Рухани жаңғыру 0 пікір 2313 лайк

Өз батырларымызға еліктесе

Қазан 20 / 2018

 

Екі жылдан бері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы мектеп оқушылары арасында «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауын ұйымдастырып, елдің рухын көтеріп, бір серпілтіп тастады. Мына көрші қырғыз ағайындар әлі күнге «Манас» жырын ұйып тыңдайды. Манасшыларды төбесіне көтереді. Өйткені, бұл жыр ұлттың рухын көтереді, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейді. Жырлайтын болсақ, біздің қазақта батырлар жыры аз емес.

 

Әйгілі ғалым-матема­тик Асқар Жұмаділдаев «Батыр­лар жырын білмеген қазақ, қазақ емес» депті. Бұл енді батырлар жырымен ауызда­нып өскен ғалымның эмоцияға беріліп айтқаны шығар. Батырлар жы­рын білмей-ақ ел басқаруға, керемет ғалым болуға болатын шығар. Әйтсе де, тап қазіргідей алмағайып заманда ұлт болып ұйысу, жастарды отан­­шыл, ұлтжанды етіп тәрбиелеу өзекті мәселеге айналған тұста ұлтты ұйыстыруда бабалар тәрбиесіне жү­гінгеннің артықтығы жоқ. Ал, ұлттық тәр­бие­нің қайнар көзі батырлар жыр­ларында жатқаны анық.

Дара дарын Дулат Исабеков «Патриотизм өзінен-өзі келетін қасиет емес. «Отанды сүй» деп жалаң айғайлау жастарды патриотизмге тәрбиелеу боп табыла бермейді, міне, мынадай Отанды сүй деп тәрбиелесек, сірә, сол ұғымды болар. Ол үшін ауқымды мемлекеттік бағдарлама, мәдениет жөніндегі заң керек» депті. Осы орайда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауын екі жыл қатарынан ұйымдастыруы көпке үлгі ететін өнегелі іс дер едім. Алғашқы жылы балалар «Қамбар батыр» жырын толық жатқа айтса, биыл «Алпамыс батыр» жыры ұсынылды. Ең бастысы, бұл байқауды Алматы қаласының әкімдігі де қызу қолдап, іліп әкетті. Алдағы жылы бұл байқау республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатса, нұр үстіне нұр болатын еді. Сонда балаларымыз әлеуметтік желіден ажырап, батырлар жырымен сусындап, өз батырларымызға қарап бой түзер еді.

Рахым БАЛАБИЕВ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстың құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ