Руханият 0 пікір 2314 лайк

Тәңірдің сүйген қаласы

Қазан 20 / 2018

Тамыры жатқан сонау тереңде,

Түркістан жақта той бүгін.

Атыңды қашап кеткен өлеңге

Мағжан ақындай ойлымын.

 

Жақсылыққа əрбір жаршымын анық,

Тəңірдің сүйем ізгі ісін.

Тайқазаныңа толтырып алып,

Ақылдың асын бізге ұсын.

 

Тарих-тағдырдың көп парағы алтын,

Сыймайтын сырың, пешенең.

Білетін шығар, жатқа да бəлкім,

Ғасырлар əнін кесенең.

 

Адымдап алға келемін талмай,

Арманы биік адаммын.

Түркістан, сен де биіксің сондай,

Мұрасы болған Бабамның.

 

Бағасын білген ғұрпының асыл,

Ешкімдей емес тектім ең.

Түгендегенің Түркінің басын -

Көкбөрілігің деп білем.

 

Қонақжайлығың тағы бар сосын,

Дастарқанындай əжемнің.

Алаштың елін танып ал, досым,

Шетінде жүрген əлемнің.

 

Шалғайдан келсем сəлем деп өттім,

Үйреткеніндей анашым.

Ақын боп мен де өлеңге қостым,

Тəңірдің сүйген қаласын.

 

Шат көңілменен шығып ем үйден,

Шуағын төгіп тұрды Күн.

Төріңде ғұмыр кешуді сүйген

Бақытты шығар тұрғының.

 

Жасырған емен аппақ екенін

Ұлтыма деген сезімнің.

Түркістан, сені сақтап өтемін,

Қарашығындай көзімнің...

Арайлым МҰРАТӘЛИЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ