«Қазақ пен финнің тарихы да, тағдыры да ұқсас»

Қазан 18 / 2018

 

ҚазАқпарат. Бұл туралы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

 

«Біздің елдеріміздің тарихы да, тағдырлары да ұқсас. Қазақстан мен Финляндия біртұтас империяның құрамында болды, біз көбірек, сіздер азырақ және біздің бабаларымыз көптеген жантүршігерлік уақытты бастан кешірді. Мүмкін дәл содан толеранттылық алған шығармыз. Әлемде бізді құрметтейді. Бірде-бір көршімізбен жанжалымыз жоқ. Бізде жанжалдасушы тараптардың кездесулері өтеді, Финляндияда да. Ең жарқын мысал, дәл осы жерде таяуда ғана Путин мен Трамп кездесті. Бізде Сирия тақырыбындағы келіссөздердің 9 кезеңі өтті» деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Еуропалық одақпен ынтымақтастықты тереңдету туралы шартқа қол қойғанын және осы ретте Финляндия тарапының ең бірінші болып қолдағандығын атап өтті.

«Аталған құжатты барлық мемлекеттер ратификациялауы үшін бізге қолдау көрсетесіздер деп үміттенеміз. Біз гуманитарлық білім саласындағы байланыстарымызға да назар аударамыз. Қазақстандық студенттер Финляндия университеттерінде білім алуда. Кеше студенттердің бір тобымен кездестім. Бұл да біздің Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесімізбен ынтымақтастығымыздың бөлігі» деді ҚР Президенті.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.

Кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Финляндия бизнесмендері 600 млн. АҚШ долларының келісімшартын жасасқанын атап өтті.

Сапар аясында Мемлекет басшысы фин бизнес капитандарымен жүздесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа теміржол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздің агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ