Экономика 0 пікір 2391 лайк

Адам капиталы – басты байлық

Қазан 30 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қарапайым қазақстандықтар ел экономикасының өсімін, тұрмыстық ахуалының жақсарғанын сезіне білуі керек. Сол үшін де мемлекет азаматтардың табысы мен тұрмысының артуына бар жағдайды жасап отыр. Елбасы Жолдаулары мен реформаларының түпкі мәні де осыған келіп саяды. Экономикалық жетістіктердің нәтижесі әлеуметтік мәселелердің шешілуі арқылы бағалануы тиіс. Яғни елдің жағдайы жақсарса, соған сай әрбір тұрғынының тұрмысы да артуы керек деген сөз. Қоғам тұрақтылығының бір өлшемі осы әлеуметтік мәселеде жатыр.

 

Кедейшілікпен күресте салғырттық таныту сол қоғамды өзге де тұрақсыздықтарға әкеп соқтыруы мүмкін. Бүгінгі таңда адамдар неліктен Африка мен Азия құрлығынан Еуропаға ағылып жатыр? Оңтүстік Америка елдерінің тұрғындары жаппай АҚШ-қа бет алған. Өйткені, кедейшілік, жұмыссыздық, күнкөрістің төмендігі адамдарды осындай қадамдарға баруға мәжбүр етуде.

Сондықтан да Елбасының биылғы Жолдауын қазақстандықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға арнауы тегін емес. Табыс пен тұрмыс әрдайым егіз ұғым ретінде қарастырылуы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттің табысы өскен сайын халықтың да әлеуметтік тұрмысы жақсара түседі. Экономикалық өсімі қалыпты елге шетелдік инвесторлар да инвестиция салуға қызығады. Керісінше, кедейшіліктің шегінде өмір сүрген, қоғамын тұрақсыздық жайлаған мемлекеттерге қаржы салуға инвесторлар күдік-күмәнмен қарайды. Күнкөрістің нашарлығы, еңбекақының аздығы тағы бір әлеуметтік проблемаға ұрындырады. Ол – білікті мамандардың жоғары табыс іздеп шетелдерге кетуі. Адам капиталы – мемлекеттің басты байлығы. Осы ретте цифрлық жүйеге көшіп, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатқан еліміз үшін кәсіби мамандар ауадай қажет. Ал, оларды елде қалып жұмыс істеуге итермелейтін жалғыз нәрсе – еңбекақы мен табыстың жоғарылығы.

Әлемдік рейтингтерде Қазақстан жылдан-жылға алға жылжып келеді. Экономикалық өсім динамикасы, бизнес жүргізуге жағдай жасау көрсеткіштері бойынша еліміздің мәртебесі әлемдік рейтингте сатылай жоғарылауда. Бұдан өзге де көрсеткіштерді жақсарту мәселесінде республикада көптеген істер қолға алынуда. Соның бірі – жан басына шаққандағы жекелей табыстың артуы. Президент тапсырған ең төменгі айлық жалақының өсімі тікелей осы көрсеткіш дәрежесінің жоғарылуына септігін тигізеді.

Осы орайда Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан еңбекақыны өсіру жөніндегі тапсырмасын түркістандық кәсіпкерлер зор ықыласпен қабылдап, оны орындау мәселесінде нақты нәтижемен артып отыр. Айталық, өңірдегі ірілі-ұсақты 88 кәсіпорында келесі жылдан бастап еңбеккерлердің айлық жалақысы біршама деңгейге өсетін болды. Мәселен, осыған дейін жұмысшыларына ең төменгі жалақы ретінде 30 мың теңгеден төлеп келген «Ордабасы құс», «Бәйдібек-несие», «Агро 5», «Оңтүстік кірпіш» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері еңбекақыны 39-50 мың теңгеге дейін көтергелі отыр. Тіпті, қарамағында он шақты ғана адам жұмыс істейтін «Бақтияр» жеке кәсіпкерлігі, «Тәңірқұл» шаруа қожалығы сынды шағын бизнес нысандары да айлық жалақыны қосымша 10-12 мың теңгеге өсіруге бел байлаған. Жұмыскерлерінің әлеуметтік жағдайын ойлаған мекемелердің арасында «Шардара ГЭС» АҚ, СТК «Хамит» сияқты облыстың кірісін еселеп отырған ірі кәсіпорындар да бар. Бұған дейін «Каз Бетон» ЖШС-нің жұмысшыларына орташа айлық жалақы 95960 теңгеден төленіп келсе, жаңа жылдан бастап олардың ең төменгі еңбекақысы 143940 теңгеге өсетін болды.

Осылайша, өңір кәсіпкерлері Елбасы Жолдауында айтылған мәселелерге қолдау білдіріп, халықтың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру бағытында өзіндік үлестерін қосуда. Президент бастаған реформалар елдің әл-ауқатын көтеруге арналғандықтан оған әрбір азамат үн қосуға міндетті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ