Протеин ішкен «ПАЛУАНДАР»

Қазан 27 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде халықтың қалтасын кім қақпай жатыр дейсіз? Жанармай жеткізетін операторлар, интернетке қосатын провайдерлер, қарыз беріп, пайызын алатын ломбардтар мен опа-далабын жарнамалаудан шаршамайтын желілік маркетингтік компаниялар...

 

Бұл тізімді ұзын-сонар етіп жалғастыра беруге болады. Қарапайым халық ай бойына белін жазбай еңбек етеді де, алған жалақысын осыларға бөліп беріп, қара-ап отырады. Алған тауары мен пайдаланған қызметі аса қажет болса мейлі ғой. Қазіргі жетілген маркетинг пен жылтырақ жарнама адамдарды түрлі жолдармен арбап, оларға бағасы удай қымбат, бірақ қажеті шамалы тауарларды тықпалап, өткізіп жібереді. Сән дейді, сапа дейді, ғылым мен инновация дейді, әйтеуір, иландырады...

Соңғы жылдары халықтың қалтасын осылай қағатын тағы бір бағыт пайда болды. Ол – спорттық тағамдар саудасы. Қазір басқа жақты айтпағанда, Шымкенттің әр екінші көшесінде осындай тауарларды сататын дүкенді кездестіресіз. Ол аз десеңіз, интернет-дүкендер де қалаған спорттық тауарыңызды үйіңізге жеткізіп беруге әзір. Тек ақшасын төлесеңіз болғаны. Тақырыпқа тереңірек ену үшін Шымкент қаласы, Тәукехан даңғылының бойындағы осындай дүкендердің біріне бас сұққан едік...

Сатушысы Сергей есімді жас жігіт екен. Оның өзі сол спорттық тағамдарды қолданатыны бірден байқалды. Әрі сатушы, әрі жарнама жасаушы шығар, кім білсін. Ұлымның тым арық екенін, бұлшық еттерін өсіру үшін протеинді қолданғысы келетінін, жаттығу залына баруды бастағанын айттым. Сергей біз ойлағандай «ә, мінекиіңіз» деп тауарды қолыма ұстата салған жоқ. «Ұлыңызды ертіп келіңіз, оның салмағын өлшеп, соған орай қажетті мөлшерін ұсынамыз, оны көрмей, білмей сата алмаймыз» деді.

Дүкен сөрелері әдемі қаптамадағы, құтыдағы спорттық тағамдарға толы. Витаминдер мен минералдар, креатиндер, глютаминдер, тестостерондар, амин қышқылдары, шейкерлер мен энергетиктер... Сөреде мұның әрқайсысының сан алуан түрі самсап тұр. Дегенмен, спорттық тағамдардың ішінде ең танымал әрі сұранысқа ие екі түрі бар. Олар – протеиндер мен гейнерлер. Біз, ең алдымен, осы тағамдардың бағасына назар аудардық. «Казеин» атты сауда белгісі бар протеин өнімінің бағасы – 22 300 (!) теңге. Адамның дене салмағының әр келісіне күнделікті 3 грамм ақуыз керек. Егер сіз оның тең жартысын осы биологиялық белсенді қоспадан алсаңыз, 60 келі салмағыңызға күніне 90 грамм протеин ішуіңіз керек. Ал, әлгі қаптамада бар-жоғы 1,8 келі ұнтақ бар. Яғни 22 300 теңгеге алған өніміңіз әрі кетсе 20 күнге жетеді деген сөз. Сонда бұлшық етін шындап өсіргісі келетін адам ай сайын

33 450 теңге жұмсауы керек. Құдай-ау, 33 мың теңге дегеніңіз еліміздегі орта статистикалық отбасының бір айлық азық-түлігіне жететін ақша ғой. Ал, қазіргі шолжаң жастар сол ақшаны сом денелі, сымбатты болу үшін ғана жұмсап жүр.

Осыншалықты қымбат тұрардай протеин деген не өзі? Протеин – ең кең таралған спорттық тағамдардың бірі. Ол – концентратталған сапалы ақуыз. Яғни кәдімгі тағамдарды жоғары технологиялардың көмегімен өңдеп, оның құрамындағы көмірсутегі мен майларды шығарып тастайды да, таза ақуызды ұнтақ етіп шығарады. Ақуыздан тұратын ұнтаққа су қосып ішіп аласыз да, жаттығу залына тартасыз. Негізінде ақуыздың адам ағзасындағы негізгі «құрылыс материалы» екені ғылымға бұрыннан белгілі. Ағзада ақуыздың мөлшері көбейсе, адамның бұлшық еттері өседі. Дегенмен, дәрігерлер протеин ішіп, жаттыққан адамның бәрі бірдей сом денелі, алыпқа айналып кетпейтінін айтады.

– Әр адам ағзасы – өзіндік ерекшеліктері бар жаратылыс. Оның осы ерекшеліктерін ескермей, түрлі биологиялық белсенді қоспаларды беталды іше беру адамның зат алмасу жүйесінің бұзылуына әкеп соқтырады, – дейді бірінші дәрежелі терапевт-дәрігер Эльвира Алдабергенова. – Мәселен, кейбір адамдардың арық болуы ақуыздың емес, көмірсутегінің жетіспеушілігіне байланысты болуы мүмкін. Егер ақуыз мөлшері онсыз да жеткілікті кезде биологиялық қоспа арқылы оған ақуыз берсеңіз, ағзаға оны өңдеу қиынға соғады. Өйткені, ақуызды өңдейтін ферменттердің тапшылығы пайда болуы мүмкін. Бұл асқазан мен ішек жолдарында жағымсыз әсерлер туғызады. Осы процесс ұзақ уақыт жалғаса берсе, бауыр қызметінде бұзылыстар пайда болуы мүмкін.

Дәрігерлер протеин кейбір адамдарда аллергия тудыруы немесе ас қорыту процесін бұзуы мүмкіндігін айтады. Ақуыз барлық адамдарға жаға бермейтін көрінеді. Кейбір зерттеулер бойынша протеин коктейлі қатерлі ісік ауруына алып келеді деген тұжырымдама жасалыпты, бірақ бұл болжам әлі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Сондай-ақ, соялық протеин ерлердің тестостерон гормонына кері әсерін тигізіп, олардың жыныстық жүйесінің қызметін бұзады деген пікірлер де кездеседі. Дегенмен, спорттық тағамдар, оның ішінде протеин жайлы нағыз шындықты ұзақ жылдар бойы Ресей олимпиадалық құрамасының дәрігері болған, травматолог-ортопед, профессор Анатолий Орлецкий айтыпты.

– Біріншіден, протеин ағзаға әсер етуі үшін ұзақ уақыт керек. Оны ішіп алып, жаттыққан адамның бұлшық еттері 2-3 айдың ішінде өсе қоймайды. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жылдар бойы жаттығу қажет. Екіншіден, қазіргі спорттық тағамдардың құрамы таза протеин болмауы да мүмкін. Өндірушілер аз уақытта нәтижеге жеткісі келетін жасөспірімдердің көңілінен шығып, тауары өтімді болуы үшін оның құрамына аздаған мөлшерде анаболиялық стероидтар қосады. Бұл элемент адамның иммундық жүйесін әлсіретеді. Потенциясына орны толмас зиян келтіреді, – депті ресейлік телеарналардың біріне сұхбат берген А.Орлецкий.

Оның айтуынша, протеин бұлшық еттің массасын ғана өсіреді. Бірақ, адамға қосымша күш-қуат пен төзімділік бермейді. Әрі бұлшық еттің тығыздығы мен сапасына кері әсер етеді. Яғни протеин ішіп, жаттыққан жігіттердің бұлшық еттері мен сіңірлері жарақат алса, оның жазылуы өте қиын болады. Тіпті, А.Орлецкий бірде жарақатты тікпекші болғанда спортшының бұлшық еті ыдырап кете бергенін, мұның бәрі анаболиялық стероидтар қабылдаудың салдары екенін айтыпты.

Негізінде адам дене шынықтырумен денсаулығын жақсартып, күшін көбейтіп, ерік-жігерін шыңдай түсу үшін айналысады емес пе? Ал, спорттық тағамдар денсаулыққа кері әсер етіп жатса әрі күшіңе күш, жігеріңе жігер, ақылыңа ақыл қоспаса, құр сом денеден не пайда?

Бұл ойымызды бокстан Қазақ-станның еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Сманов та қуаттады.

– Әдетте спортшылар допинг қабылдайды деп жатады. Өз басым ауыр жүктемеге байланысты жүрекке, бауырға қажетті дәрумендерді ғана пайдаландым. Мысалы, рибоксин, панангин деген сияқты. Көбінесе күшті, құнарлы тамақ жеуге тырыстым. Мұндайда өзіміздің қазы-қартаға ештеңе жетпейді. Сосын қара уылдырық алатынмын. Жаңғақ, өрік, мейізді де көп тұтындым. Спорттың өзге түрлерімен айналысатындар жақсы нәтиже көрсету үшін нені қолданғандарын білмеймін. Негізінде АИБА мен Олимпиадалық комитет бекіткен қабылдауға болмайтын препараттар бар. Мұны спортшылар жақсы біледі.

Меніңше, протеинді атлетикамен айналысатын «культуристер» денесін шығару үшін ішетін болуы керек. Ал, кәсіби спортпен емес, жаттығу залына барып жай дене шынықтырумен айналысатын жігіттерге мұның еш керегі жоқ. Өйткені, оның денсаулыққа зияны болмаса, ешқандай пайдасы жоқ. Адамның денесін өсіргенімен, күш-қуат бермейді, тыныс алуын жақсартпайды. Керісінше, ер адамның потенциясына қатты зиян келтіреді, – дейді Н.Сманов.

Негізінде кәсіби спорт пен денсаулық – екеуі бір арнаға сыймайтын ұғымдар. Спорттың қай түрі болмасын, онымен кәсіби түрде айналысқан кезде денеге шамадан тыс салмақ түседі. Спортшылар рекорд орнату үшін, өзінің, командасының, елінің даңқын шығару үшін саналы түрде денсаулықтарын құрбандыққа шалады. Ал, түбі кәсіби спортшы болмайтынын білетін, тек әуесқой спортпен немесе дене шынықтырумен айналысып жүргендер спорттық тағамдар ішіп несіне денсаулығына қатер төндіретіні түсініксіз.

Қазақтың бұрынғы батырлары мен палуандары тек қара күштің иесі ғана болмаған. Олардың ерік-жігері, намысы мен қайраты да мықты болған. Қала берді халқымыз күш-қайратына мінезі мен ақыл-парасаты сай келген ерлерді «батыр» деп мойындаған. Ал, қазіргі протеин ішіп палуан болғысы келетін бозбалалар мен жас жігіттердің бар ойлағаны сом денелі болып, айналасындағы достарына, қала берді бойжеткендерге жақсы әсер қалдыру. Бұл протеинге құмар жастардың тәрбиесі мен психологиясында да азды-көпті проблемалар барын аңғартпай ма? Әйтпесе, есті адам жұртқа мақтану үшін денсаулығын қатерге тіге ме? Бодибилдинг жұлдыздарына еліктеп жүрген жастарға ата- аналары, жаттықтырушылар мен мамандар денсаулықтың қадірін ұғындыруы тиіс шығар. Жалпы, жас толқынға батырлық білекте емес, жүректе екенін ұғындырудың жолын іздеуіміз керек сияқты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ