Экономика 0 пікір 2325 лайк

Теңге бағамының тұрақсыздығы неден туындады?

Қазан 23 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы кезде қаржы нарығында теңге бағамының тұрақсыздығы орын алуда. Теңге қазір еркін айналымда. Сондықтан оның құбылуына сыртқы және ішкі саяси-экономикалық факторлар әсер етуі мүмкін. Соңғы 10 жылда теңге үш рет девальвацияға ұшырады. Ұлттық валютаның 1 долларға шаққандағы құны 120 теңге еді. Содан 2016 жылдың басында 384 теңгеге дейін құлдырады. Биыл жыл басынан бастап 330 теңге көлемінде саудалана бастады. Алайда, маусым айында бағамы күрт әлсіреп, 343 теңгеге төмендеді. Ал, тамыз бен қыркүйек айының басында мұнай бағасының өсуіне қарамастан теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 370 теңгеге дейін құнсызданды. Ұлттық банктің валютамызды 360 теңгеден төмендетпейміз деген мәлімдемесіне қаржы нарығындағы жағдай көне қойған жоқ.

 

Ал, Ұлттық Банктің облыстағы филиалынан алынған ресми мәліметтерге сүйенсек, теңге бағамының әлсіреуіне, біріншіден, АҚШ федералдық резерв жүйесінің базалық мөлшерлемені көтеруі себеп болған. ФРЖ монетарлық саясатының күшеюі доллардың дүниежүзілік нарықта құнының жоғарылауына және капиталдардың дамушы елдерден дамыған мемлекеттерге көшуіне әкеп отыр. Пайыздық мөлшерлеменің өсуі американдық құнды қағаздарға салым салуды тиімді ете түсті. Сондықтан теңгенің құнсыздануы жүріп жатыр. Екіншіден, АҚШ-тың импорттық тауарлармен күресу үшін бастаған сауда соғысы, яғни сырттан келетін шетелдік өнімдердің тарифін жоғарылатуы немесе протекционистік саясаты дамушы елдердің, соның ішінде, Қазақстан валютасы бағамының төмендеуіне әкеп соқтырды. Үшіншіден, негізгі сауда әріптесіміз саналатын Ресейге АҚШ-тың тамыз айында салған жаңа санкциясы теңге құнына кері әсерін тигізбей қоймады. Себебі, соңғы экономикалық қысымдардан кейін көрші елдің валютасы шамалы әлсіреп қалды. Ал, ұлттық ақшамыз Ресей валютасымен санасатындықтан, рубльдің құлдырауы теңгені айналып өтпеді. Дегенмен, 11-20 қыркүйек аралығында теңге 5,8 пайызға нығая түсті. Оған әлемдік мұнай бағасының 1 баррелі 76,5 доллардан 79,4 долларға, яғни 4 пайызға өскендігі және Ресей Банкінің негізгі мөлшерлемені көтеру нәтижесінде рубльдің күшеюі себеп болды. Жалпы, валюта нарығындағы осындай жағдайлар ұлттық экономиканың сыртқы факторларға көбірек тәуелді екенін көрсетеді.

Ұлттық Банк филиалы келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда долларға деген дүрлікпе сұраныс байқалмайды. Ақша айырбастау пункттеріндегі шетел валютасының қолма-қол сатылымы 2018 жылдың қаңтар-тамызында 1,1 трлн. теңгені құраған. Өткен жылдың тиісті кезеңінде де шетел валютасының сауда көлемі осы деңгейде болыпты. Бүгінде халықтың теңгелік депозитінің валюталық депозитке қарағанда үлесі жоғарылаған. 2016 жылы депозиттердегі ақшаның 80 пайызы доллар күйінде сақталса, биыл шілдедегі жағдай бойынша долларлы депозиттер көлемі 46,7 пайыз төңірегінде қалып отыр. 2018 жылдың 7 айында халықтың теңгелік депозиті 15,4 пайызға өссе, валюталық депозит, керісінше, 1,5 пайызға қысқарған.

Ұлттық Банк долларсыздандыру бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді. Мәселен, халық үшін арналған депозиттердің жаңа түрі – жинақтау ақша салымдары ұсынылды. Депозит ұзақ мерзімді қамтиды. Мұндай салымдардың табыстылығы жоғары, ал, кепілдендірілген ақша сомасы 15 млн. теңгеге дейін барады. Өзге теңгелік депозиттерде ол 10 млн., валюталықта 5 млн. теңгені құрайды.

Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қазанынан бастап шекті мөлшерлемені белгілеу тәсілдемесі өзгереді. Жеке тұлғалардың қайта ашылған депозиттері бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін анықтау мен белгілеудің әдістемесі бекітілді. Осыған сәйкес депозитке төленетін ең жоғары сыйақы салым мерзіміне, алу мен толықтыру жағдайларына қарай тағайындалады. Енді салымшылар үшін мерзімді, мерзімсіз және жинақ ақша депозиттеріне ақша салу қолжетімді.

Өкінішке қарай, Ұлттық Банк еркін айналымдағы теңгенің келешектегі бағамын дәл анықтай алмайды. Оны қаржы нарығындағы ұсыныс пен сұраныс шешеді. Банк мамандарының пікірінше, айырбас бағамының жуырда болған ауытқулары – нарықтағы табиғи құбылыс. Сондықтан теңгенің алдағы уақыттағы бағамын алдын-ала болжау мүмкін емес.

Теңгенің әлсіреуі ең алдымен импорттық тауарлар бағасының өсуіне алып келеді. Оған негізінен азық-түлік емес тауарлар жатады. Ал, инфляция деңгейінің артуына айырбас бағамының жанама әсері бар. Бағаны қымбаттататын өндірушілер мен делдалдар көбінесе доллардың өскендігін, сонымен бірге өзге де шығындардың көбейгенін алға тартады. Баға көтерілмеу үшін нарықта күшті бәсекелестік орта қалыптасуы, қорлардың жеткілікті мөлшерде болуы, сұраныстың баяу жүруі және өзге де осыған ұқсас жағдайлардың орын алуы шарт. Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес 2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция мақсатты дәліз шегі 5-7 пайыз деңгейінде сақталады. Ал, тамыз айында жылдық инфляция 6 пайызды құраған.

Қазақстан әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы елдердің қатарына кіретіндіктен ұлттық экономикамыз көп жағдайда «қара алтынның» бағасына тікелей байланысты болып келеді. Теңгені еркін айналымға жіберу сыртқы жағдайлар әсерін азайтуға және алтын-валюталық қорлардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұлттық Банк сарапшыларының пікірінше, бүгінгі қаржы нарығындағы қиындықтар экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жұмыстардың әлсіздігінен орын алып отыр. Экономика неғұрлым шикізаттық емес сектор бағытында дамыса, бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұру соғұрлым оңай болады. Сонымен қатар, өзге елдерде болып жатқан түрлі дағдарыстардың біздің экономикаға тигізер теріс ықпалы да азаяр еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ