Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Өзара түсіністікті нығайту күні

Қазан 18 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында форум өтті. Түркістан облыстық және Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырған іс-шара мемлекетіміздің басты стратегиялық бағыттары – рухани келісімді, татулықты, ел бірлігін сақтаудың маңыздылығын насихаттауды көздейді.

 

1992 жылдың қазан айында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі ұйымдастырылған болатын. Осы алқалы жиында 18 қазанды қоғамымыздағы өзара түсіністікті нығайту күні ретінде белгілеп, оны дәстүрлі түрде мереке ретінде атап өту ұсынылған болатын. Аталған ұсыныс қабыл алынып, қазіргі таңда бұл күн барша қазақстандықтардың мерейлі мерекесіне айналып отыр. Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 20 этномәдени бірлестік пен 11 конфессияға кіретін 60 діни бірлестік өкілдері тату-тәтті, ынтымақта ғұмыр кешіп келеді.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшісі Әбілқасым Досболов, Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев, орыс православиелік шіркеуінің қызметкері Александр Могилевский әкей рухани келісім күнінің маңызы, мазмұны және қажеттілігін көпшілікке түсіндірді.

– Осыдан 125 жыл бұрын АҚШ-та дүние жүзінде болып жатқан дінаралық, этносаралық қақтығыстардың алдын алу мәселесі бойынша үлкен жиын өткен болатын. Ал, 1992 жылы Қазақстанда Елбасының бастамасымен 18 қазан – Рухани келісім күні болып бекітілді. Қазіргі таңда біздің елімізде әр үш жыл сайын дүние жүзіндегі дін көшбасшыларының съезі өтуде. Жақында ғана ол Астана қаласында өтті. Мұндай басқосуда дүние жүзінде болып жатқан қақтығыстардың алдын алудың алғышарттары бойынша келісімдер жасалады. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – жастарға ынтымақ пен бірліктің арқасында әлеуметтік-экономикалық жағдайларымыздың жақсаратынын түсіндіру, – деді М.Қалмұратов.

Форум соңында М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ