Ынтымағы мен бірлігі жарасқан құтты мекен

Қазан 20 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Киелі де қасиетті Қазығұрт ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлады. Осынау айтулы шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, мұндағы бірқатар әлеуметтік нысандарды ашты.

 

Ең алдымен өңір басшысы Қазығұрт ауылындағы «Болашақ» шағынауданынан бой көтерген 16 пәтерлі 4 тұрғын үйдің кілтін тұрғындарға табыстап, қуаныштарына ортақтасты. Бұл үйлерге аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жетім балалар қоныстанады.

– Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, тұрғын үйлер бүгінгі талапқа сай салынған. Су, табиғи газ жүйелері мен жарық тартылған. Ғимараты еңселі. Келешекте мұндай жұмыстар өз жалғасын табады. Қуаныштарыңыз ұзағынан болып, қоныстойларыңыз құтты болсын, – деді өңір басшысы.

Дәл осы шағынауданда 210 орынға арналған «Жеңіс» денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Мұнан соң жиналған көпшілік 100 орынға лайықталған «Өнер» мектебінің салтанатты ашылуын тамашалады. Ал, жаңадан ашылған этноауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Қазығұрт – адамзаттың рухани шыңы» атты ғылыми-теориялық конференцияда өңір басшысы сөз сөйледі.

– Түркістан облысындағы көрікті әрі табиғаты бай Қазығұрт ауданының мерейлі мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат – той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін әрбір азамат отаншыл болуы қажет. Ал, ол үшін туған жердің тарихын, өлкетануды білген абзал. Қазығұрт қарыштап дами бермек. Сіздерді атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деді Ж.Түймебаев.

Мұнан соң облыс басшысы ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды құттықтап, сый-сияпат жасады.

Конференция барысында елімізге белгілі бірқатар азаматтар, атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы С.Абдрахманов пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, облыстың және Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Ә.Бектаев құттықтау сөз сөйлеп, аудан жұртшылығына Қазығұртты одан әрі көркейтіп, түрлендіруде сәттілік тіледі.

Сонымен бірге, жиында «Киелі Қазығұрт» және «Қазығұрт ауданының тарихы» атты кітаптардың тұсаукесері өтті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ