Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2308 лайк

Ортағасырлық қалалар және әлемдік мәдениет

Қазан 20 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Астана қаласының 20 жылдығына және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай Түркістан қаласында «Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

 

ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе ұйымдастырған конференцияның басты мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тарихи-мәдени мұралар мен қасиетті орындарды насихаттау. Сондай-ақ, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесін жəне Қазақ хандығының ғасырлар бойы рухани астанасы болып келген Түркістанның орны мен рөлі және отандық музей саласындағы маңызды мәселелерді сараптау, талдауға арналды.

Конференция барысында музей қорындағы құнды жәдігерлер негізінде шығарылған альбом-каталогтардың тұсаукесері өтті. Яғни «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы», «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық даму тарихындағы мұрағаттар қамтылған «40 жылдық альбом», сондай-ақ әр кезеңде хатқа түскен, ел аузында айтылып жүрген аңыз әпсаналардан жинақталған «100 аңыз» кітабы және «Жетпіс хикмет» кітабының латын әліпбиіндегі нұсқасы жарық көрді.

Ал, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Мәдениет орталығында өткен конференцияда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі заң департаментінің басқарма басшысы Сералы Тажиханов министр Арыстанбек Мұхамедиұлының «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына арналған құттықтауын жеткізді.

 Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Көпшілікке Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Абдрасилов те өз құттықтауын жеткізді.

Конференцияда ғалымдар мен БАҚ өкілдері және қорық музейінің ұжымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттарымен және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына арналған медальмен марапатталды.

Жиынға Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Украина елдері және отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары қатысып, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар жайындағы тың деректермен бөлісіп, кең көлемде мәліметтер берді.

Атап айтар болсақ, әл-Фараби атындағы ҚҰУ профессоры Берекет Кәрібаев, «Орта ғасырдағы Сыр бойындағы қалалар және олардың Қазақ хандығы үшін маңызы», тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа «Ұлы Жібек жолы дамуындағы Ұлы дала тұрғындарының үлесі», тарих ғылымдарының докторы Шохистан Ұлжаева «Әмір Темір кезеңіндегі қалаларды жоспарлау мәселелері» және өзге де ғалымдар мен зерттеушілер қозғалған тақырыптар аясында баяндама жасады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ