Әлеумет 0 пікір 0 лайк

15 мұғалім үйлі болды

Қазан 20 / 2018

 

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы қазақстандықтарды зор қуанышқа бөледі. Президент Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін ескеріп, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Әсіресе, Қазақстанда бойскаут негізінде «Сарбаз» жасөспірімдер клубын құрып, әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту туралы айтқаны көңілге қонымды. Жол-көлік колледжінде бұл жұмыс осыдан 9 жыл бұрын қолға алынып, оң нәтижесін беріп келеді.

 

Жуырда аталған колледждің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық «Авто» бастауыш партия ұйымы мүшелері бас қосып, Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыру жолдарын сөз етті. Жиынға Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғ.Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Бертаев және «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық «Авто» бастауыш партия ұйымының мүшелері, колледж қызметкерлері қатысты.

Басқосуда Елбасы Жолдауында айтылған «Педагогтар мәртебесі туралы» заңды әзірлеу туралы тапсырмасы жан-жақты сараланды. Шынында, қоғамның ауыр жүгін арқалаған мұғалімдер үлкен құрметке лайық. Бұл – әрбір педагогтың әл-ауқатына тікелей қатысы бар тарихи оқиға. Педагог – оқытушы ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Мәселен, біздің колледжде оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесі алдыңғы орынға қойылған. Осындай білікті ұстаздардан тәлім алған колледж студенттері техника саласына қажетті ғылыми жобалармен айналысып, түрлі байқауларда өз мүмкіндіктерін көрсетіп жүр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен көмек болғалы тұр. Президент Жолдауларындағы тапсырмаларға орай қабылданған бағдарламалар аясында біздің колледждегі 15 жас мұғалім үйлі болды. Бұл Елбасының елге жасаған қамқорлығының бір айғағы деп білеміз.

Гүлзат ИСКАКОВА, «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық «Авто» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Жол-көлік колледжінің директоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ