Экономика 0 пікір 2387 лайк

Жетісай шаруалары 120 мың тонна мақта жинады

Қазан 30 / 2018

 

Жетісай ауданында 120 мың тонна мақта жиналды. Өнімділік гектарынан 25 центнерден түсті. Десек те, ауданда мақта теру науқаны әлі де жалғасуда. Жетісайлық шаруалар енді бірер күнде бірінші терім жұмыстарын толығымен аяқтайды.

 

Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 48226 гектарға мақта дәні себілген. Болжам бойынша әр гектардан 24,6 центнерден өнім алу күтілген болатын. Ал, биылғы гектар түсімі 25 центнерге жетіп отыр. Мақта түсімділігі жағынан Ж.Ералиев ауыл округі оқ бойы озық келеді. Мұндағы шаруалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 29 центнерден өнім алса, Жаңаауыл ауыл округі 26,8, Ынтымақ ауыл округінің мақташылары

26,5 центнерлік түсім көрсеткішін көрсетіп отыр.

Биыл аудан бойынша мақтадан ең көп өнім алған Қарақай ауыл округінің мақташылары болды. Қазірдің өзінде мұндағы шаруалар 14 198 тонна, Жылысу ауыл округі 13 783 тонна, Атамекен ауыл округі 13 502 тонна «ақ алтын» жинап үлгерген.

Мақталықтан жақсы нәтиже көрсеткен қожалықтардың қатарында Мақталы ауыл округі, Алмалы ауылындағы «З-Асаната» фермерлік қожалығы да бар. Аталған қожалық биыл 160 гектарға мақта дақылын сеуіп, 400 тоннадай «ақ алтын» алуды жоспарлап отыр. Қожалық мақтаның әр гектарынан 30 центнерге дейін өнім жинауда. Қазірдің өзінде олар өзіне тиесілі 100 гектардан мақта теріп біткен.

 «Бізде техника жеткілікті. 1 «Джондир» комбайны тәулігіне 30 гектарға жуық жердің мақтасын теруге қауқарлы. Бұдан бөлек бір мақта қабылдау бекеті, 5 трактор бар. Қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған» дейді қожалық төрағасы Оспан Асанов.

«З-Асаната» фермерлік қожалығы – «Джондир» комбайнын ауданға алғаш әкелгендердің бірі. Бұл ретте олар мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы құны 150 млн. теңгеге техника сатып алыпты. Қазіргі таңда заманауи техникалардың тиімділігін көріп отыр.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Қуаныш ӘУЕЛБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ