Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2317 лайк

«Алтын алқалы» аналар қатары артып келеді

Қазан 23 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елімізде демографиялық өсім жыл санап жақсарып келеді. Бұл жетістіктер ауылдық жерлерде де аңғарыла бастағандай. Айталық, жүз жетпіс мыңнан астам халқы бар Жетісай ауданында жыл басынан бері 75 ана «Алтын алқа», 223 ана «Күміс алқа» иегері атанған.

 

Иә, бұл жетістіктерге жету жолында алтын құрсақты аналар мен жібек мінезді жеңгелердің, қадамы құт дарытқан келіндердің зор үлесі бар. Әрине, әрнәрсе Алланың қалауымен болады. Десек те, оның ар жағында «барған жерімді бақытты етсем, ұрпағын көбейтсем» деген ибалы келіндердің ізгі ниеті жатыр десек, қателеспейміз. Көп балалы аналарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та аз емес. Үкімет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді айтпағанда, жергілікті әкімдер де ерекше назар аударып келеді.

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев таяуда бір топ көп балалы аналарды арнайы қабылдап, «Алтын» және «Күміс алқалар» тапсырды. Аудан әкімінің қолынан «Алтын алқа» тағынғандардың арасында 77 жастағы Зәуре Сүттібаева да бар. Он бір ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген Зәуре апаның үлкен ұлы 53 жаста болса, ең кенжесі 28 жаста екен. «Алтын алқа» төсбелгісін кештеу алуына құжат-қағазға деген салғырттық себеп болған көрінеді.

Аудан әкімі төсбелгі тағуды Зәуре Сүттібаевадан бастады. «Сіздің жолыңызды «Күміс алқа» иегерлеріне берсін!» деп ізгі тілек білдірген әкім бүгінде ана мен бала денсаулығын жақсарту жолында мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер жасалғанын және ол жергілікті атқарушы билік тарапынан да өз деңгейінде жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. «Сіздер ауданымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышысыздар. Өйткені, сіздер еліміздің демо-графиясына сүбелі үлес қосып отырсыздар. Ендеше, баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт пен амандық тілеймін» деді Жамантай Қанайұлы.

Басқосу барысында 12 ана «Алтын алқа», 11 ана «Күміс алқа» төсбелгісіне ие болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ