Олар әлемді мойындатты

Қазан 30 / 2018

 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Латвия Республикасының Даугаваплис қаласынан сүйінші хабар келді. Осы қалада гір көтеру спортынан өткен әлем чемпионатында шардаралық спортшылар чемпион атанды. Дәлірек айтсақ, әуесқойлар бойынша жастар арасында 63 келі салмақта өнер көрсеткен Медет Әуесбек үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске жетті. Чемпиондық тұғырға көтеріліп, еліміздің Әнұранын шырқатқан Медеттің бұл жеңісі біз үшін баға жетпес жетістік. Медеттің жеңісті жолын Нұрболат Ергеш одан әрі жалғастырып, қоржынымызға екінші алтын медальді салды. 70 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрболат өзінің мықтылығын әлемге мойындатып, абыройымызды асқақтатты.

 

Осы чемпионатта тағы бір шардаралық спортшы – Бақдәулет Шынтанов ІІ орынға ие болып, қоржынымызға күміс жүлде салды. Алтынға парапар бұл күміс жүлде де біздің мерейімізді тасытып отыр. Мұхан Әбдіраханов сынды білікті бапкерден тәлім алатын бұл спортшылар Шардараның ғана емес, күллі қазақ елінің мақтаныштарына айналды.

Шардара жерінен тұңғыш мәрте ашылып, биылғы жазда жұмысын бастаған облыстық №4 ОРМБЖСМ-де жаттығатын спортшылар осылайша аз ғана уақыт ішінде әлемдік деңгейде чемпиондық атақты иеленіп отыр. Арман Қарсыбаев секілді білікті бапкер басшылық жасайтын облыстық спорт мектебінен алдағы уақытта да әлем және олимпиада чемпиондары шыға береді деп сенеміз.

Шардара қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ