Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Жаңғыру жалғасы – жарқын болашақтың кепілі

Қазан 18 / 2018

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы бұл жолы да халқының нағыз жанашыры, тілеулесі, қамқоршысы екенін паш етті. Жолдаудың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» аталуының өзінен елін сүйген Елбасының елжіремелі ет-жүрегінің лүпілін тап басып таныдық. Қалың халыққа қамқорлық деген осындай-ақ болар. Жолдауда тұрмыс сапасын арттырудың барлық жолы барынша ашық та айқын айтылып, көрсетілді. 2050 жылға дейінгі Стратегияның, Ұлт Жоспарының, елдің Үшінші жаңғыруының жалғасы ретінде бұл құжат та жарқын болашақтағы жасыл жолымызды айқындап берді, сондай-ақ, алдымызға үлкен міндеттер қойды.

 

Елбасының ел санасын сілкіндіру мақсатында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы халықтың үлкен қолдауына ие болды. Бағдарлама жарияланғалы бері елімізде қаншама игі жұмыстар атқарылды. Елбасы тапсырмасымен жаңа жүз есім анықталды. Бұл бастама жалғасын табуда. Қазір оның екінші кезеңі жүріп жатыр. «Туған жерге туыңды тік» бастамасымен туған жерін, туған ауылын сүйетін арда азаматтар қаншама сауапты істер жасады. Жастар туған жердің тарихымен жан-жақты танысты. Киелі жерлерді танып-білу, олардың рухани жаңғыруына жол ашты. Ұлт рухы оянды. Ұлы бастамалар өмірге келді. Оның барлығын санап тауыса алмаймыз.

Бағдарламалық мақала жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. «Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» деп атап көрсетті Елбасы. Демек, бұл бағытта қоғамымызда атқарылар жұмыстар әлі де шаш-етектен. Бұлай болуының өзі заңдылық. Өйткені, қай ұлт болсын өзінің рухани түп тамырынан нәр алмай, көктеп, гүлденуі мүмкін емес. Ата-бабаларымыздың ежелден ұстанған салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрыптары, ырым-тыйымдары, мақал-мәтелдері тұнып тұрған тәрбие көзі. Тіпті, бесік жырының өзінде халықтың ежелден келе жатқан аңсар-арманы, мақсат-мүддесі көрініс береді. Осылардың барлығы түптеп келгенде тәрбие тетігі. Біз бұл тетіктен қол үзіп қалмауымыз керек. Ұрпақ бойына ізгілік нұрын құю жолында Мемлекет басшысының нұсқаған сара жолы негізгі ұстын болып қала бермек.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына да екі жылға жуық уақыт өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен рухани жаңғыруды жүзеге асыру мақсатында жобалық кеңселер құрылып, олар жемісті жұмыстар атқарып келеді. Ендігі жерде ұлттық жаңғыру жобалық кеңселерінің өз шаңырағын көтеруі бүгінгі күннің ең маңызды шаруаларының бірі деп санаймын. Ол реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылуына тиісінше бақылау, талдау жүргізіп, баға беріп отыра алар еді. Осы тұрғыда жаңа кеңселерге тарихшылар, саясаткерлер, ғалымдар көптеп тартылса нұр үстіне нұр.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл» атты жаңа жобаларды жүзеге асыру ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасының жаңғыруына септігін тигізетінін тап басып, танып отыр. Осы бағалы бастамаларды іске асыруда тағы да «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің мүшелеріне салиқалы салмақ салынады. Ендеше, олардың жұмыс ауқымын тиянақтай түсу керектігі де күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ