Экономика 0 пікір 2297 лайк

Күріш егілген жерге арамшөп шықпайды

Қазан 20 / 2018

 

Бүгінгі таңда Шардара ауданы бойынша егілген 1115 гектар күріштік алқапқа орақ түсіп, оның 530 гектары жиналып үлгерді. Қырманға 3720 тонна күріш салысы жиналды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша биыл күріштің орташа өнімділігі гектарына 70,2 центнерден айналуда. Орақ соңына дейін өнімділік көлемі тағы да арта түспек.

 

Әдеттегідей Ұзын ата ауылының диқандары да күріш орағына белсене кірісіп кеткен. 20 гектар күріштік алқаптың жартысына жуығын орып үлгерген «Айткүл–Атақоныс» фермерлік шаруашылығында тұрмыз. Қожалық төрағасы, ауыл биі Рахымберді Айтмырзаев пен осы ауылдың ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ел ағалары Пердебай Қаппаров, Мұрат Нұрпейісов, бүгінгі таңда «Қазмақта» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інің аудандық филиалының бас агрономы Жұмахан Дүйсенов сынды азаматтар иіліп тұрған күріш масақтарын аялай сипап, бітік шыққан дәндеріне сүйсіне қарайды.

– Бұл «Мустахиллик» деген өзбекстандық сорт. Кезінде ауылымыздың басшысы, майталман күрішші Нартай Сапаров ағамыз арнайы барып, Ташкенттегі ғылыми-зерттеу институтынан 2-3 түрлі тұқым сортын әкелген еді, – дейді Жұмахан Дүйсенов.

– Тәжірибе ретінде әкелген сол тұқымдардың ішінен осы сорт біздің өңірге тез жерсініп кетті. Өнімділігі жақсы, табиғатымызға бейім болғандықтан, «Мустахиллик» тұқымын көбейтіп, жаппай пайдалануға көштік. 125-130 күнде пісетін бұл сорттың өнімділігін 90 центнерден айналдырып, одақ бойынша атымыз шығып, дүркіреген кездерді қалай ұмытамыз...

Кеңестік кезеңде Ұзын ата ауылында 3-3,5 мың гектар алқапқа күріш егілген. Кейін жекешелендіру басталып, әркім өз бетінше күн көріп кеткен соң бұл дақылды егушілер де күрт азайып кеткені белгілі. Енді соңғы 4-5 жыл бедерінде күрішке қайта ден қоюшылар қатары көбейіп келеді. Қожалық төрағасы Рахымберді Айтмырзаевтың айтуынша, бұл экологиялық тазалығы жағынан жоғары сортты күріштердің қатарынан саналған.

– Ұмытпасам, 1988 жылдары болса керек, кеңшар директорының тікелей бастамасымен халыққа таза өнім ұсынамыз деп 500 гектарға ешқандай гербицид пайдаланбай күріш тұқымын өсіруге кірістік. Сол кезде біздің күрішіміз экологиялық таза күріш болып танылды. Оған мемлекеттен қолдау ретінде 20-30 пайыздай үстемеақы төленетін. Яғни біздің шаруашылықта өсірген күріштің бағасы өзге аймақта өсірілген күріштен қымбат жүретін еді. Мен сол тәсіл бойынша қазір де гербицидсіз өнім өндіріп келемін. Экологиялық таза өнім ретінде бұған мемлекет тарапынан баяғыдағыдай жеңілдіктер берілсе, күріш өсірушілер қатары молая түсер еді, – дейді Рахымберді Айтмырзаев.

Әу баста күріш өсіруге жер танаптарын арнайы дайындаған аудандағы 6 кеңшардың бірі – осы Ұзын ата ауылы. Сол жер танаптары ауылда сол күйі сақталып тұр, күріш өсіруге дағдыланған кәнігі диқандар да көп. Су тас төбеден құйылып тұр, ауа райы күріш өсіруге аса қолайлы. 42 жыл ауылда жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке жуырда ғана шыққан Мұрат Нұрпейісов – жергілікті күріштің басқа аймақта өсірілетін күріштерге қарағанда артықшылығы көп екенін түрлі деңгейдегі жиындарда нақты дәлелдермен айтып жүрген білікті маман.

– Шардараның күріші басқа облыс пен республикаларда өсіріліп жатқан күріштерден әлдеқайда сапалы екенін шаршамай айтып келемін. Былтыр облыста өткен бір жиында басшылар Шардара ауданының өзінен 1000 тонна күріш шетелге экспортқа шығарылғанын айтып өтті. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша да күріштің пайдасы көп. Бұл дақылды еккен жерге арамшөп шықпайды, күріштен кейін оның орнына егілген кез келген дақылдың өнімділігі бұрынғыдан әлдеқайда артық болатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Ұзын ата ауылында биыл 180 гектар жерге күріш егілді. Баяғы кәсіпті жалғастырып келе жатқан Рахымберді замандасымызға рахмет айтамыз, – деді Мұрат Нұрпейісов.       

Биылғы ауа райының шаруаларға қарасқанын айтқан Рахымберді Айтмырзаев өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін бар күшті жұмсағанын жеткізді. Биылғы гектар түсімі де ойдағыдай 75-80 центнерден айналып отыр. Былтыр 26 гектарға еккен күріш салысын көрші Алатау батыр ауылындағы белгілі кәсіпкер Ержан Қарабаевтың диірменінде тартқызыпты. Алынған өнімнің 40 пайызын қолжетімді бағамен, яғни 150 теңгеден аудан көлеміне сатылымға шығарса, қалған 60 пайызы Ауған- стан мемлекетіне экспортқа шығарылған. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларына, балабақшаларға да өнімнің бұл түрінен жиі қайырымдылық шаралары жасалады.

Ауыл тұрмысы мен жер жағдайын жетік білетін ұтымды ұйымдастырушы, білікті басшы, қайырымдылық шаралардың бел ортасында жүретін дархан пейілді азаматтың қырманына береке тілеп қоштастық.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ