үйінде мал бордақылайтын орындар бар. Тіпті, кейбіреулері шұжық дайындайтын шағын цехтарды іске қосып қойған. Бұл бір жағынан келген клиентті өзіне тартудың амалы болса, екінші тараптан қаншама тұрғын жұмыс тауып отыр. Сәрсенбі күні баға қалай болатынын алдын-ала болжап, біліп отырады. Себебі, жексенбі күнгі Шымкенттің базарындағы баға алдағы болатын нарықтың барометрі болса керек».

Міне, осылайша мал бизнесін жетік меңгергендер жоқтан бар жасап, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген жайы бар. Бұл жұмыссыздықты сылтау етіп, ертелі-кеш қол қусырып отыратындар үшін сабақ болса құба-құп болар еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ