Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2311 лайк

Жаңа емдеу мекемелері бой көтереді

Қазан 20 / 2018

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы Жолдауын, одан туындайтын міндеттерді түсіндіру мақсатымен келген министр Елжан Біртанов Түркістан қалалық емханасы мен №3 облыстық перинаталдық орталықтың жұмысымен танысты. Содан кейін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен бірге қаладағы Түркістан жоғары медициналық колледжінің дәрісханаларын аралап, қалалық, аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен, түрлі медициналық ұйымдардың басшыларымен және аталмыш колледж ұстаздарымен кездесіп, арнайы жиын өткізді.

 

– Біз денсаулық саласына ұдайы көңіл бөліп келеміз. Осы салаға қомақты қаржы бөлініп, емдеу мекемелерінің медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 67,7 пайызға жетті. Соның салдарынан өлім-жітім көрсеткіші 3,5 пайызға кеміді. Ал, ана мен бала өлімі 10,5 пайызға азайды, – деді өңір басшысы.

– Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп, бюджетке өзгерістер енгізіп отырмыз. Өңірде 8 медициналық нысан салынады деп жоспарлануда. Ол нысандардың қатарында аудандық аурухана мен емханалар бар, – деді Елжан Амантайұлы. – Ал, Түркістандағы перинаталдық орталықтың жанынан 150 орынды қосымша корпус салынады. Болашақта облыстық, қала берді халықаралық деңгейдегі жаңа аруханалар қажет. Себебі, мұнда туристер көптеп келеді. Бұл бағытта Елбасының Түркістан облысын дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша арнайы жоспар бекітілген. Сол жоспарға сәйкес Түркістан қаласынан көпсалалы аурухана салынады. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ. Қазірдің өзінде осы нысанды салуға мүдделілік танытқан инвесторлар бар. Бұл күндері ірі қаржы орталықтарымен, банкілермен келіссөздер жүргізілуде. Жыл соңына дейін меморандумдар түзіліп, емдеу мекемелерінің ғимараттары мен медициналық ұйымдар бой көтереді» деді еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ