Экономика 0 пікір 2288 лайк

Жетісайдың жүзімі-ай!..

Қазан 18 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістандық диқандар күннің суығанына қарамастан күзгі жиын-терімді жалғастырып жатыр. Әсіресе, жетісайлық шаруалардың жұмысы қызған шақ. Мақта терімшілерден бөлек, жүзім еккен диқандар да дәл қазір алқапта жүр.

 

Жетісай ауданы Абай ауылындағы ірі шаруа қожалық саналатын «Махарам» шаруа қожалығында

42 гектар жерге жүзім егілсе, соның 26 гектары өнім беріпті. Ал, қалған 16 гектардағы егілген жүзім көшеті алдағы екі жылда жеміс бермек.

Айта кетейік, жалпы, жүзім шаруашылығы 50 жылға жуық өнім береді. Қожалық иесі Махарам Нифталиевтің айтуынша, жүзім бақтарына кеткен шығын 5-6 жылда толығымен өтеледі.

Дәл қазіргі таңда диқан жүзімдіктің әр гектарынан 25 центнерге дейін өнім алған. Жалпы, жүзімнің 4000-ға жуық түрі бар десек, негізінен мұнда алысқа шыдамды «Тайфы» сорты егіліпті. Жүзімнің бұл сорты қазіргі таңда Ресейге жөнелтілуде. Оның бір келісі 120 теңгеден саудалануда.

Маусымдық жұмысқа тартылған отыз шақты ауыл тұрғыны алқапқа арнайы көлікпен әкелінеді, түскі аспен де қамтылған. Екі қолға бір күрек тапқан ауыл тұрғындары да дән риза.

Аудан әкімдігі мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде Абай ауыл округіндегі жүзімдік алқаптың көлемі 280 гектарға жеткен. Аудан бойынша мұндай көлемді алқап ешбір округте жоқ. Абайдағы жүзім жинау науқаны да таяу күндері аяқталып, диқандар ала жаздай еткен еңбегінің жемісін көретін күндер де таяп қалды.

Жалпы, соңғы 3 жылда Түркістан облысы бойынша жеміс-жидек пен жүзімнің егіс көлемі 1,8 мың гектарға артып, 30 мың гектарға жеткен. Оның ішінде жеміс – 19,5 мың гектар, жүзім 10,5 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылы 85 мың тонна жеміс-жидек және 70 мың тонна жүзім жинау жоспарланып отыр. Бұл – республикада өндірілген жүзімнің 72,5 пайызы Түркістан облысының еншісінде деген сөз.

Суреттерді түсірген Қуаныш Әуелбеков.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ