Рухани жаңғыру 0 пікір 2301 лайк

Түркістанға оралу – рухыңа оралу!

Қазан 20 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әйгілі француз философы Клод Леви-Стростың «ХХІ ғасыр – гуманитарлық ғылымның ғасыры болады, әйтпесе, ол мүлде болмайды» деп айтқан батыл болжамы бар. Ойлағанға ғалымның осы бір ауыз сөзінің артында батпандай салмақ жатыр. Матери дамудың шыңына көтерілген адамзат ендігі жерде өзінің рухани әлемін оңалтуға көңіл бөлмесе, оның болашағы бұлыңғыр болып қалмақ. Заманынан озып туған кемеңгер саясаткер, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы ақиқатты тереңнен сезініп халқымызды рухани жаңғыруға үндеп отыр.

 

Бағдарламалық мақаланы жүзеге асыруға арналған мәжілістердің бірінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз мұны екі арнада іске қосуымыз қажет. Оның бірі – ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамудан өз үлесімізді алу. Екіншісі – өткен тарихымыз бен дәстүріміздегі асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу» деген болатын. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың 19 маусымында жарық көрген Түркістан облысын құру және оның орталығын Түркістан қаласына көшіру жөніндегі тарихи Жарлығының маңызы зор. Себебі, Түркістан – тарихтың талайын көрген көне шаһар. Мұнда түркітілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен дәстүрін, тарихын ұмыттырмайтын жәдігерлер көптеп сақталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан рухани үндестігінің орталығы іспетті.

Облыста былтыр Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген болатын. Бағдарламаны іске асыру бойынша облыс әкімінің төрағалығымен өңірлік комиссия және сарапшылар кеңесі құрылған. Сарапшылық кеңесінің құрамында жергілікті зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Мақалада белгіленген 6 бағыт бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.

Мәселен, облыста қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін өңірлік жұмыс тобы құрылып, киелі жерлердің өңірлік картасының жобасы жасалды. Қазіргі таңда «Қасиетті Қазақстан» орталығымен жалпы республика бойынша 100 нысан іріктеліп алынса, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 25 нысан енгізілген. Облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге 21 бағытта туристік маршруттар ашылды.

Киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында «Киелі орындар (ескерткіштері) – геоақпараттық жүйеде» және «Түркістан облысының киелі жерлері географиясы» атты жобада 700-ге жуық киелі нысанға, сондай-ақ, аудан, қалаларда орналасқан 100 монументке QR-код (Кью Ар) орнату қолға алынды.

Бүгінгі таңда туристер жиі баратын 35 нысанда QR-кодтар орнатылды. Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында, жаңартылған 6 тілде қызмет көрсететін ontustіktravel.kz порталы және «ON Guіde» мобильдік қосымшасы ашылды (қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай және араб). Бүгінде «Облыстық тарихи-өлкетану музейінің» 79 экспонаты туралы мәлімет ontustіktravel.kz туристік порталына орналастырылды.

Өңірде «Туған жер» жобасы бойынша 31 млрд. 467 млн. теңгені құрайтын

577 нысан бой көтерген. Олардың қатарында білім, ден­саулық, спорт, мәдениет және әлеу­меттік ғимараттар бар. Атап айтқанда, Шымкент қаласында құны 300 млн. теңге болатын «Қос ана» балабақшасы бой көтеріп, Төлеби ауданында 100 млн. теңгеге көшелерді, Бәйдібек ауданында 340 млн. теңгеге «Домалақ ана» кесенесін абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кесене жанынан конақүй салынды. Ал, Отырар ауданында құны 80 млн. теңге болатын балабақша,

50 млн. теңгеге этноауыл, 56 млн. теңгеге «Ардагерлер» саябағы салынса, Ордабасы ауданында 45,3 млн. теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл игі істердің барлығы кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан жүзеге асырылуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған өңірлік жобалық кеңсе тарапынан 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда. Ал, бағдарламаның мән-маңызын түсіндіру, насихаттау шарасына 2 миллионнан астам адам қамтылған. Тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдері көпшілік назарына ұсынылды. Ал, Сайрам ауданындағы «Ханқорған» археологиялық қалашығына қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музей ашылмақ. Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауидің туындылары қазақ тіліне аударылып, жарияланатын болады. Алда атқарылатын істердің тағы бірі – «Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнатылады. Сондай-ақ, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстіктің көне қалалары, тарихи тұлғалары, табиғаты, киелі орындары, әдет-ғұрыптары туралы 17 кітап шығару, 10 фильм және 4 анимациялық фильм түсіру жұмыстары жүріп жатыр.

Өткен жылы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін абыройлы атқарған Түркістан осы бағытта дамуын жалғастыруы тиіс. Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің орталығы ретінде дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Біріншіден, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын әзірлеуге ашық халықаралық конкурс жарияланды.

Аталған конкурстың мақсаты – түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспар тұжырымдамасының сәулет-қала құрылысы шешімдерін алуға негізделеді. Мұнда облыс орталығы ретінде Түркістан қаласының ұзақ мерзімді аумақтық дамуы, мәдени-тарихи мұрасының сақталуы бойынша сапалы шешімдер ұсынылатын болады.

Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Мұнан бөлек 65 мың тұрғын өмір сүретін жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлануда.

Жаңа ғимараттардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайтыны жөніндегі шешім де түркістандықтардың көңілінен шығып отыр. Бір жағынан, бұл қаланың кез келген жерінен кесененің көрінуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, біздің Әзірет Сұлтан мен оның кесенесіне жерленген барлық тарихи тұлғаларға деген құрметімізді көрсетеді. Жаңа ғимараттар көне ортаазиялық стильде салынады. Сөйтіп Түркістан халқымыздың бай тарихын, ата-бабаларымыздың қала мәдениеті болғанын көрсететін шаһарға айналмақ. Осының өзі Түркістанның тұтас түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамуына жол ашпақ.

Екіншіден, болашақта Түркістан қаласында түркі әлеміне ортақ барлық халықаралық ұйымдардың филиалдары мен бөлімдері ашылады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, ТҮРКСОЙ-дың, Халықаралық түркі академиясының және Түрік кеңесінің өкілдіктері Түркістан қаласында жұмысын бастайды.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласының жаңа әкімшілік мәртебеге ие болуы және оның түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамытылуы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жемісті жүзеге асып жатқанының тағы бір көрінісі дер едік.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ