Бала қабілетін ұштай білген

Қазан 20 / 2018

 

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазығұрт ауданының тұрғыны Бибі Нұрмаханбетова ғұмырын ұстаздық етуге арнады. Ол – Қақпақ ауыл округіндегі «Қызылтаң» жалпы орта мектебінің түлегі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын өзі оқыған осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Бүгінде өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқан ұлағатты ұстазды көпшілік құрмет тұтады.

 

Оның есімі ауыл-аймаққа жақсы таныс. «Бастауыш білімнің баспалдағы» демекші, мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндерге әріп танытқан алғашқы ұстаздың өзгелерден шоқтығы биік тұратыны анық қой. Жаңалыққа жаны құмар Бибі Алдабергенқызы қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді. Әліге дейін білім ошағында өткізілетін шаралардың басы-қасынан табылады.

– Шәкірттеріне қатаң талап қоя білумен қатар аналық қамқорлығын аямаған ұстаздың бұл қасиеті бізге үлгі-өнеге. Бибі апайымыз қысылған жанға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды басты адами парызы санайды, – дейді шәкірті Нұржан Бекбосынов.

Табаны күректей 37 жыл ішінде балғындарға білім мен ізгілік дәнін сеуіп, қаншама шәкірттің жүрегіне жол тауып, бала жанының бағбанына айналған Бибі Алдабергенқызының еңбегі зая кеткен жоқ. Оның көптеген марапаттауларға ие болғанын да айта кетейік.

Жолдасы Құрбан Нұрмаханбетов кезінде «Қызылтаң» ұжымшарында бас инженер болған азамат. Ұжымшар тарағаннан кейін, жеке шаруа қожалығын құрды. Қазір осы бейнетінің зейнетін көруде.

Құрбан ағай мен Бибі апай 6 перзентінен 16 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Бүгінде Бибі апай өз енесінен алған тәлім-тәрбиесін келіндеріне үйретуден жалықпайды. Ауылдастары ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды сақтап келе жатқан Нұрмаханбетовтер әулетін берекелі отбасы деп мақтаныш етеді.

Қазығұрт ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ