Тасбақа төбе

Қазан 20 / 2018

 

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» үлкен жолымен Түркістанға қарай бет алғанда Ордабасы ауданына қарасты Көкарал ауылының сол жақ тұсында мазарат кездеседі. Мазараттан сәл әрірек інім Жарқынбектің түйе фермасы орналасқан.

 

Көктемде інімнің шаруашылығымен танысуға барғанымда қораның маңынан кәдуілгі қой-ешкілер секілді емін-еркін жайылып жүрген бірнеше тасбақаны көріп қайран қалдым. Содан олардың әрекеттерін бақылауға кірістім. Сөйтсем олар асықпай жылжып, сол маңдағы аласа өскен шөптердің гүлдерін қырқып жеп қоректенеді екен. Тасбақалардың тым көптігіне таңданып отырғанымды байқаған әкем:

– Қызым, ана төбенің «Тасбақа төбе» аталатынын білесің бе? – деп сұрады.

Білмейтінімді аңғарған әкем Төребек бір құпияның сырын тарқатты:

 – Мына ауылда әкеммен құрдас Байдалы деген құдамыз болған. Жарықтық жүз жастан асып барып өмірден озды. Өзі көп ағайынды болғанымен, біразы ертеректе қайтыс боп кетіпті. Байдалы ата 1921-1922 жылдардағы ашаршылық нәубетін басынан өткерген. Қаншама адамның, әйелдердің етегіне оралған жас балалар мен сәбилердің аштықтан ішектері құрсағына жабысып қайтыс болғанын көзімен көрген. Сол кісі осы «Тасбақа төбе» тұрғындарының ашаршылықтан аман қалуының себебін ерекше толғаныспен көңілі босап отырып айтушы еді. Аштықтан бұратылып, әлі құрыған жұрт тасбақа аулау үшін осы төбеге қарай ақырындап жылжиды екен. Алыстан адам қарасы көрінгеннен тасбақалар тарбаңдап, түрлі дыбыстар шығарып, төбеге қарай жанұшыра қашатын көрінеді. Әлсіреп, күш-қуаты қалмаған кейбір адамдар тасбақаны қуып жете алмайды да екен. Ал, қуып жеткендері оны қайнатып, сорпасын ішіп, сүйегін талғажу етіпті. «Тасбақа жеп тірі қалдым» деп зобалаң заманды есіне алып, осы күнге жеткеніне шүкіршілік етіп отыратын, – деді әкем.

Тоқсаннан асса да аттан түспеген Байдалы қарияны бала кезімде талай көргенім есіме түсті. Елеусіз ғана төбенің осыншалықты құпияны бойына бүгіп жатқанына таң қалып, солай қарай беттедік. «Тасбақа төбенің» маңайында төмпешікке айналған бірнеше бейіт бар екен. Бейіттер зұлмат жылдары аш өзегіне түсіп, тасбақаға жете алмай қайтыс болғандарды жантәсілім еткен жерінде топырақпен бүркей салғандай әсер қалдырды. Жергілікті әкімдік тарихи төбедегі бейіттерді аяқасты етпей, жан-жағын қоршап, қорғауға алуы керек-ау деген ой түйдік. Төмпешіктер «Біз де сіздей болғанбыз...» деп тұрғандай сезініп, әруақты қорламайық деп, айналып өтуге тырыстық.

Иә, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық нәубетінде миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. Сол кезде Тарғын-Бөкей губерниясы кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Х.Д. Чурин өз естелігінде: «1921-1922 жылдардың қысында уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өліктерін жинайтынбыз» деп жазды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсетті. Иә, рухани жаңғыруға бағытталған жұмыстардың бір парасы – «Туған жер» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы қолға алынды. Бүгінгі таңда мектептерге енгізіліп жатқан өлкетану пәніне «Тасбақа төбе» секілді тарихы бар мекендерді қосып оқыту ұлттық патриотизмнің негізін қалайтыны анық.

Жаңагүл КУЖИМОВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының Түркістан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ