ОН ҰЛ ТАПҚАН АНА

Қараша 01 / 2018

 

Өмірге он ұл-қыз әкелген аналар қатары да сиреп барады. Бұрынырақта болмаса, соңғы 10-15 жылда он бала туғандар аз. Ал, құрсағынан кілең ұл өрбіген аналар тіптен сирек.

 

Бәйдібек ауданының Шақпақ ауылында тұратын Жұпаркүл Керімбекова сол сирек аналардың санатында. Дүниеге 10 ұл әкеліп, оларды мәпелеп өсірген ананы қалай мақтасақ та жарасады емес пе?!

Жұпаркүл ана – Созақ ауданындағы Бабата ауылының қызы. Шадыхан Сүлейменов екеуі көңіл жарастырып,  Бәйдібекке келін болып түскен. Екеуі осылайша он ұлдың ата-анасы атанды. Қазір он баланың тоғызы өз алдарына түтін түтетіп отыр. Бір өкініштісі, отағасы Шадыхан мен кенже ұлы Еркебұлан бірнеше жыл бұрын қайтыс болды.

Ет жақындарының өмірден озғаны жүрегін шерге толтырса да, Жұпаркүл ана шүкіршілігінен танбаған, Аллаға өкпесі жоқ. Барға қанағат дейді. Қазір тоғыз ұлдың қосақтары – тоғыз келіні әулеттің дәулетін асырып, алтын құрсақты ананың ақ батасымен ұрпақ өрбітуде.

Қимылы ширақ, жүзінен нұры төгілген жетпісті алқымдап қалған Жұпаркүл ананы он бала тапқан дегенге сену қиын. «Қызы жоқ үй..» деп әбіржіп, тұрмыстың тауқыметін бір өзі тартып болдырып қалмаған. «Үйдің тірлігіне шаршағанда қолғабыс етер, шіркін-ай, қыз болса» деп армандаған боларсыз дейміз сыр суыртпақтап.

– Жоқ, олай деп налымаппын. Ондай ой болмаған да сияқты. Әр ұл іңгәлап өмірге келгенде отағасы екеуміз тәубе деуден танған жоқпыз. Қазір келіндерім моншақтай-моншақтай қыздарды дүниеге әкеліп жатыр ғой, – дейді ағынан жарылған Жұпаркүл ана.

Ұлдың тұңғышы Мұхамеджан – театр суретшісі, Самат мен Марат – теміржолшы, Болат – қара шаңырақта, ауылда мұғалім, Қанат – электрик, Бағдат – телеоператор, Әділхан құрылысшы, еурожөндеумен айналысады, Қалыбек те теміржолшы, Ержүрек – тіс дәрігері. Міне, бір ұядан ұшқан ұлдар бір-бір саланың білікті мамандары. Перзенттерінің Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғұмыр кешіп, өмірден өз орындарын тапқаны ана үшін зор бақыт.

Қазір 30 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Жұпаркүл ананың шаңырағында бауырмалдық, бірлік пен береке салтанат құрып, көпке үлгі болуда. Қазақта «алты ұл тапқан ананы ханым десе болады» деген қанатты сөз бар. Біз он ұл тауып, өсіріп бағып-қаққан Жұпаркүл ананы жаным десек те, ханым десек те жарасады.

Эльмира ЖАМАШОВА. Шақпақ ауылы, Бәйдібек ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ