Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2287 лайк

Тауға 57 сантиметрге дейін қар жауды

Қазан 18 / 2018

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан».

Сейсенбі күні ауа райы құбылып, бұрқасынды желдің соңы жаңбырға ұласып, Түркістан облысының бірқатар аудандарында қар жауды. Көнекөз қариялар «қазанда қар жауа қоймаушы еді ғой…» деп жатты. Негізсіз емес екен. Синоптиктерде осыны айтады.

 

– Негізі қазан айының басында, алғашқы жартысында қардың жаууы сирек құбылыс. Әдетте қарды қазанның аяғы, қарашаның басында күтетініміз бар. Биыл күннің күрт суығаны елді біраз әбіржітіп жатқаны рас. Жалпы, бұл суықтың бейсенбіден бастап беті қайта бастайды. Қазанның 18-і күні күндіз +12, түнде -2 градус болса, жиырмасынан әрі қарай күн жылынады, – дейді «Қазгидромед» мемлекеттік мекемесі Түркістан облысы бойынша филиалының метеоболжау және байланыс бөлімінің бастығы Әсия Қыдырбаева.

Маманның айтуынша, кешегі күндері жауған қардың қалыңдығы облыстың таулы аймақтарында 8 сантиметрден 57 сантиметрге дейін жеткен.

– «Шуылдақ» метеостансасының бақылау, тексеру қорытындысы бойынша қардың ең қалың түскен нүктесі Төлеби ауданында орын алып отыр. «Шуылдақ» стансасында 57 сантиметр қар жауған. Ал, Тас­арық ауылында қардың қалыңдығы – 20, Рысқұлов ауылында 8 сантиметр болды, – дейді Ә. Қыдырбаева.

Қалай десек те, қылышын сүйретіп кәрі құда – қыстың келе жатқаны анық. Жаз шанамызды сайлауға ерінгендер болса, алдағы аптадағы сәл де болса күннің райы ашылып, жылымық болатын уақытты пайдаланып, отын-су қорын жасақтап алуға мүмкіндік бар. Себебі, мамандардың айтуынша, өңіріміздің солтүстік аудандары мен таулы аймақтарында 25-інен кейін тағы да жауын-шашынды күндер басталуы мүмкін.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ