Экономика 0 пікір 2327 лайк

Тұтынушылар жиналған қаржыдан хабардар болады

Қазан 23 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында бірқатар міндеттер жүктеді. Соның бірі коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу, табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласына тәртіп орнату қажеттігі, тұтынушылардан жиналған қаржы әлі күнге дейін ашық еместігі айтылған-ды.

 

Осыған байланысты жуырда ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «3-Энергоорталық» АҚ-да баспасөз туры өтті. Онда Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев пен «3-Энергоорталық» АҚ-ның бас директоры Жақып Хайрушев кәсіпорындағы жылдық инвестициялық бағдарламаның орындалуын, жылыту маусымының барысын мәлімдеді.

Жылу мен электр энергиясын құрамдастырып өндіретін кәсіпорынның жаздыкүнгі қуаты 80 МВт, ал, қыста 150 МВт болады.

– Ел Президенті өзінің халыққа арнаған Жолдауында коммуналдық қызметтер саласында да бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Соның ішінде тариф белгілеу мен тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы ашық болуы тиіс деген Елбасы сөзін толық қолдаймыз. Инвестициялық бағдарламаға салынған қаржының қайда бағытталып жатқанынан тұтынушыларды хабардар етіп отырамыз, – деді Ж.Хайрушев.

Айта кетейік, 2016 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан «3-Энергоорталық» АҚ-ның 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген болатын. Онда қондырғыларды жаңғырту мен жөндеуге 673 млн. теңгеден астам қаржы қаралған. Аталған қаржының 2018 жылға 143 млн. теңгесі бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Оған стансадағы электролизді қондырғыда және №1 турбоагрегатта күрделі жөндеу жұмыстары жүрген. Жөндеу жұмыстары бүгінде жылу маусымының сәтті өтуіне септігін тигізеді деп күтілуде.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Н.Жаңабаев 15 қазаннан бастап қаладағы көпқабатты үйлердің толық жылу жүйесіне қосылғанын атап өтті. Сонымен қатар, жұмысшылардың жалақысы да өсетінін мәлімдеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ