Бір ауданнан тоғыз чемпион шықты

Қазан 23 / 2018

 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан армрестлинг спортынан әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының құрама сапында өнер көрсеткен тоғыз шардаралық спортшы алтыннан алқа тағынып, әлем чемпионы атанды! 40-шы рет ұйымдастырылып отырған әлем біріншілігіне 50 мемлекеттің құрышбілекті спортшылары жиналып, өзара бақ сынасты. Жасөспірімдер және жастар, ересектер және ардагерлер арасында өткізілген дүбірлі бәсекеде «Шардара Армспорт» спорт клубының қол күресшілері ел намысын абыроймен қорғап, қоржынымызға 9 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль салды.

 

Түркия жеріне тастүйін дайындықпен аттанған жерлестеріміз биылғы чемпионатта өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бір чемпионатта тоғыз бірдей спортшының әлем чемпионы атануы бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл жеңістердің барлығы да айлар бойы төгілген тер мен ерен еңбектің арқасы екенін айтқымыз келеді. Алпауыт елдер арасында өткен байрақты бәсекеде мықтылықтарын кезекті рет мойындатып келген шардаралық спортшыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Енді әлем чемпионатында жеңіске жеткен ұл-қыздарымызды таныстырсақ.

Жасөспірімдер арасында өткен сайыста 50 келі салмақта Жүсіп Дархан, 55 келіде Қадыр Нұрхан, 60 келіде Сарыбай Ердәулет, 80 келіде Қаржау Есболат, қыздар арасында 65 келі салмақта Камал Ұлбала әлем чемпионы атанса, жастар арасында өткен сайыста 60 келі салмақта Өсербай Қыдыр, қыздар арасында Мәлікайдар Ләззат әлем чемпионы атанды. Ересектер арасында 55 келі салмақта Әбсаттар Дәурен, 65 келі салмақта Айдархан Нұрдәулет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Айта кетейік, Айдархан Нұрдәулет осымен төртінші мәрте әлем чемпионы атанып, өз салмағында дүние жүзінде тең келер қарсылас жоғын дәлелдеп отыр.

Ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп, күміс медаль тағынған жасөспірімдер арасында 75 келіде Айтбек Бекет, 80 келіден жоғары салмақта Арапбай Азамат, жастар арасында қыздардан 65 келідегі Мәлік Жұлдыз, ардагерлер арасында 100 келі салмақта Тағабаев Берік сынды спортшыларымыз бар.

Сол сияқты жасөспірімдер арасында өткен сайыста 65 келі салмақта Пірімбет Абзал, ересектер арасында өткен сайыста 70 келіде Ақтаев Талғат, 110 келіде Құттымұратов Медет есімді шардаралық қол күресшілер қола медаль иеленіп, үшінші орынды бағындырды.

Шардара қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ