Бабай батыр

Қазан 20 / 2018

 

«Күн артынан күн өтіп,

Түн артынан түн өтіп,

Жер танабын қуырып,

Соңына шаңды суырып,

Келеді батыр гулетіп...»

Бұл жыр шумақтары марқұм ақын Базарбай Оспановтың «Бабай батыр» туралы жазып кеткен дастанынан үзінді.

 

Сонымен, Бабай кім болған, ол қай заманда өмір сүрген? Иә, оның ерлігін біреу білсе, екеу неге білмейді? Міне, осындай сан қилы сұрақтарға жауап беру үшін өткен тарихқа көз жүгіртейік. ХVІІІ ғасырдың соңында Тараз бен Ақмешіт кенттерінің арасын алып жатқан ұлан-байтақ сахараны Қоқан хандығы билеп-төстеп тұрды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі Иасы (Түркістан) шаһары да Қоқан хандығының қарамағында болатын. Бұл шөбі шүйгін, жері құнарлы, суы мол, төрт түлік малы төсіне сыймаған, адамдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне күні-түні зиярат етіп, ағылып жататын берекелі мекен еді.

Қаланың солтүстікке қараған бағытында Сунақ қақпа, оңтүстік шығысында Иқан қақпа деп аталған қақпалары болған. Қала тұрғындары негізінен сауда-саттықпен, қолөнермен, мал шаруашылығымен айналысқан.

Қала ұлығы Мошан күн санап алым-салық мөлшерін көбейте бастайды. Қараша халықты көн-терідей илеп, сұлу қыздарын зорлап күшпен тартып алып, жәбірлеген.

Нұрбайдың кіндігінен тараған он баланың бірі – әңгімемізге арқау болып отырған Бабай батыр. Нұрбай Сунақ (Хисамиддин) елінің ішіндегі Қайғақтық руынан тараған. Ол жастайынан еңбекпен сүйегі қатайған, алып денелі болатын. Ұлдарын адал еңбекпен мал табуға, өтірік айтпауға, елі мен жерін сүюге тәрбиелеген. Ұлдары әкесінен күрестің әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп, ержүрек, батыр тұлғалы болып өсті. Қала ұлығы Мошан «Нұрбайдың он баласы ержетсе, түбінде менің билігіме бір қауіп төнері анық» деген арам ойдан арыла алмайтын. Сөйтіп, ол Нұрбайдың медреседе оқитын ұлдары Оразбай мен Байсалды қастандықпен өлтіртеді. Ағаларының қазасына қайғырған Бабай бес жүзден астам әскері бар Мошаннан кек алу үшін Бұхара хандығына жалғыз барып, алдына жүгініп, әскер сұрайды.

Хан «менің шартымды орындасаң, сұраған бес жүз қол әскерді беремін» деп Бабайды палуандар сайысына салады. Бұхараның ең мықты палуанын жеңсе де, хан уәдесінен тайқып, Бабайды алып күш иесі пілге қарсы күреске шақырады. Сонда жас Бабай пілдің тұмсығынан бұрап құлатып, жеңіске жетеді. Жігіттің жойқын күшіне тәнті болған хан бес жүз әскерге қарақалпақтың батыры Аманбайды қоса берген екен. Осы сапарында ол Бұхарада екі жылдай уақыт жүрген әрі медреседе дәріс алған.

Қайтар жолында Жылғада тұратын әкесі Нұрбайдың қадірменді ескі досы Бөрі батырдың үйіне ат басын бұрып, алдағы жоспары жайлы ақылдасады. Содан Бабай бастаған қол Мошанның Иқан қақпада жасақтаулы тұрған әскерінің шебін тас-талқан етіп қиратып, қалаға басып кіреді. Бабай қала ұлығының басын шауып алып, ағаларының кегін қайтарған және қаланы Қоқан билеушілерінен азат еткен.

1837-1847 жылдар аралығында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы елін азат ету үшін Ресей империясымен күрескені тарихтан белгілі. Осы тұста қазақ елінің барлық өңірінен батырлар қол бастап келіп, Кенесары әскеріне қолдау көрсетті. Солардың қатарында Бабай батыр да болды. Кенесары бастаған көтеріліс 1837-1840 жылдары Сарыарқаны түгел шарпыды. 1837 жылдың 26 мамырында Ақмола қамалына жасаған шабуылды Кенесары өзі басқарады. Ақмола ол кезде Ресей империясының әскери гарнизоны орналасқан күшті бекінісі болатын. Бабай батыр Кенесарымен бірге Ақмола бекінісін, Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын қайтарып алу үшін болған соғыстарда ерлігімен көзге түсіп жүрген.

Ал, енді, қазақтың хас батыры, ақын Махамбет Өтемісұлы, Жәңгірдің соқыр саясатынан халықты құтқарудың жолын іздеп, Хиуа хандығынан әскер сұрай барғанда, бұл сапары сәтсіз аяқталған. Сонан соң Махамбет елге оралып, Әлім, Шөмен, Адай елдері ішінен жігіт жинап, «дұшпанға қарсы келгенде, дініне берік» ер азаматтарды маңайына топтастыра бастайды.

1839 жылы сол елдерде жүргенде Махамбет өз қолымен мынадай хат жазады «Ардақты батырларымыз: Бабайға, Надырқұлға, Сәлиге, Жармұхамбетке және Жамантайға – барлығыңа сәлем. Өздерің сықылды достардың дұғасымен, Аллаға шүкір, есенмін. Мен Хиуадан аман-есен қайттым. Сіздерді сағындым, осынша-ақ көргім келеді, бірақ, бару қиыншылыққа түсіп тұр. Әскер шығардың алдында Хиуа ханына жолығып шығам. Әрілегенде, әскер осы алдымыздағы жазда шығады. Егер жағдай көтерсе, қалайда Сәлиді жіберіңдер. Ол жаққа барардың алдында мен сіздердің қандай халде екендіктеріңді білуім керек қой...».

Демек, Бабай батырдың Кенесары ханмен де, Махамбетпен де үзеңгілес болып, халық азаттығы үшін болған күрестерде қатар жүріп соғысқанын осы тарихи деректерден аңғарамыз. Кенесары әскеріне қажетті қару-жарақты, зеңбіректі және оқ-дәріні Бабай батыр Бұхар хандығынан алып, жеткізіп тұрған.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Жеріңнің аты, еліңнің хаты» атты энциклопедиялық анықтамалықта «Бабайқорған – ауыл. Түркістан қалалық әкімшілігіне қарайды. Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Кісі есімімен қойылған атау» деп жазылған. Еліміз егемендік алғанға дейінгі кеңес үкіметі дәуірінде бұл ауыл В.Куйбышев атындағы кеңшар деп аталып келген. Қазір бұл ауылға ғана емес, Қазақстанның көптеген елді мекендеріне ата-бабамыздан келе жатқан тарихи атаулары қайтарылып жатыр.

1999 жылы Бабай батырдың ұрпақтары бабасының басына кесене тұрғызып, Құран бағыштап, ас берді. Ұлы батырдың сүйегі осы ауылдың солтүстік бағытымен ағып өтетін Қарабұлақ өзенінің жағасындағы «Қарасүңгір» қорымына жерленген. Ұлығын ұлықтаған ұрпағы ауылға көрнекті мешіт салып, оның ашылу салтанатына сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбдісаттар Дербісәлі қатысып, ризашылығын білдіргені әлі күнге ел есінде.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген еді Елбасы. Иә, Бабай – хан Кененің тұсында онымен үзеңгілес жүріп, қазақ халқының азаттығы үшін күрескен ірі тұлға, батыр. Ендеше, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасын қолдай отырып, сонда айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Бабай батыр кесенесін енгізу қажеттігін айтқымыз келеді. Бұл іс оң шешімін тапса, келер ұрпаққа өткен тарихын білу, оны дәріптеп-қастерлеу барысында үлгі-тәрбие болары сөзсіз.

Әбдіқадыр ДҮЛДҮЛ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ