Руханият 0 пікір 2321 лайк

«ЖАЛПЫДАН ЖЫРЫЛҒАН ЖАЛҚЫ»

Қазан 23 / 2018

 

«Ерке болмыстың тәуелсіздігі»

 

Шүкіршілік. Тәкен Әлімқұлов туралы сонау Асқар Сүлейменов, Әкім Тарази, Төлеген Тоқбергенов, Қалихан Ысқақ сынды саңлақтарыңыздан бастап-ақ жазғандар, жазып келе жатқандар аз емес. «Жалпыдан жырылған жалқы» – Асқарыңыздың қалыптастырған ұғымы ғой.

Қалжамызға қарамай, мына біз пақырыңыз да 1998 жылы бір мақала мәністеген едік. Марқұм Тәкен көкеміз сексенге толғанда. «Тылсым Тәкен» деп.

Абай туралы жазған «Жұмбақ жанын» бастарда бүй дейді ғой Тәкеніңіз: «Бұл тұңғиықта бір күнде, бір айда, бір жылда шешілетін құпия жатқан жоқ, ғасырлар шешетін, бәлки шеше жататын жұмбақ жатқанын меңзейді».

Иә, Абай жұмбағын да, сол секілді Тәкен тылсымын да әлі талай ғасырлар шешпек. Шеше алса, әрине. Шешпекке ұмтылса, әлбетте.

Тәкен көке сексен жасқа, оны айтасыз, тіпті жетпісіне де жете алмады. Бағамдап байқасаңыз, жетпісіңіздің қырқасынан асып үлгерген біздерге біртүрлі іні іспетті сезіліп, сергелдеңге салады-ай.

Алпыс тоғызға да толықтай толып үлгермеді.

1987 жылғы сұрықсыз сәуіріңізде Тәкендейін тылсымымыздың жансыз тәні түнге қарай Алматыдан Бабатаға бет алды. Күн шығар-шықпаста Оңтүстігіңіздің орталығына ілінген ізгі тізбек Шымкентіңіздің Коммунистік проспектісіндегі, өзі жаухатшы болып істеген «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының алдында аялдады. Әкеле жатқандар Тәкеніңіз талай-талай тамақтанған диеталық асханадан шәй ішіп, жүрек жалғады.

Тәкеннің тәні, яки алып денесі темір көлікте тым-тырыс жатты ғой таңертеңгілікте. Ал, жаны қалаңызда жапырақ жайып үлгермеген, кенет келген үсіктен үлбіреген нәзікеш көшеттердің үстінде шарқ ұрған шығар-ау сонда.

Сәлден соң Жаратқан Иеміздің жарқын нұры айрықша аялайтын Бабатаға қарай жолға шықтық.

Сол күні Созақ ауданына Геннадий Колбин келген. Кесепат Колбиннің зәhарлы-зымиян түріндей сәуір сыздана суытқан. Тәкен Әлімқұловыңыз Бабата мазаратының күншығыс-теріскей мүйісіндегі ашықтау алаңқайға жерленген. Облыстың да, ауданның да билеп-төстеушілері түгелдей дерлік сол кездегі Қазақстан басшысының айналасынан шыға алмаған. Ресми билік буындарынан іліп аларлық ірілердің бір де бірі төбе көрсетпеген.

Сөзгер зергеріңізді жер қойнына қоймаққа оның талантына табынушылар мен кейбір қатардағы қызметкерлер ғана қатысқан.

Сәуірдің сумақай дауылы үдей түскен. Өкпек желдің өтіне шыдас бере алмағандар ақшылтым автобусқа тығылған. Тәкен тылсымыңыз тезірек, жылдамырақ жападан жалғыз, жалпыдан жырылған жалқы күйде қалуға асыққандай көрінген. Солай сезілген. Бізге. Бәлкім, басқа да біраздарға. Сәлден соң-ақ, Үлкен Әулие Ысқақ баб және өзге де әнбиелер жатқан зираттың Қаратауға қарата тырмысатын төбесі тепсеңінде, ең-ең-ең шетте, ескі қорғанға шептес мүйісте Тәкен көкемнің қоңырқайлау моласы жер томпайтып қала берген.

Тірі кезінде де жалпыдан жырыла беретін жалқы жылқыдайын Тәкеніңіз Қаратауына қарата аунап түскендей елестеген. Бізге. Бәлкім, басқаларға да.

Жетпіске жыл өте толған. Тәкеніңіз. Оншалықты атап өтіле қоймаған. Созақтағы 14-ші мектеп-интернатқа аты берілген. Құрғақтау жиын өтіп, сондағы күйші Төлеген Тоқбергенов қана құнар дарытқан.

Сексен жылдығында дүбірге ілескенбіз. «Тылсым Тәкен» деп. Жазар ма едік, жазбас па едік, біраз-біраз бірге жүргенбіз ғой. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында, мәдениет пен әдебиетке, өнерге қатысы бар бөлімнің пұшпағын илейтін жылдарымызда бізге көп келетін.

Міне, енді ереніңіз, көркем прозаңыздың кенеркөгін кеңейткен кемеліңіз жүзге толып отырыпты. Тағы да жазар ма едік, жазбас па едік, классигіңіздің, проза королінің (Бақыт Кәрібаеваның берген бағасы ғой) өз қолымен жазған өлеңдері толы қоңырқай дәптері мына бізде бірқанша жылдардан бері сақтаулы. Осы жолы сол қоңырқай дәптер хақында аз-кем болса да айтпақтың жөні келіп тұрыпты.

Қоңырқай дәптердегі өлеңдері туралы жазбас бұрын сәл-пәл ғана прозасына hәм Шымкентіңізде жүретін шақтарына шолу жасамақтың да жосығы жоқ еместей-ау.

1998 жылы, Тәкен көкеміз сексенге толарда көлемдірек мақала мақамдағанымызды жоғарыда ескертіңкіредік. Әрине, қазақ сөзінің соншалықты зергер білгірі, шандоз шебері жөнінде, оның жаратқан туындылары турасында жазбақ та, айтпақ та оңай емес. Өзгелерді қайдам, өзімізге жеңіл тиместігі аян-дүр. «Тылсым Тәкенімізді» Таупістелі дейтұғын туған ауылымызда жазғанымыз жадымызда. Алдын-ала қазақ прозасының хас тұлпары туралы жазылған дүниелердің қолымызға түскендерін түгел тәптіштеп қарағанбыз. Қадала. Тәкен жөнінен жазғандардың ешқайсысы ереніңіздің «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» дейтұғын дүрри-гауһар ұғымын, тағлымды да текті тіркесін байқамай өтіп кеткендей көрінді. Әйтеуір ешкімнен де кездестіре алмағанымыз рас. Диссертациялардан да таппадық. Ал, өзіміз осы «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» тіркесін Ақан сері туралы сомдалған «Көк қаршыға» әңгімесінен оқығанымызда ше, жүрегіміз атқақтап, алқымымызға тығылғаны рас. Жаңалық ашқандай шаттанғанымыз өтірік емес.

Жауһар жазушымыздың күй хақындағы, күйшілер турасындағы, жалпы өнер жөніндегі туындыларының бар-баршасындағы бас кейіпкерлер – жалпыдан жырылған жалқылар. «Сарыжайлаудағы» Тәттімбет те жалғыз. Жалпыдан жырылған жалқы. «Соңғы кездері ол ылғи осылайша дара қаңғыратын болған», «…тіршіліктің өркенсіз қыбыр-жыбырынан аулақтанған». Дейді қаламгер. Әңгімесінде. «Қаралы қобыздағы» Ықылас старшынның тасыраңдағанын көтере алмайды. Тайсалмай тартысады. Жасқанбай шарпысады. Жалғыз атты қобызшының ойы озықтығын, өзінен жоғары беделі мен атақ-абыройын бишікештер күйіне күндейді. «Әсіресе, өнер қуған тамалар, тіл қуған тарақтылар, шаруа қуған қоңыраттар баласының аузына старшынға түкіртпей, қобызшыға түкірткеніне жыны келеді» дейді жазушыңыз. Сондықтан старшыныңыз қобызшы Ықыластың сахараға салған «лаңын», оның даңқы болыс-билеушілерден асып, жарымпатшалықпен тайталасатынын дуанбасыға мағлұмдайды. Жазушының «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» ұғымы осы тұста бір қылаңытады-ай.

Ақандайын ақынның, композитор-әншінің соңына да шырақ алып түскендерді Тәкеніңіз түйрегенде, сарказммен шықпыртады. Ауылдың атқамінерлерінен бастап, жандаралға дейін Ақан серіге жымысқылық танытып, түбіне жетуге тырысады. Оның бар қылмысы – «Ерке болмыстың тәуелсіздігі». «Асылы, ел басқарамыз деп селтеңдеген шоғыр топ – өзіне ұқсамаған адамды иттің етінен жек көрмек. Халық алдында беделі асып кеткен кісіні қудаламақ» дейді «Көк қаршығада». Тәкен Әлімқұловтың өзін де оның заманындағы, қорқау қоғамындағы әміршілер, билеп-төстеушілер, бақылап, қадағалаушылар, өкімет өкілдері мен партияның әсіреқызыл белсенділері ғана емес, оның ойы озық, білгірлігі басым, прозасының биік екеніне іштері удай ашитын «қаламдастары» мен «қадамдастары» да «Ерке болмыстың тәуелсіздігі» дейтұғын «қылмысы» үшін қуғын-сүргінге түсірді емес пе?!

Ал, енді осы орайда «Қараой» әңгімесінің жөні бөлек, жосығы ерек қой, шіркін. «Әңгіме жазу оңай ма, роман жазу оңай ма? Екеуі де бейімге, дарынға байланысты» деген еді зергеріңіз. Сонсоң тағы да: «Қазақ әңгімесінің бір кемшілігі – әрбір ситуацияның ішкі сырын ашпай, сыртқы қаңқасын баяндауға саяды. Теңеу, салыстыру, меңзеу дегендер аз. Әңгіменің аяғын менмұндалап бітіру – барып тұрған қарадүрсіндік. Жазушы сыршыл, сыпайы келмек. Ал, бізде кейбір автор өз сөзін өзі түсіндіруге тырысады» дейді.

Әлімқұловыңыздың әрбір әңгімесі жайынан құлшына сыр қозғамаққа құштарлар баршылық. Қозғап та жатыпты. Солардың ішінде «Қараойға» тоқталмай өтетіндер жоқ. «Қараой» әңгімесі кітаптың он үш бетін ғана алған. Бес жүз беттік романға айырбастай алмайсыз.

Ақыраптың ауыр түнінде Махамбеттің көңілі алағаржақ. Құлқынсәріден тұрып, абыржулы күйінен арыла алмай тысқа шықты. Қарашаның сұлу атқан таңы таянып келе жатқан сұмдық оқиғаға кереғар еді. Жазушы оқырманды әдейі әрі-сәрі етіп, жүрегін суылдата түседі. Жанын шошытады. Сезімін шоршытады. Торығып тоқыраған ақын. Күңіреніп, күресінде жалғызсыраған, жалпыдан жырылған жыршы-күрескер. Сары жұртта төңкеріліп қалған қара шаңырақ. Көзі көміле тұншыққан бұлақ. Тілі байланған бастау. «Тұлымы қырқылған тұл сұлудың қайта шыққан шашындай шөптер».

Авторыңыз артқа шегініс жасаңқырап, дауылпаз ақынның, дара күрескердің өткен күндерін аса сараң тіркестермен көз алдыңа келтірер. Шұбырған сөйлем, бәтуасыз баянның бірін де таппассыз. Анық та танық тұспалдармен, өшпестей бәдізденер бедерлермен бәр-бәрін білдіріп, сомдап сығымдайды. Қапысыз, қалтқысыз ұғындырады. Селкеусіз сезіндіреді. Махамбеттің де жалпыдан жырылған жалқы екендігіне жан-жүрегіңіз одан әрмен ышқынады-ай. Мұқағали ақынның жалғыздық жайындағы жалғыз жолы зарланып, запыланып, жарғақ құлағыңызға құмығып жетеді-ай.

Ақырында: «Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Махамбеттің басына ұрды. Махамбет ақтық рет «Әуес!» деп, сылқ түсіп сұлап қалды...»

Күйеуінің өлігін құшып, қыздай сыңсыған Әуес. Қылышқа ұрына қансырып, етпеттей еңіреген Нұрсұлтан. Шырылдап үй айналған нәресте. Боздаған бота. Аңыраған түйе. «Сол түні ай тұтылған».

Сексенінші жылдарыңыздың басында Тәкен көкеңіз Алматыңыздан Шымкентіңіз бен Созағыңызға қашып келетін. Нәсіреддин Серәлиев екеуі осы күнгі «Ордабасы», ол кездегі «Восход» мейманханасының маңайында, Қошқарата бұлағының бойындағы, қиялау қыраттардағы сүрлеу-соқпақтарда серуендейтін. Әлімқұловыңыз «Восход» мейманханасында әлденеше айлар бойы тұратын. Біраз туындылары, әсіресе очерктері осы мейманханада жазылды. «Фосфор» дейтұғын алып зауыттың маңындағы ауылда қарындасы мен күйеу баласы бар. Анда-санда солардың үйіне барып қайтатын. Көбінесе Шымкентіңіздің шаңытқан байырғы көшелерінде оқтын-оқтын мұрнын уқалап қойып, жападан-жалғыз ойланып бара жататын. Жанына жақындауға батылымыз бара қоймас.

«Әлдекімдер әдейілеп ауруханаға тығып тастапты». «Шын жанашыр інілері әзер шығарыпты». Мінекиіңіз, осындай да сұмдық суық ақпараттар алқынып жетіп, алқымымыздан тұншығатынбыз.

Әйтеуір тағы да Тәкен көкеміз Шымкентке қашып келген. Құттыхана қонақ үйінде ұзақ тұрақтаған. Қалтасында көк тиыны жоқ болып, ішіп-жемі мен мейманханалық жамбас пұлы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланатын очерктерінің отыз сомына ғана қарап қалатыны қандай өкінішті еді десеңізші! Облыстық газеттің біз отыратын бөліміне көнетоз кәстөм-шалбарымен, ақжемденген ескі топылиымен кіріп, сәлемімізді сәл-пәл ғана жылы жымиыспен қабылдап, қызарыңқы танауын жұдырығымен уқалап жіберіп, жырымдалған қызғылтым креслоға асықпай жайғасатын. Қойын қалтасынан екі бүктелген, бес-алты беттей қағаз шығарады. Құрақ ұша қағып аламыз. Біз. Бас алмастан, бірден оқып шығып, мәшіңке басатын қыздарға беріп, қайта ораламыз. «Әмірсейіт пен Өскенбайға айт. Тездетіп салсын. Байдулла батырдан қаламақымды алдын-ала жаздырып әкелші...» Дейді. Мұрнын тағы да уқалап, күтіп отыра береді. Отыз сом қалтасына түскен сәт күрсінеді. Іле күлімсірейді. Танауына тағы да жұдырығын сүйкей иіскетіп: «Мені шығарып салшы. Нәсір Қызылордасына, Қашқансуына кетіпті» дейтұғын...

Бір күндері: «Бауырым ауырушы еді. Арақты қойдым. Шымкенттің сырасымен емдеп жүрмін» деді.

Бертініректе қазақтың сарабдал сыншы қызы Бақыт Кәрібаеваның «Тәкен» дейтін көлемді, терең тебіреніспен, білімпаз талдамашылдықпен жазған дүниесін оқыдық қой. Бір тұсында: «Иә, Тәкенді мен көргенде аузын айға білеген қазақ әдебиетінің белді жазушысы емес, трагедиядық тұлға, тіпті трагико-комедиялық кейіпкерге айналған екен. Мен оның «ер арыса – аруақ» бұл түрін көріп, алғашқыда абдырап қалдым. Тіпті, романтикалық болмысым басып, алқымыма өксік тығылды. Шарасыздыққа бой алдырдым. Оны аяп-аялауды немесе өкініп опық жеуді біле алмай дал болдым» дейді. Алайда, тап осы мақала Тәкен көкемді тиісті биігіне шығарады. «Тәкен иілгенімен, сынған жоқ. Тәуелсіз» дейді және бір жерінде.

 

Қоңырқай дәптердің құпиялары

Енді біздің қолымызда бірталай жылдан бері сақталып келе жатқан қоңырқай дәптеріндегі өлеңдеріне оралайықшы. Тәкен мен Тоқашты көке дейтін бауырларының бірі, «ерке болмысы ерекше тәуелсіздердің» бірегейі Есенғали Раушанов бір жазбасында: «Тәкеннің көптеген ойларын біз қағазға түсіргенмен, әзірге жарияламауды ұйғардық. Қоғам, әдеби орта ол пікірлерді қабылдауға әлі дайын емес. Жалпы біздің қоғамда кейін айтылар сөздер көп. Жылдар өтер, Тәкен туралы әңгімелер пісіп-жетілер, сол кезде көркем әдебиет туралы ойларымыз өзгереді...» дейді.

Әп бәрекелде-е-е... Дейміз. Біз. Мына қалыңдау қоңырқай дәптердегі бірталай өлеңдерді де әзірше жариялауға мүлде болмайды, ағайындар. Әлдекімдер қып-қызыл шатақ шығаруы бек бәлкім. Есенғали бауырымыз меңзегендей, жылдар жылжиды, айлар аунайды, күндер сусиды. Ұрпақ алмасады. Сол шақтарда жариялана жатар. Ал, әзірше бірнеше өлеңіне ғана ой жүгіртіп, шолу жасаумен шектелейік.

Қоңырқай дәптер...

Бір тұсындағы өлеңінде Тәкен көке бүй дейді: «Ашынамын құдды тұтқын шарасыз; Сыздар жүрек кеудемде жоқ жарасыз. Тілім дұспан көп жолдасты жау етер; Өтіп жатыр күнім менің мазасыз. Аш адамдай әсте тамақ талғамас; Әр жанрда саламын мен қарбалас. Бойтұмардай кітап емдер жүректі; Жалған кітап өмірімді жалғамас. Жұмыскер боп өсіп едім жасымда; Күндемеуші ед достасым да, қасым да. Құлағымның құртын жейді өңшең жау; Енді менің сақинам бар басымда». Бұдан әрі бастың сақинасына ем қонбайтынын, бейкүнә, жас жұмыскер шағын сағынатынын, зерлі тақты да тәрк етіп, табиғатқа кетпекті көксейтінін кейіптейді. «Табиғатты» Тәкен «тәбиғат» деп, «дұшпанды» «дұспан» деп жазады. Өлеңдерінде.

«Сыр мен лебіз» деген өлеңі одан сайын тереңдей түсетіндей. Ойсыз, бейғам жұртқа ұқсап жүре бермей, өзінен-өзі сөз деген айықпас дерт жабысқанын, сондықтан да басқалардан туажат мінез біткенін Абайша абайлайды. Жақсы адамнан сыр тартып, хас наданмен басқа-бөгде тілде сөз тосарына налиды. Ақындарға аянбай тиіседі. «Көп ақынның жалдама жүрегі бар; Тілге қызыл сүйенер тірегі бар. Жарапазан сөзіне қызықсам да; Шідерлеулі жүйріктей жібермейді ар...» Қоңырқай дәптердің сыры қат-қабат. Тәкен көкеңіз өзінің кім екенін, қай-қандай биіктерде жүргенін жетік білген және жеткізе алған. «Өз өмірімді жазбадым, сол өкініш; Бөгде адамның айтқаны өткінші іс. Кей сыншының асыра мақтауынан – Жалпақ жұртқа атағым тарапты-мыс! Менің өмір тарихым елден ерек; Қаз-қалпында айтылған шындық керек. Бір көргенім есімде екі жастан; Жадым менің, шамасы елден ерек» дейді өзі турасында.

Әлі есімізде ғой, жетпісінші жылдарыңыздың соңына таман Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, көп сөйлемейтін керемет қаламгер ағамыз Нәсіреддин Серәлиев Алматыдағы кезекті пленумға қатысып, Әнуарбек Дүйсенбиев, Әбілмәжін Жұмабаев сынды достарымен қыдырыңқырап, ұзақтау жүріңкіреп оралған. «Не жаңалық бар екен, Нәсір аға?» – деп сұрағанбыз. Ол кісі кәдуілгі дыбыссыз күлетін әдетімен, сирек тістерін көрсете біраз сықылықтағандай көңілденіп барып, кенет кіжініс тапты. «Ойбай, қызық! – деді қайтадан қулана күлімсіреп. – Бүкіл Алматы у-шу.

Тәкен Әлімқұловтың қай жүзден, қандай рудан екенін анықтай алмай алашапқын... »

Мәскеуіңізде он бес жылдай тіршілік кешіп, еліне кешірек қайтқан, әулекілік жайлаңқыраған әдеби ортаға онша кіріге алмаған Әлімқұловыңыз әуре-сарсаңды аз көрмеген, әрине. Азапқа буылған айлары мен жылдары да аз болмаған, әлбетте. Міне, мына қоңырқай дәптердегі біраз өлеңдері де осыны анық аңғартады. Біреуін ғана келтірелікші: «Менің өмірбаяным жатқан жұмбақ; Шет жағасын аңғартам, көбін қымтап. Қайсы рудан екенім – «қараңғылық»; Сұрағанға мылқауша айтам ымдап. Руды айтсаң, сорыңа тілің пәле; Әлдебіреу етеді есек дәме. Жат жұрттығын істемей қоймайды деп; Кіжінеді кейбіреу әлденеге. Ортасында өстім мен надан елдің; Қашып кетіп Мәскеуге, қайта келдім. Дұспанның да, достың да сыры мәлім; Топырағы алдамас туған жердің».

Қоңырқай дәптердегі оншақты өлеңі емханада жазылған. 1983 жылғы маусым, шілде, тамызда. Әлдекімдер, әлдеқалай күштер жазушыңызды әдейілеп жатқызған. Десетіндерді еститін кездеріңіз ғой. Баяғы. Біз тілбезей бермейік. Өзінің өлеңдері жеткізсін. «Емхананың сорпасы жуындыдай; Ішеді жұрт таласып суындырмай. Ит жынды мен болғасын жуынды сол; Қойды мені сырқатқа ұрындырмай. Нәр татпасаң, зорлайды даңғой өңшең; Жылай алман кемпірдей кемсең-кемсең. Ерінге ұшық шығарар сорпа орнына; Ішер едім даңғойлар, уды берсең...»

Мына бір шумағы Шымкентіңізде болыңқырап, Созағыңызды аралаңқырап қайтқандағы хал-ахуалындай: «Жалғыздықтан шектім жапа өмірде; Жүйкем менің сынбай тозбас темір ме?!» деген шумағының соңына 9. VІІІ. 83 ж. деп жазыпты.

Тәкен көкем «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына жиі келер еді-ай. «Сен мені шығарып салшы» дейтін. Коммунистік проспектіңізден Совет көшесіне түсетінбіз. Одан әрі қарата Қошқарата жиегіне жеткенше жарты сағат, әулие есімін еншілеген қайнардың бойымен тағы да талай сағат үнсіз-тілсіз жүре беретінбіз. «Сен өзі Нәсірден де бетер үндемес екенсің» дейді. Үндемеймін. «Дұрыыс, – дейді Тәкен көкем. – Ұялмас бетке талмас жақ береді деген...» Қазір Коммунистік проспектіңіз Тәуке хан даңғылы, Совет көшесі Қазыбек би, Энгельс көшесі Тәкен Әлімқұлов деп аталады. Шүкіршілік.

Қоңырқай дәптердің тағы бір беті сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді: «Мен, әттең, зиялы боп нәзіктендім; Тізбектеп жырға бәрін әріптердің. Дәріні нәзік тәнім қабылдамай; Бір рет о дүниеге барып келдім. Жатырмын емханада тағы бүгін; Сырқаттың тыңдар жан жоқ шаққан мұңын. Атар ем өзімді өзім берсе наган; Имандай елге шертер осы сырым!...

24.VІ. 83ж».

Осы өлеңін жазғаннан кейін Тәкеніңіз төрт жылға жетер-жетпес өмір сүрді. Сексен жетінші жылыңыздың суық сәуірінде, кісәпір Колбиніңіз Созақтың Шолаққорғанында азу тісін ақситып, сақ-сақ күліп, қазақтың қайран тілін мазақтап сөйлеп тұрғанда Тәкеніңіздің тәні Бабата зиратындағы қоңырқай топырақ қойнына кіріп бара жатты.

Ал, асыл жаны сол сәуірде нәзік нәурізек құс болып, қасиетіңнен айналайын Қаратауға қарата қалықтап қанат қаққандай тұғын.

Мархабат БАЙҒҰТ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ